Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мерейі үстем медиаұстахана

20.02.2024, 15:00 346

HALYQLINE.KZ

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің журналистика кафедрасы 30 жылдығын атап өтті.

Жуырда Арқадағы білім мен ғылымның қара шаңырағы – академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің филология факультетінде журналистика кафедрасының 30 жылдық мерейтойына арналған «Медиа білім беру жағдайындағы журналистика және PR» атты форум өтті. Алқалы жиынға алыс-жақыннан келген мәртебелі меймандар: М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жоғары мектебінің академигі, осы кафедраның негізін қалаушы Зарқын Тайшыбай бастаған оқытушы-профессорлар, университет және БАҚ басшылары, әр жылдары оқу бітірген түлектер қатысты.

Форумды ашып, сөз сөйлеген Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің Басқарма төрағасы – ректор Нұрлан Дулатбеков кафедра ұжымы мен түлектерін мерейтоймен құттықтап, оқу ордасының журналист-түлектерінің бұқараға танымал болуының өзі сапалы білім деңгейінің бір көрсеткіші екенін атап өтті. «Жақында үздік түлектеріміздің бірі Влад Воднев шетелден сәлемін жеткізіп, мерейлі датамен құттықтады. Ол университетте алған білімі арқылы өмірде көп табысқа жеткенін зор мақтанышпен жеткізді. Бұл – біз үшін үлкен құрмет, барлық журналистерге табыс тілеймін!» деді университет ректоры.

Одан кейін құттықтау сөз сөйлеген Орталық және Солтүстік Қазақстанда төл журналистика мектебін қалыптастырып, ұлттық журналистиканың жүздеген, мыңдаған мықты мамандарын даярлаған Зарқын Тайшыбай 30 жыл бұрын осы кафедраны ашу бақытына ие болғанын, алғашқы оқытушылар мен студенттерді қалай қабылдағанын еске алып, тарихи оқиғаларды әсерлі рәуішпен жеткізді. «1993 жылы журналистиканы осы университетте ашу керек дегенде біз білімнің, мәдениеттің ошағы ретіндегі келешегіне сенген едік. Қарағанды университеті сол сенімді үлкен құрметпен ақтап келеді» дей келе, тәуелсіздігіміздің ең бірінші сапындағы күрескерлері – журналистерге сәттілік тіледі.

Форумда кафедраның тарихы туралы қысқаметражды фильм көрсетіліп, мәртебелі меймандар – Қарағандыдағы жұмыс беруші БАҚ басшылары, 25 жылда білім ошағынан түлеп ұшқан түлектер жүрекжарды лебіздерін айтып, ұлағатты ұстаздарын еске алып, сағынышқа айналған жылдардағы жып-жылы естеліктерімен бөлісті. Әсіресе, түлектер жалындаған жастық шағында журналист болуға баулыған марқұм Қуандық Шамахайұлы, Мағауия Сембай, Кәрім Сауғабай, Мартбек Тоқмырза сияқты тұғырлы тұлғалардан өшпес өнеге алғанын тебіреніспен айтты. Алматыдан арнайы келген түлектердің бірі, «Alatau-Aqparat» медиахолдингінің бас директоры Ержан Қалымбайұлы: «Қазір журналистер мемлекеттік сананың орнығуына, ақпараттық саланың дамуына қаламымен зор үлес қосып жүр. Әріптестеріміз елімізде ғана емес, шетелдерде де жемісті еңбек етуде. Біз Бөкетов университетінің түлегі екенімізді әрқашан мақтан етеміз. Алдағы уақытта білімнің қара шаңырағынан білімді, білікті мамандар көп шығатынына сеніміміз мол» деген тамаша құттықтауын жеткізді. Жағымды жаңалықтың бірі – сол күні Е.Бөкетов университеті мен «Alatau-Aqparat» медиахолдингі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Соның негізінде кафедраның студенттері медиахолдинг құрамындағы басылымдарда өндірістік тәжірибеден өтіп, оқуын тәмамдаған соң жұмысқа орналасуына жол ашылады.

Соңынан сөз тізгінін алған филология факультетінің деканы Елдос Түйте кафедра-түлектер-жұмыс беруші арасындағы үздіксіз байланысты орнатуға назар аударып, БАҚ басшыларын алғыс хаттармен, естелік сыйлықтармен марапаттады. Форумның екінші бөлігі академик З.Тайшыбайдың және ұлттық медианың әртүрлі саласында табысты еңбек етіп жүрген есімін ел білетін журналистердің шеберлік сабақтарымен жалғасты. Жиынның қорытынды бөлімінде сөз алған журналистика кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор, филология ғылымдарының кандидаты Жанар Рамазанова мерейі үстем болған медиа ұстахананың 30 жылдық тойына келген меймандарға, өз әріптестеріне, студенттеріне алғысын айтып, жоғары оқу орны мен түлектер арасындағы ықыласты ынтымақтастықтың үзілмейтініне сендірді. Мейманамыз тасып, абыройымыз асқан күні ұшқан ұямызда қауышқан ұлағатты ұстаздарымызға, барша әріптестерімізге амандық-саулық, сәттілік пен табыс тілейміз!

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

1999  жылғы  түлек.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: