Тарих – өткеннің ізі ғана емес, бүгінгі ұрпаққа бағыт беретін өмірлік сабақ. Әрбір жәдігерде заманның ізі, әрбір тарихи тұлғаның тағдырында елге үлгі болар өнеге бар. Сол мұраны танып, кейінгі буынға жеткізу мақсатында Арал ауданындағы Руханият орталығында «Тарихын таныған ұрпақ болашағын бағамдайды!» ұранымен «Тарихтан тағылым» азаматтық-патриоттық форумы өтті. Бұл туралы Арал ауданы білім бөлімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының облыстық жоспары аясында Арал аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен форумға Арал ауданының прокуроры Дарын Әбіш, Қызылорда облыстық тәрбие, спорт және қосымша білім беру ұйымдары орталығының директоры Фархад Досаев, Арал ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарова, мектеп директорлары мен директорлардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, тарих пәнінің мұғалімдері, ата-аналар және әкелер кеңестерінің төрағалары қатысты.

Форум барысында қатысушылар «Тарихи жәдігерлер» және «Болашақ бүгіннен басталады» көрмелерін тамашалап, аудандық тарихи-өлкетану музейіне саяхат жасады. Туған өлкенің шежіресіне үңіліп, тарихтан сыр шерткен құнды дүниелермен танысты.
Кездесу аясында ұлттық қолөнер мен дәстүрлі тағамдарға арналған шеберлік сабақтары, «Зерделі ұлт» жобасы бойынша «Тарихты сөйлеткен кітаптар» ашық алаңы және ата-аналармен кездесулер ұйымдастырылды. Сондай-ақ Сартай батырдың 315 жылдығына арналған тағылымды кеш, «Ұшқыр ой» дебат клубы мен ұрпақтар сабақтастығына арналған дөңгелек үстел өтті.
Жиынның әсерлі сәттерінің бірі «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романы негізінде әзірленген әдеби-музыкалық композиция болды. Көркем туынды арқылы туған жердің тағдыры мен адамдық парыз жайы қозғалып, көрерменге ой салды.

Тарихты тану үшін кейде бір кітапты оқу, бір жәдігерге үңілу немесе үлкендердің әңгімесін тыңдау жеткілікті. Өйткені өткеннің өнегесі алыста қалған күндердің еншісінде емес. Ол бүгінгі болмысымыздан, салт-дәстүрімізден, туған жерге деген ықыласымыздан көрінеді.
Тамырын таныған ұрпақтың бағыты айқын, болашағы баянды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!