Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Республика күнінің маңызын білесіз бе?

22.10.2026, 8:20 54

Кейбір тарихи даталардың мәні жылдар өткен сайын тереңдей түседі. Кезінде саяси-құқықтық құжат ретінде қабылданған шешімнің кейін ұлттық мерекеге айналуы да – соның бір дәлелі. Бүгінде Қазақстан үшін 25 қазан – егемендікке бастар жолдың бастауын танытатын, тарихтың тағылымын жаңғыртатын ерекше күн.

1990 жылғы 25 қазан – Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болуына құқықтық негіз қалаған, елдік мұраттың жаңа кезеңін айқындаған күн.  Тәуелсіздік тарихын 1991 жылдың 16 желтоқсанынан ғана бастау – азаттыққа апарған күрделі жолдың бір кезеңін назардан тыс қалдырумен тең. Өйткені мемлекеттің дербес болуға деген ұмтылысы заңдық құжат қабылданған сәтте аяқ астынан пайда болған жоқ. Оның арғы жағында ғасырларға созылған азаттық аңсары, ұлттық сананың жаңғыруы, ел тағдырын өз қолына алуға деген талпыныс жатты. Ал осы тарихи ұмтылыстың саяси-құқықтық сипат алған маңызды белестерінің бірі – 1990 жылғы 25 қазан.

1990 жыл. Кеңес Одағының саяси жүйесі әлсіреп, одақтас республикалар өз болашағына қатысты шешімдер қабылдай бастаған кезең. Қоғамда жаңару үдерісі жүріп, ұлттық сана күшейді. Бұрын орталыққа тәуелді болған республикалардың мемлекеттік дербестікке ұмтылысы жаңа сипат алды. Осындай тарихи жағдайда Қазақстанның да саяси-құқықтық мәртебесін айқындау қажеттігі туындады.

Дәл осы күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесі «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны» қабылдады. Кеңес Одағы әлі тарамаған, республикалардың болашағы бұлыңғыр тартқан алмағайып кезеңде қабылданған құжат Қазақстанның мемлекеттік дербестікке қарай бағыт алғанын аңғартты. Ал, бұл шешім ұлттық тарихтың жаңа тарауын ашуда айрықша маңызға ие болды.

Декларация Қазақстанның өз аумағына иелік етуі, ішкі мәселелерін дербес шешуі, ұлттық мүддесін қорғауы секілді мемлекеттіліктің негізгі қағидаттарын жариялады. Ел аумағының тұтастығы мен оған қол сұғылмауы, азаматтық, мемлекеттік биліктің дербестігі, экономикалық және мәдени дамудың ұлттық мүддеге сай өрбуі құжаттың өзекті ұстанымдарына айналды. Сонымен қатар, онда қазақ халқының ұлттық қайта түлеуіне, мәдениеті мен тілін дамытуға қатысты мәселелер  де  көрініс  тапты.

1990 жылдың күзіндегі тарихи шешім мен 1991 жылғы тәуелсіздік жари­ялауы – бір-бірімен сабақтас оқиғалар. Дегенмен, олардың құқықтық мазмұны мен тарихи орны бөлек. Егемендік туралы декларация Қазақстанның дербес мемлекет болуға негізделген ұстаным­дарын айқындаса, 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Респуб­ликасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң елдің тәуелсіздігін заң жүзінде бекітті. Осы екі тарихи датаның арақатынасы мемлекеттіліктің қалай қалыптасатынын түсінуге мүмкіндік береді. Егемендік елдің өз тағдырын өзі айқындауға деген құқығын орнықтыру болса, тәуелсіздік – сол құқықтың толыққанды мемлекеттік мәртебеге айналуы. Сондықтан 25 қазан мен 16 желтоқсанды бір-біріне қарсы қоюға да, бірінің маңызын екіншісімен өлшеуге де болмайды. Екеуі – бір  тарихи  үдерістің  өзара  жалғасқан  белестері.

Тарихтың осы тұсында Қазақстан күрделі саяси өзгерістерді бастан өткерді. Кеңестік жүйенің іргесі сөгіліп, бұрынғы одақтас респуб­ликалар өз болашағын таразылай бастаған еді. Мұндай жағдайда мемлекет­тік егемендік туралы декларация қабылдау елдің саяси бағытын айқын­дауға мүмкіндік берді. Кейін тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуға қажетті құқықтық негіздердің орнығуына жол ашылды. Декларацияда көрініс тапқан аумақтық тұтастық, ұлттық мүдде мен дербес даму ұстанымдары кейінгі мемлекеттік құрылыс кезеңінде де өзектілігін жоғалт­қан жоқ. Олар елдің Конституциясында және мемлекеттік саясаттың негізгі  қағидаттарында  жалғасын  тапты.

Республика күнінің тарихы да бірізді болған жоқ. Республика күні еліміздің  мерекелік  күнтізбесінде бірқатар өзгерісті  бастан  өткерді. 1995 жылы 18 қазанда Республика күні ұлттық мереке болып жария­лан­ды.  Кейін  2001  жылы  мемлекеттік  мерекелер  қатарына  ауыс­тырылып, 2009  жылы  оны  мерекелеу  тоқтатылды.  Араға  он  үш  жыл  салып,  2022 жылы тарихи датаға ұлттық мереке мәртебесі қайта берілді. 2022 жылғы 16 маусымда Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнінің мәртебе­сін қалпына келтіруді ұсынды. Сол жылдың қыркүйегінде тиісті заңнамалық өзгерістер қабылданып, 25 қазан ұлттық мереке ретінде қайта бекітілді. Ал 16 желтоқсан Тәуелсіздік күні мәртебесін сақтап қалды.

Мерекенің мәні – сол күннің ел жадында қандай ой қалдыратынында. Республика күні бізді бүгінгі мемлекеттіліктің қадірін түсінуге жетелей­ді. Егемен ел болу – өз шекараңды айқындап, мемлекеттік рәміздеріңді бекітумен тамамдалатын үдеріс емес. Оның жалғасы – ұлттық тілді, мәдениетті, тарихи жадты сақтау, қоғамның бірлігін нығайту, елдің болашағына ортақ жауапкершілікпен қарау. Тәуелсіздіктің баянды болуы да осы құндылықтардың қаншалықты қорғалып, келер ұрпаққа  қаншалықты  дұрыс  жеткізілетініне  байланысты.

1990 жылғы 25 қазанның тарихи салмағы осында. Қазақстанның өз болашағын дербес айқындауға бет бұрғанын білдіретін белес. Ал сол белестің мәнін тану – ел тарихын құрметтеудің, егемендіктің қадіріне жетудің бір жолы. Өйткені мемлекет тарихы қабылданған құжаттармен ғана жазылмайды. Ол – сол құжаттарға негіз болған халықтың арманы, ұстанымы  мен  келешекке  артқан  үмітінің  шежіресі.

Дайындаған П.ЗАХРАДИН

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: