Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қанды қылмыс жауапкерлері неге бостандықта жүр?

16.05.2023, 12:32 322

HALYQLINE.KZ Түркістан облысы, Ордабасы ауданындағы қанды қылмыстық оқиғада көптеген күмәнді әрекеттер болып жатыр. Бұл туралы журналист Күлтегін Аспанұлы баяндады.

ОРДАБАСЫДАҒЫ ҚАНДЫ ҚЫЛМЫСТЫҢ БАЯНЫ

Мен өткендегі нағашы інім мен досын атып салған, бес баланы таяқтаған Кенжебековтер мен сыбайластарының қылмысы туралы жазып ем. Енді оқиғаның мән-жайын түгел баяндайын. Інімнің 36 жеріне, көрші досының 34 жеріне оқ тиген, солардың ем-шарасы, қылмыстық іс барысымен біршама уақыт өтті. Бұл жағдайда кейіпкерге туыстық қатынасым болғандықтан журналист ретінде емес, жәбірленуші өкілі есебінде баяндайын. Барша қоғам мен журналистердің назарын осы шырғалаң қылмысқа аударғым келеді. Оқиғаның фабуласы жәбірленуші бес азаматтың және оқиға куәгерлерінің айтуымен түзілді.

ТОЙДАН КЕЙІНГІ ТРАГЕДИЯ

Нағашы інім көпбалалы отбасының тұңғышы. 22 жаста. Оқу бітіргелі бері Астанада құрылыс компаниясында еңбек етіп, үйіне қарайласып жүрген. Айына ғажаптәуір, менен көп табыс табатын. Табанақы, маңдай терімен.Осы айда қарындасын ұзатуға елордадан Қараспандағы (Түркістан облысы Ордабасы ауданы) қара шаңыраққа оралды. Данағасыл әжемізді ортаға алған ел мәз-майрам думандатты. Өзім сонда болуға сәті түспей бара алмадым. Той өткесін 8 мамыр кешкісін 3 дос бала моншаға жол тартады. Бәрі 21-22 жастағы бозбала. Осы тұстан оқиға ауаны жайсыз арнаға өзгереді.Өткен сейсенбі сағат 20:00 шамасында бауырмал достар жеке көлігімен кетіп бара жатқанда жол-жөнікей Golden Sara Ana дүкенінің қасында өзбекстандық жұмысшы мектеп жасындағы қызға ұрсып тұрғанын көрген. Өзбекшелеп айқайға басқан. Балалар қазақ қызға көмек керек болар деген оймен әрі жағдайды білмекке жол шетіне ығысып, көлік айнасын түсіріп жай сұрасқан. Ер адам өзбекше түсініксіз бірдеңелер айтып, бұрылып дүкенге кетеді. Үшеуі көлікпен жүре бергенде сырттан қарап тұрған (сол өзбекстандықтың, үйдің, дүкеннің, тойхананың қожайыны) 34 жастағы Талғат Кенжебеков тоқтатады. (Үш баланың) Біріншісі көліктен түсіп, жасы үлкен ауылдасының қолын алып амандаса бергенде бетінен кигізіп жібереді жұдырықпен. Салондағы екеуі де түседі. ❗️ Талғат Кенжебеков экс-полиция лейтенанты, жағымсыз жағдайда баппен қызметтен қуылған.Ауызынан арақ мүңкіген Талғат Кенжебеков үшеуінің де бетінен ұрады, жұдырықтайды. Сол кезде күрежол бойына көршілес орналасқан Golden Aqniet кафесінен құқық бұзушы Кенжебековтің сыныптасы Жандос Мұсабеков Қуатұлы шығып-жүгіріп келіп, тоқтатудың орнына інілерін досымен қосылып соққыға жығады. Жолда газельмен өтіп бара жатқан төртінші бала (үш баланың сыныптасы) кездейсоқ кезігіп, тоқтап ажыратады. Бәрі бейбіт тарағандай болады.***

КҮШІ ТАСЫҒАН ҮЛКЕНДЕРДІҢ ЗҰЛЫМДЫҒЫ

Біраз уақыттан кейін Талғат қолын алам деп таяқ жеген бірінші балаға қоңырау шалады. Оған телефонда балағаттап, қорқытып, бәрін оқиға орнына шақырады. Балалар ақылдаса келе ағаларымен түсінбестік тумас үшін, бір жағы үлкен ғой деп шақырған жерге барады. Барса онда Талғаттың өзі емес, оның туған ағалары – (Арыс қалалық мәслихат депутаты) Асхат пен (ауылдағы Б.Оңтаев атындағы орта мектептің завхозы) Қанат Кенжебековтер болады. Тараптар өзара болған жайды талқылап, артынан тарасады. Шамалы уақыттан соң, сағат 22:00 кезінде Жандос Мұсабеков (Талғатпен бірге ұрған) бір досымен екі таяқ асынып жүріп балаларды іздейді. Бесінші баланың үй жағына барады. Топтасып тұрған балаларға боқтап-оттап, екінші баланы таяқпен соғады. Сөйтіп төбелесе кетеді. Жандос құлаған кезін пайдаланып, балалар қашып құтылады. ***

АҒА АТЫНАН САДАҒА КЕТКІР: ТАТУЛАСУ ИЛЛЮЗИЯСЫ

9 мамыр күндіз 10:00 кезінде тағы бір 88-жылғы (Талғат пен Жандостың сыныптасы) Бағдат Жарылқапов Сапарханұлы балаларға хабарласады. Бағдаттың криминал тарихы бөлек әңгіме. Ол (досы Талғат басшылық ететін) «Әділ» спрот кешеніне келуге шақырады. Балалар басқа ауылдас ағаларымен ақылдасады. Інілері жүгінгесін, хабарды естіген ересек жігіттер мәселені шешіп, екі жақты татуластыруға бекінеді. Тіпті өзі қатарлас басбұзар үш жігітпен екі тарап бір-бірінен кешірім сұрап, бітісуге уағдаласады.Сағат 12:00 уағында Кенжебековтер отбасының қарауындағы «Әділ» спорт кешеніне барады. Завхоз Қанат Кенжебеков, сыныптастар Жандос Мұсабеков, Бағдат Жарылқапов т.б. тұрған нысанға (алғашқы конфликтіде газелінен түсіп ажыратқан) төртінші бала кірген бетте Жандос ештеңе деместен беттен жұдырық береді.Іштегі айқай-шуды пайдаланған Талғат өз жайымен тұрған бірінші жігітті сыртқа әкетіп, ұрып-соғады. Ал Қанат Кенжебеков есікке қарай жүгіріп барып, ешкім кіріп-шықпас үшін күзетіп тұрады. Бейне бір алдын ала келісіп алғандай.***

АЛДАП ШАҚЫРЫП, АТЫП САЛАДЫ

Жандостың жосықсыз ұрғанына шыдамаған төртінші бала табиғи қорғану реакциясымен бір мәрте қарымта жауап береді. Осы кезде Талғат тыққан қаруын алып шығады. Екінші бала, яғни менің ініме және бірінші балаға қарай шімірікпей асқан қатыгездікпен атып салады. Айтпақтай, оқиға куәгерлері Талғатты мектептегі завхоз ағасы Қанат Кенжебеков «ат, атпасаң өзім атам» деп айтақтап, қолын қанға былғауға итермелегенін айтады. Алған оқ жарақатынан екеуі де жерге құлайды. Қан сорғалап жатқан екеуін мылтықтың дүмімен ұра жөнеледі. Оған қасында тұрған сыныптастары Жандос пен Бағдат қосылып, екі бүктелген екі баланы таяқпен аяусыз сабайды. Біразға дейін төпелеп, ұрып-соғады. Жауыздықпен жасалған қылмыстан кейін еш жазықсыз балалар қансырап, әл үстінде көмек сұрайды. Көзі қанға толған қатыгез Бағдат бір уақытта ауруханада танысы барын, сонда апарып алғашқы меджәрдем көрсететінін, ешкім ешқайда кетпеуді бұйырады. Дегенмен Бағдат дым бітірмейді.***

КӨМЕК ТЕК ҚҰРДАСТАРЫНАН БОЛҒАН. ДЕПУТАТТЫҢ ҚЫЛМЫСТЫ ЖАСЫРУ ҰСЫНЫСЫ

Ырың-жырыңмен уақытқа ұтылып жатқанын ұққан балалар жаралы екі досын көлікке өздері салып, Арыс Аудандық Орталық Ауруханаға тартып кетеді. Онда алғашқы медициналық жәрдем көрсетеді. Ізінше депутат Асхат Кенжебеков пен ұрдажық Бағдат Жарылқапов ауруханаға жетіп келеді. олар дәрігерлерден хабар тосып дәлізде отырған нағашыма «неге Арыстағы «Торабтық ауруханаға» апармадыңдар, басшысымен сөйлесіп қойып едік. Өзіміз бітіріп жіберетін едік қой. Өзін-өзі атты қылайық» деп, қылмысты жасырып, істі жабуға ұсыныс білдірген. Кейін тұрғылықты жері мен оқиға орны Ордабасы ауданына қарағандықтан, сондағы Ордабасы Аудандық Орталық Ауруханаға жібереді.

АУРУХАНА МЕН ПОЛИЦИЯНЫҢ ӘРЕКЕТСІЗДІГІ ЖЕКЕ ЗЕРТТЕУГЕ ТҰРАТЫН МӘСЕЛЕ. ОНЫ ДА АСЫҚПАЙ ЖАЗА ЖАТАРМЫН.

Хроникасын түгел… Талғат Кенжебеков бесатармен 5 рет атып үлгерген. Оқиға орнынан полиция түрлі маркалы 3 қару тапқан. Талғат Кенжебеков балаларды атып сұлатқан бірауызды «МР-155» маркалы мылтық қылмыскердің подполковник ағасы Тұрманхан Кенжебековке тиесілі деп болжайды аңшылыққа шығатын ауыл жігіттері.Қылмыс жасап, онысы жария болғасын сыныптас үшеу – Талғат Кенжебеков, Жандос Мұсабеков, Бағдат Жарылқапов қашып кетті. Оларға іздеу жарияланды. Күнде-күнде тек-текпен 4-тәулікте үшеудің біреуі-бастысы Талғат Кенжебеков ұсталды. Оның өзінде 2 адвокатпен әбден дайындалып алғандай, сонда да уәжі қисынсыз, бұра тартқанға ұста. Қос адвокаттың оқытуымен ұсталған экс-полицей әм қылмыскер тергеуді адастырғысы, өзін ақтағысы келеді, дегенмен өтірік қашан да әшкере болады.***

АҒАЙЫНДЫ КЕНЖЕБЕКОВТЕР:

• Талғат Кенжебеков – өзінің ауылдас інілеріне қару кезеніп, қасақана өлтіруге оқталған экс-полицей (ағасы Қанат Кежебеков жұмыс істейтін мектеп арқылы мемлекеттік қаржыландырылатын «Әділ» спорт кешенінің басшысы);

• Тұрмахан Кенжебеков – Арыстағы ауруханаға келген, қылмыс жасалған мылтық иесі-мыс (Түркістан облысы Арыс ауданына қарасты Ақдала елді мекенінде полиция подполковнигі қызметінде істейді);

• Асхат Кенжебеков – інісінің өзінің перзентімен жасты балаларды малша қырып жатқанда әрекетсіз қарап тұрған, тоқтатуға тырыспаған (Арыс қалалық мәслихатында AMANAT партиясының депутаты, мемлекеттік «Ұлттық және жекпе-жек спорт түрлері аула клубы» КММ директорының орынбасары);

• Қанат Кенжебеков – інісін «ат, атпасаң өзім атам» деп қылмысқа итермелеген ағасы (Қараспан ауылындағы Бейсен Оңтаев атындағы орта мектептің шаруашылық меңгерушісі. Бір қызығы, Талғат Кенжебеков басқаратын «Әділ» спорт кешені осы мектеп арқылы мемлекеттен дотация негізінде қаржыландырылады). ***

КЕНЖЕБЕКОВТЕР ДӘУЛЕТІ заң аттауға жол болмасын!

Кенжебековтер отбасы ауқатты тұрады. Қараспан ауылының тұрғындары. Олар «Әділ» спорт кешені, Golden Aqniet, Golden Asel кафелері, «Алтын жұлдыз» мейрамханасы, «Ақшатыр» жаздық тойханасына, Golden Sara Ana дүкеніне иелік етеді. Сонымен қоса, ағайындары мен туыстары күштік құрылымдарда, тергеу органдарында лауазымды қызмет атқарады.13 мамырда жеті түннің қараңғысында Кенжебековтердің жасы 50-ден асқан түрмедегі Жандарбек есімді құдасы нағашыма хабарласып, қоқан-лоқы жасап, балағаттап, қысым көрсетеді. ❓ Абақтыда отырған адам телефонға қалай кім арқылы оп-оңай қол жеткізіп отыр? Оқиға триггері болған әпербақан өзбекстандықтың Кенжебековтер үйінде жұмысшы ретінде жүруі заңды ма? Ағасының қаруын інісі заңсыз қолдана беруге бола ма? Атпасаң өзім атам деп бауырын қылмысқа қайрап-итермелеген завхоз Кенжедеков неге күдікті емес? Ағаң дөкей, көкең кекірей болса, заңды пысқырмауға болатын бұл нендей «Әділетті-Жаңа Қазақстан»❓Оқиғаның бүге-шүгесін он шақты куәгер, бес жәбірленуші сөзі негізінде құқық қорғаушымен бірге бүтіндеуге тырыстық. ***

депутат Асхат Кенжебеков ұстап тұрған қаруды бауыры Талғат Кенжебеков адамдарға қарсы қолданған. Ал қару полицей Тұрмахан Кенжебековке тиесілі болуы мүмкін.
Күлтегін Аспанұлының жарақаттан денесі шұрық тесілген інісі
Күлтегін Аспанұлының інісімен бірге оқ тиіп, бір өлімнен қалған досы

1-фотода депутат Асхат Кенжебеков ұстап тұрған қаруды бауыры Талғат Кенжебеков адамдарға қарсы қолданған. Ал қару полицей Тұрмахан Кенжебековке тиесілі болуы мүмкін. Фото желіден алынған.

2-фотода жарақаттан денесі шұрық тесілген інім, жеке мұрағат.

3-фотода ініммен бірге оқ тиіп, бір өлімнен қалған досы, жеке мұрағат.

4-фотода мансап-дәулетіне сенген ағайынды Кенжебековтер, фото желіден.

ҚР Бас прокуратурасы ҚР Ішкі істер министрлігіТүркістан Облысының Полиция ДепартаментіТүркістан облысының прокуратурасыAMANATAmanat Partiyasy Arys QalasyOrdabasy ProkuraturasyОрдабасы Полиция

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: