Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Франция көшелеріндегі бүлік: әлеуметтік ашу мен саяси дағдарыстың астары

22.10.2026, 7:40 64

Бейбіт наразылық пен жаппай тәртіпсіздіктің арасы кейде бір-ақ қадам. Әлеуметтік әділетсіздікке қарсы көшеге шыққан халықтың талабын радикал топтар өз мүддесіне пайдаланып, елді дүрбелеңге салуы мүмкін. Францияда өрбіген соңғы оқиғалар осы мәселені қайта күн тәртібіне шығарды. Қымбатшылық пен мемлекеттік қызметтердің сапасына көңілі толмаған азаматтардың наразылығы аясында дүкендер тоналып, қоғамдық ғимараттар бүлініп, полициямен қақтығыстар болды. Мүмкін таныс жағдай да шығар. Ендігі сауал – халықты көшеге шығарған себептер қандай, наразылықты кімдер өз мүддесіне пайдаланады және мұндай жағдайда мемлекет қоғамдық тәртіп пен азаматтардың құқығын қалай қатар қорғай алады? Франциядағы ахуалға Қазақстанның Қаңтар оқиғасы тұрғысынан үңілу де осы сұрақтарға жауап іздеуге  мүмкіндік  береді.

Франциядағы толқудың себебін тек көше­дегі қақтығыстардан іздеу жеткіліксіз. Нара­зылықтың алғашқы ұшқыны білім беру сала­сындағы түйткілдерден тұтанды. Мұғалім тапшылығы, мектептердің материалдық жағ­дайы және мемлекеттік қызметтердің сапасына көңіл толмауы оқушылар мен ұстаздарды алаңға шығарды. Кейін бұл талаптар қымбатшылыққа, жанармай бағасына, әлеуметтік теңсіздікке және мемлекеттік шығындарды қысқарту саясатына қарсы кеңірек қозғалысқа ұласты. Яғни көшедегі ашудың астарында бір күнде пайда болмаған әлеуметтік  мәселелер  жатыр.

2026 жылғы 17 қазанда Францияның Ішкі істер  министрлігі ел аумағында 110 шеру өтіп, оған шамамен 550 мың адам қатыс­қанын хабар­лады. Наразылықты ұйымдастыру­шы­лар қатысушылар санын 800 мыңға жуық деп ба­ғалады. Екі тараптың есебін бір-бірінен ажыра­та көрсеткен жөн: алғашқысы – мемлекеттік органның, екіншісі – шеруді ұйым­дастырушылардың бағасы. Сол күні ми­нистр­лік шамамен 400 адамның ұсталғанын мәлімдеді. Кейінгі күндері тәртіпсіздік жал­ғасып, 19 қазандағы Associated Press хабарында ұсталғандар саны 2 400-ге жеткені айтылды. Бұл көрсеткіштер әр кезеңдегі жағдайды сипат­тайды, сондықтан оларды бір күннің қорытындысы  ретінде  араластыруға   болмайды.

Мәселенің  күрделілігі – әлеуметтік  талаптардың әркелкілігінде. Бірі  мектептегі жағдайдың  жақсаруын  күтсе, екіншісі жалақы мен зейнетақының өскенін қалайды. Тағы бір бөлігі күнделікті шығынның көбеюіне және мемлекеттік қызметтердің әлсіреуіне наразы. Мұндай талаптардың бәрін бір ғана себепке тіреп қою мүмкін емес. Бірақ олардың түйіскен тұсы бар: азаматтардың бір бөлігі өздерінің тұрмыс сапасы мен болашақ мүмкіндіктері нашарлап бара  жатқанына  сенеді.

Франция президенті Эмманюэль Мак­рон да оқушылардың талаптарында негіз бар екенін мойындағанымен, наразылықты сая­си күштер өз мүддесіне пайдаланып кетуі мүмкін екенін ескерткен. Бұл туралы Франция үкіметінің өкілі Мауд Брежон 14 қазандағы брифингте хабар­лаған. Алайда талаптың негіз­ді  болуы  шеру­дің кез келген тәсілін ақтамайды. Керісінше, әлеуметтік мәселелерді шешу мен қоғамдық  тәртіпті  сақтау  қатар  жүруге  тиіс.

Наразылықтың зорлық-зомбылыққа ұласуы осы тұста бөлек қарастырылуы керек. 17 қазанда Парижде, Лионда, Марсельде және өзге қалаларда полициямен қақтығыстар болып, кәсіпорындар мен қоғамдық ғимараттар бүлінді. Лимож қаласындағы тарихи әкімдік ғимаратында өрт шығып, ғимарат қатты зақымданды. Францияның білім министрі Эдуар Жеффре шерулер кезінде болған зорлық-зомбылық бейбіт шерушілердің өз талаптарын жеткізу мүмкіндігін тартып алғанын мәлімдеді. Бұл – мәселенің мәнін ашатын пікір: қоғамдық тәр­тіпті бұзғандар өз әрекетімен мемлекеттен тыс, наразылық  білдіруге заңды құқығы бар азаматтарға  да  зиян  келтіреді.

Демек, Франциядағы жағдайды екі бөлек өлшеммен бағалау қажет. Біріншісі – халықты көшеге шығарған әлеуметтік-экономикалық себептер және биліктің оларға беретін жауа­бы. Екіншісі – тонау, өртеу мен күш қол­дануға барған адамдардың жеке жауапкершілігі. Біріншісін елемеу дағдарысты тереңдетуі мүмкін, екіншісін ақтау қоғамның қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Наразылықтың шынайы себеп­терін түсіну үшін де, тәртіпсіздікке баға беру үшін де осы екі мәселенің аражігін ажырату  қажет.

Франциядағы   оқиға  халықаралық  баспа­сөз назарын аударды. Reuters, Associated Press және AFP агенттіктері жағдайды тек әлеумет­тік наразы­лық деп бағаламады, қоғамдық қауіп­сіздік пен мемлекеттік басқаруға сын-­қатер  ретінде  сипаттады. Алайда, жарияланым­дар­дағы  ортақ  тұжырым – көшеге шыққан жүздеген  мың  адамның бәрі тәртіпсіздікке қатысқан жоқ. Бейбіт шерушілер мен тонау, өртеу әрекеттеріне барған топтарды  ажырату қажеттігі  бірнеше   материалда   ерекше   аталды.

Reuters агенттігінің 18 қазандағы хабарында елдің әр аймағында дүкендер тоналып, қоғамдық ғимараттар бүлінгені, полициямен қақтығыстар жалғасқаны жазылды. Франция­ның Ішкі істер министрі Лоран Нуньестің мәліметінше, 2 400 адам ұсталып, мыңға жуық полиция қызметкері мен жандарм жарақат алған. Парижде шерулер кезінде бір адамның жүрек талмасынан қайтыс болғаны хабарланды. Бұл өлімнің мән-жайын анықтау үшін тергеу басталған. Сондықтан оны тікелей қақтығыстан  қаза тапқан адам ретінде көр­сетуге  әзірге  негіз  жоқ.

Материалдық шығынның ауқымы да алаңдатарлық. Reuters мәліметінше, ел бойын­ша бірнеше жүз дүкен бүлінген. Францияның Carrefour  сауда  желісінің  бас директоры Александр Бомпар BFMTV телеарнасына ком­панияның 50 дүкеніне зақым келгенін, оның 20-сы  тоналғанын  айтқан. Оның сөзінше, компанияға келген залал ондаған мил­лион еуро­ға жетуі мүмкін. Бірақ бұл бір сауда желісінің шығыны ғана. Қоғамдық ғимараттар, көлік құралдары, шағын кәсіпорындар  мен  басқа  да нысандарды  есептегендегі  жалпы  шығынның түпкілікті  сомасы  әзірге  жария­ланған  жоқ.

Оқиғаның зардабы тек қираған дүкендер мен өртенген ғимараттармен тоқталмаған. Қоғамдық көлік пен қалалық инфрақұрылымның жұмысы бұзылып, кәсіпкерлердің күнделікті табысына нұқсан келді. Париждегі кейбір көшеде өртенген көліктер мен қоқыс жәшіктерінің қалдықтары қалған. Лимож қала­сында тарихи әкімдік ғимараты өрттен қатты зақымданып, оның сағат мұнарасы құлаған. Қала мэрі Гийом Герен ғимаратты қалпына келтіруге қажетті қаражат бөлін­бесе, қызметінен кетуі мүмкін екенін мәлімдеді. Францияның Экономика министрі Ролан Лескюр зардап шеккен кәсіпкерлерге қолдау көрсетілетінін айтып, мүлікті бүлдіргендер келтірілген шығын үшін жауап беруге тиіс екенін  ескертті.

Сарапшылар жағдайдың бұлайша ушығуын айыптайды. Олардың сөзінше, митинг ашық түрде өтуі керек болғанымен, артынша баскесерлер дүрбелеңді өз мүдделері үшін пайда­ла­нып  кетіп  отыр.

– Бір жағынан – бұлар әлеуметтік шерулер­де жиі кездесетін ұйым өкілдері. Бірақ осы жолы тәртіпсіздікке қатысушылардың басым көп­шілігі – жастар. Өкініштісі сол, уақытының басым көпшілігін әлеуметтік желіде өткізетін жастар қауымы үшін бұның бәрі жай ойын секілді. Зорлық-зомбылық деңгейі бұрын-соңды болмаған дәрежеге жетті. Еріктілер наразы­лығынан кейін біраз нәрсе өзгерді. Бүгінде кез келген  саяси  тақырып  тартыс  тудырады.

Жалпы, бұл жағдай тек Францияға емес, жалпы Еуропаға тән. Біз популизмнің күшінен солшыл  және  әсіре оңшыл идеологияның тым артып келе жатқанын аңғарып отырмыз, — дейді Еуропалық қауіпсіздік және стратегиялық талдау орталығының президенті Тьерри-Поль Валетт.

Ахуалдың экономикалық салдары қаржы нарығында  да байқалды. Associated Press агенттігінің 19 қазандағы хабарында Францияның CAC 40 қор индексі сауда басталған тұста 1,3 пайыз төмендегені жазылды. Дегенмен, нарық­тағы өзгерісті тек тәртіпсіздікпен түсіндіру  дұрыс  емес,  қор индекстеріне басқа да экономикалық  және  халықаралық факторлар әсер етеді. Бұл көрсеткіш Франциядағы оқиғалардың экономикалық сенімге ықпал етуі  мүмкін  екенін аңғартқанымен, келтірілген  жалпы  шығынның өлшемі  бола  алмайды.

Президент Эмманюэль Макронның реак­циясы да халықаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланды. 18 қазанда халық­қа теле­визиялық үндеу жасаған мемлекет бас­шы­сы тонау мен қирату әрекеттерін қатаң айып­тап, мұндай зорлық-зомбылықты ақтауға болмайтынын мәлімдеді. Сонымен бірге, ол бейбіт шерушілердің заңды талаптарын қоғамдық тәртіпті бұзғандардың әрекетімен шатас­тырмау қажеттігін айтты. Макрон күштік құрылымдардың оқиғаға алдын ала дайын­далуы мен барлау жұмысының сапасын тексеруді тапсырды. Бұл шешім биліктің жауапкершілігі мәселесі де күн тәртібіне шыққанын көрсетеді.

Президент мәлімдемесінде префектілер мен мэрлерге қауіп төнген жағдайда жекелеген жиындарға тыйым салу мүмкіндігін беретін шараларды қарас­тыруды тапсырды. Сонымен қатар, үкіметке оқушыларды, мұғалімдерді, депутат­тарды, кәсіподақтар мен бизнес өкілдерін жинап, дағдарыстан шығудың нақты ұсыныс­тарын әзірлеуді ұсынды. Макронның ұстаны­мында екі бағыт қатар көрінеді: қоғамдық тәр­тіпті қалпына келтіру және наразы­лықтың  әлеуметтік  себептерін  талқылау.

Дегенмен, президенттің мәлімдемесі мәселенің түпкілікті шешілгенін білдірмейді. Қауіп­сіздік шараларын күшейту жаңа қақтығыс­тардың алдын алуға көмектесуі мүмкін, бірақ білім беру сапасы, тұрмыс шығыны мен әлеу­меттік теңсіздікке қатысты талаптар жауап­сыз  қалса, наразылықтың қайта өршу қаупі сақталады. Франция билігі үшін ендігі міндет – тәртіп бұзғандарды заң аясында жауап­қа тартумен шектелмей, бейбіт шерушілердің талаптарына да нақты жауап беру. Қоғамдық сенімді қалпына келтіру үшін осы екі бағыттың бірін  екіншісіне  қарсы  қоюға  болмайды.

Франциядағы оқиғалар Қазақстанға таныс көріністі еске салады. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы да әуелі нақты әлеуметтік талаптан басталған еді. 2 қаңтарда Жаңаөзен тұрғындары сұйытылған газ бағасының литріне 60 теңгеден 120 теңгеге көтерілуіне қарсы шықты. Келесі күндері наразылық Ақтау мен өзге өңірлерге тарады. Бастапқы талапқа қымбатшылық, сая­си өзгеріс пен билікке қатысты өзге де мәселелер қосылды. 4-5 қаңтарда Алматыда жағдай ушығып, әкімшілік ғимараттар басып алынып, дүкендер тоналды, көліктер мен қоғамдық нысан­дар өртелді. Адам шығыны болғанын да атап өтпеске болмайды.  Бас прокуратураның 2022 жылғы 15 қаңтардағы мәліметінде қарулы шабуылдар мен тонау әрекеттері 4 қаңтардан басталғаны  көрсетілген.

Қаңтар оқиғасының осы хронологиясы бір маңызды жайтты аңғартады: әлеуметтік талаптың негізді болуы кейінгі зорлық-зомбылықтың сипатын анықтамайды. Газ бағасына наразы болған азаматтардың талабын тонау мен қарулы шабуылға барған адамдардың әрекетімен теңестіруге болмайды. Сол сияқты, қоғамдық тәртіпті бұзғандардың ісін бастапқы наразылықтың әлеуметтік себебімен ақтауға да негіз жоқ. Құқықбұзушылық әр адамның  нақты  әрекеті  бойынша бағалануға тиіс.

Францияда да осы айырмашылықты сақ­тау маңызды. Reuters пен Associated Press хабар­ларында жүздеген мың адамның шеру­ге қатысқаны, ал олардың арасында полиция­мен қақтығысқан, дүкендерді тонаған және қоғамдық ғимараттарға өрт қойған топтар болғаны жазылды. Франция үкіметі зорлық-­зомбылыққа радикал солшыл топтар мен қылмыстық әрекетке бейім адамдардың қатысы барын мәлімдеді. Бірақ мұндай ресми айыптаулардың өзі әрбір ұсталған адамның кінәсі сотта дәлелденді дегенді білдірмейді. Әрекеттің сипаты, нақты айғақтар және сот шешімі бөлек  қарастырылуы  қажет.

Енді этникалық мәселеге келейік. Франциядағы тәртіпсіздікке қатысқандардың басым бөлігі африкалық немесе азиялық текті адамдар деген пікірді растайтын сенімді статис­тика қолда жоқ. Десе де, бейнежаз­балардан құқықбұзушылық іс-әрекеттерге бару­шылардың кейбірінің басқа раса өкілдері екенін  жасыра алмаймыз. Бірақ та мұны дәлелденген факт ретінде жариялау журналис­тік талапқа қайшы. Адамның сыртқы келбетне қарап оның азаматтығын, ататегін немесе миграц­иялық мәртебесін анықтау мүмкін емес. Африкадан шыққан француз азаматы мен Францияға жуырда қоныс аударған адамның құқықтық жағдайы бірдей болмауы мүмкін, Азиядан шыққан қауымдардың да тарихы мен  әлеуметтік  тәжірибесі  әртүрлі.

Бұл көші-қон мен интеграция мәселесін айналып өту керек деген сөз емес. Еуропа елде­рінде жаңа ортаға бейімделу, тіл үйрену, жұмысқа орналасу, білім алу және заң талаптарын сақтау жөнінде күрделі мәселелер болуы мүмкін. Оларды талдау үшін нақты ел, әлеуметтік топ және уақыт кезеңі бойынша зерттеулер қажет. Егер белгілі бір қауымның құқықбұзушылыққа қатысу деңгейі туралы тұжырым жасалса, оны ресми статистикамен және әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескеретін салыстырмалы зерттеумен негіздеу керек. Ал мұндай дәлел жоқ кезде тұтас этни­калық топты кінәлау мәселені шешпейді, керісінше  қоғамдағы бөлінуді тереңдетуі ықтимал.

Қаңтар оқиғасы бұл мәселеде де сабақ береді. Қазақстандағы тәртіпсіздікке қатысқандардың этникалық құрамын басты себеп ретінде көрсетуге негіз болатын сенімді дерек жоқ. Оқиғаны түсіндіру үшін газ бағасының күрт өсуін, әлеуметтік наразылықты, саяси талаптарды, ұйымдасқан шабуылдар туралы ресми мәлімдемелерді және күштік құрылымдардың әрекетіне қатысты сұрақтарды жеке-жеке қарас­тыру қажет. Қазақстан билігі оқиғаларды ұйымдасқан шабуылдар мен билікті басып алуға талпыныс ретінде сипаттады. Ал Human Rights Watch ұйымы бейбіт шерушілерге қатыс­ты заңсыз ұстау, азаптау және қауіпсіздік күштерінің шамадан тыс күш қолдануы тура­лы шағымдарды құжаттап, тәуелсіз тергеу жүргізуге шақырды. Екі бағыттағы мәліметті қатар қарастыру оқиғаның күрделілігін толық түсінуге  мүмкіндік  береді.

Франция мен Қазақстанның тәжірибесі ортақ бір мәселені алға шығарады: мемлекет әлеуметтік наразылықты дер кезінде естіп, қоғамдық қауіпсіздікті заң аясында қамтамасыз етуге тиіс. Бейбіт шеруге шыққан азаматты тонаушыдан,  қоғамдық мүлікті қиратқан адамды жай ғана наразылық білдірушіден ажырату – құқықтық мемлекеттің талабы. Сол сияқты, миграция мен интеграцияға қатысты түйткілдерді де этникалық айыптауға айналдырмай, нақты дерек пен мемлекеттік саясат тұрғысынан  шешу  қажет.

Бүлікке қарсы күрес тек полицияның күшімен аяқталмайды. Әлеуметтік себептерді елемеу келесі наразылықтың алғышартын сақтап қалуы мүмкін, ал зорлық-зомбылыққа көз жұму бейбіт халықтың қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Сондықтан басты өлшем адамның шыққан тегі емес, оның әрекеті, ал мемлекет­тің міндеті заңды бәріне бірдей қолдану, азаматтардың құқығын қорғау және қоғамды жаңа қақтығысқа итермелейтін себептерді азайту  екені  хақ.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Фото: Abai.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: