Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Адам сенбейтін махаббат тарихы

26.10.2023, 15:05 341

HALYQLINE.KZ

1. Махаббат үшін тау қопарған Манджхи. «Сен үшін аспандағы айды да алып беремін» немесе «Сен үшін тауды да қопарамын» деу ғашық жандардың айтатын жаттанды сөзі деп қарайтынымыз рас. Алайда, осы сөзді шынымен іске асырған адам Үндістандағы шағын «Гехлор» ауылында тұрады. Бұл ауылға жету үшін тау сілемдерін айналып өтіп келуі керек. Дашрахт Манджхидің әйелінің жүрек талмасы ұстап қалғанда, «жедел жәрдем» көлігі осы жолды айналып, кешігіп келгендіктен әйелі қайтыс болып кетті. Қазадан соң есін жиған Дашрахт Манджхи бұдан былай ешкім осы таудың кесірінен сүйгенінен айырылып қалмасын деп, бір өзі осы тауды қопарып тастауға кірісті. Ұзындығы 110 метр, биіктігі 91 метр тау сілемін жалғыз өзі 22 жыл бойы қайламен қопарып, арғы беттегі жолға тікелей шығатын жолды ашып тастады.

2. Әйелі үшін екінші Тадж Махал салған Файзул Хасан Кварди. Файзул Бегімді 14 жасында құда түсіп алған болатын. Жас болғасын Бегімге әріп үйретіп, сауатын ашып, бар жағдайды жасап, олар тату-тәтті 58 жыл бірге тұрды, бірақ балалы болған жоқ. 2011 жылы Бегім қайтыс болған соң, артымызда ұрпақ қалмаса да, Ұлы Моғол империясын басқарған Шах-Джархан патша өзінің әйелі Мумтазға арнап Тадж Махалды салғандай, мен де дәл сондай мавзолей саламын деп 77 жастағы Файзул Хасан Кварди іске кірісіп кетіп, Бегіміне дәл сондай мавзолей салды.

3. Өлген қызға үйленген жігіт. Тайландтағы Сурин провинциясындағы Чадил Деффи және Сарина Камсуа мектеп жасынан бастап бір-бірін жақсы көріп жүре бастады, ЖОО орнын бітірген бойда үйленеміз деп уәделескен болатын. Соған екі күн қалғанда Сарина жол апатынан қайтыс болды. Жігіт уәдесінде тұрып, жаназасына қатысушылардың көзінше үйленеміз деп сатып алынып қойған ақ көйлегін кигізіп, саусағына неке сақинасын салып болғасын барып жерледі. Бірақ некесін тіркемегенмен, Чадил өзін үйленгенмін деп есептейді.

4. 60 жылдан кейін үйленген ғашықтар. Анна мен Борис екеуі соғыс алдында танысқанмен, 1940 жылы Бористі Қызыл Армия қатарына шақырған кезде әскерден келген соң үйленеміз деп уәделеседі. Алайда, бір жылдан соң соғыс басталып кеткен соң, бір-бірінен көз жазып қалады. Екеуі соғыстан соң бір-бірін іздеумен болады, шарасы таусылған Анна өзіне қол салмақшы болған кезі де болды. Аннаның туған қаласын жау басып алатын болғасын, Сібірге қоныс аударған болатын. 2000 жылы күнделікті мінетін автобусына отырған Аннаға есіктен кіріп келе жатқан шал таныс сияқты көрінді, жақындаған кезде барып таныды, ол Борис еді. Бұл туралы кейін Анна: «Жүрегім кеудемнен шығып кеткендей болды» деп еске алады. Сөйтсе Борис те өмір бойы ізденіп жүріп, хабардың бір ұшы осы Сібірдегі деревнядан шыққасын жолға шыққан екен, екеуі уәделері бойынша некеге тұрды.

5. Берлин қабырғасына күйеуге шыққан қыз. Эйя Рийтте алғаш рет бұл қабырғаны жеті жасында телевизордан көрді. Ол осы қабырға жанында қыдырғанды жақсы көретін, ондағы жазуларды оқып, күні бойы осы жерде өткізгендіктен, оның бойында фетишизм пайда болды. Фетишизм – бұл затқа табыну деген сөз. Бой жеткен соң саналы түрде осы Берлин қабырғасына күйеуге шықты, «Неке туралы куәлігіне» фамилиясы Эйя Рийтте Берлин-Мауэр (Берлин қабырғасы) деп жазылды. Кейін СССР-де демократия мен жариялылыққа байланыста екі Германия қосылып, Берлин қабырғасы қиратылаған соң, Эйя өзін жесірмін деп есептейді.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест

Сурет  ашық дерекөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: