Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстанда полиция мен медицинаға күнің түспесін – Күлтегін Аспанұлы

10.05.2023, 9:19 476

HALYQLINE.KZ Журналист Күлтегін Аспанұлы Түркістан облысындағы жүгенсіздік туралы жазып, елдегі ең жоғарғы лауазым иелерінің (төменде) назар аударуын сұрады.

ҚР Ішкі істер министрлігі

ҚР Бас прокуратурасы

Түркістан Облысының Полиция Департаменті

Түркістан облысының прокуратурасы

Ордабасы Полиция

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі

Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасы

Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев

Галымжан Куашбаев

Aqorda

Әлихан Смайылов

 

Сплйлер: Түркістанда экс-полицей екі адамды атып, қашып кетті.

Ал құзырлы мекемелер салғырт. Неге? – Кенжебековтер әулеті салған лаң

Қаңтар процестерінен кейін табиғат аясында бір серігейін деп тауға шығып кетіп ем. Жер ана, көк желек, қайың тоғай аясында тыныс кең, уайым кем дегендей. Кешкісін таудан қайттық. Телефон шыр-шыр етеді, WhatsApp-та тыным жоқ, хабарлама үстін-үстіне кеп жатыр. Жай кезде бұлай нөпірлемеуші еді. Кері хабарласып жаға ұстатар мән-жайды білдім. Суыт хабарды кешкі 20:22-де естідім.

Ауылда інім мен досын айдың күннің аманында ай-шай жоқ атып-сабап кетіпті. Ауруханада қабылдамай жатыр екен. Жергілікті құзырлы-сала мекемелері енжарлық танытып жатыр екен. Қысқасы былай.

Бүгін түсте Түркістан облысының Ордабасы ауданында бір топ ересек адамдар менің інім мен досын атқан екен. Кім деймісіз? Экс-полицей Талғат Кенжебеков Әділұлы және оқиға орнында ағасы (@Арыс қалалық мәслихат депутаты) Асхат Кенжебеков Әділұлы, оның бауыры Қанат Кенжебеков Әділұлы т.б. 30-40 жастағы ағайындылар 2000-ыншы жылғы бозбалаларға оқ атып, жаралы күйінде сабаған, қарап тұрған. Мылтық атқаны – Талғат Кенжебеков, қылмысты жасарын жасап, қашып кеткен, қазір іздеуде. Ағасы оған «ат, атпасаң өзің атам» деген. Бағдат деген тағы біреуі ұрып-соққан. Бәрі оқиға орнында болған. Депутат ағасы қолына мылтық ұстаған мас інісін неге тоқтатпады? Таяққа жыққандарға көз жұма қарағаны қалай? Бесатар бытырамен атқан. Депутат Асхат Кенжебековтің негізгі қызметі – мемлекеттік мекемеде, «Ұлттық және жекпе-жек спорт түрлері, аула клубы» КММ директорының орынбасары.

Жазбаның екінші бөлімі құзырлы мекемелердің реакциясына арналады.

Талғат Кенжебековтің оғынан жаралы болған азамат

МЕДИЦИНА СИҚЫ

Сағат 13:30 шамасында ауылға орталықтан гөрі жақын орналасқан Арыс қаласындағы ауруханаға жеткізілген. Ондағылар алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Ініме кемі 30-35 оқ тиген. Көршінің баласы да ондаған оқ алған. Тұрғылықты мекен-жайы және оқиға орны Ордабасы ауданы болғандықтан, аудандық ауруханаға жіберген.

Сөйтіп түс ауа сағат 17:00 Ордабасы аудандық аураханаға алып барған. Екі баланың ахуалына салғырт қараған медқызметкерлер ауруханаға жатқызудан бас тартқан. Сағат 20:30-ға дейін інімнің әкесіне «балаңызды палатаға қабылдамаймыз, оқтарды алу қиын, іріңдеген соң шығады» депті.

Алдында 3 сағат жатқан, денесінде ондаған оғы бар пациентті неге дереу аураханаға жатқызбады? Меніңше, депутат ағасы Асхат Кенжебек және полициядағы ағасы Тұрманхан Кенжебеков ықпалы болған. Дәрігер неге ақымақ әрекетке барып отыр, қысымнан я ауызбастырықтан не салғырттық.

Мен сағат 20:30-да хабардар болған бойда облыстық Полиция департаменті мен Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына байланысуға тырыстым. Ешқандай нәтиже болмады. Сағат 20:53-те Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі мамандарына өңірдегі басқарма қызметкерінің жеке нөмірін беруді, жағдайға түсініктеме беруді сұрап шықтым. Содан кейін ғана жағдай ақырындап реттеле бастағандай. Ойлаңызшы, азаматтық құқыққа қол жеткізу үшін үкімет деңгейінде дабыл қағу керек, абсурд. Басқарма өкілі Асыл Төлегенова қосымша ресми ақпарат беруге уәде етті.

Асыл ханым түнгі 23:10-да келген ресми түсіндірмеде «Больной самостоятельно обратился в приемной покой ЦРБ Ордабасинского района в 17:55 ч, где осмотрен дежурным хирургам, в условиях приемного покоя сделано обработка множественные дробовые огнестрельные ранение, ( удалено возможные инородное тело), ПСС 3000 Ед по схему, АДС-М 0,5 в/м. После этого 18:50 больной госпитализирован в экстренном порядке хирургическое отделение. …Предварительные диагноз: Огнестрельное дробовое ранение обеих предплечья, обеих кисти, передней брюшной стенки, обеих нижних конечности, с остаточное множественные инородное тело» делінген. Өтірік былықтың ашылатын беті осы тұс. Облыстық басқарма сағат 18:50-де ауруханаға жатқызылды дейді, ал шын мәнінде қайтыңдар деп шығарып жіберген соң сағат 20:40-20:50-ге дейін қабылдау бөлімінде отырған. Өтірікті де шімірікпей айтады. Сөзім жоқ. Ақпараттық жүйе мен видео материалдармен дәлелдесін сағат 18:50-де жатқызылғанын қолынан келсе. Келмейді, себебі жалған. Ал бізде сағат 20:30-ға дейін ауруханаға жатқызудан бас тартқанына дәлелдеме жеткілікті. Аудио, видео…

Министрлікпен байланысқаннан кейін ғана ота жасалып, хирургиялық тәсілмен кей жарақат орны тазаланып, аураханаға орналастырылды.

ПОЛИЦИЯ МАЗАҒЫ

Арыс қаласында түсініктеме алған полицейлер арызды тіркеп, қаулы бермеген, СДТБТ (ЕРДР) тіркеу нөмірімен, ешқандай құжатпен таныстырмаған. Жәбірленуші өкілдері соны сұрап әрі аудандық полицейлер бақылауына өткендіктен, Ордабасы АПБ қызметкерлеріне 3 мәрте 102 нөміріне хабарласқан. Алайда 102 қызметкерлері «2 минутта барады» деген өтірік жауаппен мүлде келмеген. АПБ (РОВД) қызметкері хабарласып, РОВД ғимаратына шақырған. Ауруханада үсті-басы қан, оқ жарақатымен арбада отырған адам қалай барсын? Қып-қызыл бейрационал, ессіз шақырту.

Ордабасы аудандық Полиция бөліміне сағат 18:25 (3 мин 32 сек сөйлескен), 19:17 (46 сек) және 19:35 (32 сек) 3 рет қоңырау шалып, полиция шақыртылды. Бәрінде әні-міне барады деп алдап соқты. Ешкім келмеді. Керісінше жаралы балаңмен бөлімге кел деген.

Аудандық және облыстық полициядан мардымды жауап болмағасын ІІМ баспасөз қызметіне Альбина Махамбетова Сайдғалиқызына хабарласуға тура келді. Содан кейін ғана Түркістан облысының Полиция департаментінен Гүлнар Абдархманқызы және аудандық Ордабасы ауданы Полиция бөлімі басшысы Ғалымжан Қуашбаев Саттарұлы байланысқа шықты. Саттарұлы мылтық атқан күдікті Талғат Кенжебековке іздеу жарияланғанын, таңға дейін табуға тырысатынын, оның бұрын полицей қызметкері болғанын жеткізді. Сондай-ақ өз қарамағындағы қызметкерлердің салғырттығына қызметтік тексеріс жүргізуге сөз беріп, сырғытпа жауап алдық.

Полиция бөліміне шақыртып алып, тергеуші жәбірленушінің ата-анасын ішке кіргізбей қиғылық салды. Ал ғимараттың ішінде қылмыс орнында болған депутат Асхат Кенжебеков полиция ғимаратына кіріп-шығып емін-еркін жүр. Көздегені ауызбастырық па әлде ауыз жаласу, пәрелеу ме Құдайға ғана аян.

Қылмыстық іс ашылды. Бірақ саралаудың шынайы жүргеніне күмәнім бар. Ордабасы АПБ басшысы Ғалымжан Саттарұлының айтуынша, іс ҚР ҚК 293-бабымен, яғни «Бұзақылық» айыбымен ғана қозғалған. Дұрысы кемінде 107, 287, 293 баптарымен саралануы керек. Бұл жай бұзақылық емес, денсаулыққа және өмірге қасақана зиян келтіру, қаруды заңсыз алып жүру… бәрі бар.

Енді бәрінде туатын сұрақ: 80 жылғылар өзінен 10-15 жас кіші ауылдас-бауырларын неге атты? Кейінірек ашыңқырап жазам.

Бұл жазба астына Ордабасы полициясы АПБ бастығы Ғалымжан Қуашбаев түсінік берді.

     –  Полицейлер бұзақылық жасағандарды іздестіруде

Ордабасы АПБ-ға орталық ауруханадан екі жас жігіттің түрлі дене жарақатымен түскені туралы хабарлама келген. Оқиға орнына бірден жедел-тергеу тобы шықты.

Тексеру барысында Ордабасы ауданы ауылдарының бірінде бұзақылық жайты орын алғаны белгілі болды.

Аталған жайт бойынша күдіктілер анықталды. Қазіргі таңда криминалдық полиция басқармасы мен аудандық полиция бөлімінің тәжірибелі сақшыларынан арнайы топ құрылып, күдіктілерді ұстау шаралары атқарылуда.

Іс Түркістан облысы ПД басшылығының қатаң бақылауында. Оқиғаның шығу себептері мен толық мән-жайы анықталуда.

Жәбірленушілердің дене жарақатының ауырлығына байланысты құқықтық баға берілетін болады. Сонымен қатар арыздың тіркелу уақыты сияқты іске қатысты толық мән-жай бойынша қызметтік тексеру жүргізілуде. Нәтижесі қосымша хабарланатын болады.

Аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігі 2-тармағымен тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі, – деп жазды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: