Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ана қадірін ұқтырған туынды

27.04.2023, 10:20 441

Аналар қандай алып күш иесі десеңші. Ана жайлы жазарда шымырланбаған жүрек пен толқымаған көңіл жоқ шығар. Ана дегенде, әңгіме бөлек. Жаныма жақын шығармалардың арасында Оралхан Бөкейдің «Апамның астауы» атты әңгімесін оқып шығуды жоспарладым. Ана мейірімі қашанда бәрінен де биік екенін уақыт өткен сайын ұғып келе жатырмын. Қазақ ауылындағы қазақ әйелдерінің тыныс-тіршілігі пайымдалған кітап жүрегіме жақын болып есте қалды. Бірақ шығарманы оқымас бұрын санамызда «Апамның астауы» әңгі­месінің мәні неде?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Менің ойымша, Оралханның бұл әңгімесінде ана сөзінің  мына  жалғанда алатын орны ерекше, ыстық екендігін ұғындырып, көзі тірі кезінде жанымызда жүрген жақындарымыздың барын  қадірлей  білуге  шақырады.

«Әйел-Ана – барлық қиындық­ты жеңетін сарқылмайтын күш, тірліктің қайнар бұлағы», – деді М.Жұмабаев. Жазушы айтқандай, әйел – ана, әйел – болашақ ұрпақ­ты тәрбиелеуші, әйел – кешегі мен бүгінгіні сабақтастырушы. Ана деген құдіреттің  қандай көркем жаратылыс екендігін Оралхан Бөкей де өз еңбектерінде көрсете білді. Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті  тербете білген ананың қадір-қасие­ті жайындағы әңгіменің күші – жанды тебірентер, ой саларлық сөздерінде. Шығарманы оқып отырып-ақ, көзімізге еріксіз жас келетіндігі де  рас. Сірә, өзіміз де анадан туған пенде екендігіміз есімізге түсіп  кетеді-ау!

Иә, «Апамның астауы» әдебиет әлемі үшін де, біз үшін де жай әңгіме емес. Шығармадан ауылдың иісі аңқиды. Өз жаназасын өзі оқыған қазақ әйелінің тектілігі, туған неме­релері болмаса да, жас балаларға деген ынтық көңілі, қамқорлығы, мейірімділігі әр жүректі тәнті ете алды. Әңгімедегі сюжеттің  басы соғыстан кейінгі өмірмен бастау алады. Айғайлап көшені бастары­на көтеретін балалардың у-шуынан құрылған дала базары, енді ғана есін жинай бастаған жұрт тұрмыс-тіршілігінің бере­кеге толуы, қысы-жазы кеудесінде жаны бар тіршіліктің қыбырлап әрекет етіп жатқан көрінісі керемет суреттелген. Он бес жасына дейін апасының қойнына бірге жатып, етегіне жабысып, артынан бір елі қалмай, әкесін, яки шешесін танымай, кім екендігін білмеген он бес жастағы баланың апасының тәрбиесінде өскендігі шығарма басында айтылып  өтеді. Одан кейін, апасының арық, жүзі ақ құба,  иектері мен еріндерін күйік шалған, ақ жаулық астында жасырынып тұратын бұйра шаштарының бейнесі осылай суреттеледі. Кемпірдің тері илеп, жүн түтіп, я болмаса алаша тоқып, ою ойып отыратын істері де шығармада айтылады. Аңғарып қарасақ, әңгіменің басты кейіпкері болған әжей бейнесі біздің, яғни кітапты оқып отырған оқырмандардың балалық шақтарын еске салып, өз әжесінің бейнесін көз алдарына қайта  әкелетіндей.

Шығарманың ортасы, әпкелері­мен  бірге отын теруге тоғайға аттанатын кейіпкердің сөзімен басталады. Жаз бойы отын теріп, бақша өңдеп, қаз-тауық,  сиыр-жылқыларды бағатын апасының бар ісі – қыс­тық күнге азық жинау. Апасының өсек-аяңнан гөрі мағыналы әңгімелерге қызығатындығы, дүниеде болып жатқан небір айлалы амалдардан аулақ болып, имандылығымен ауыл адамдарына көзге түскендігі кешегі Зере мен Ұлжан аналары­мыздың жалғасы екендігінің болмысы еді. Кейде қазақ деген ұлтта  осындай мықты, жігерлі әйелдердің болғандығы маған мақтаныш сезі­мін тудырып, қуаныш күйін сыйлайды. Апа десе, неге екені белгісіз қолдары тарамыс, жүзінде мейірім нұры төгіліп, таяқ ұстаған, басында ақ жаулығы бар жан елес­тейді де тұрады. Осылайша, апасы­ның алақанын,  апасының мөлдіреп тұратын жанарында шексіз жылылық сәулесі жатқандығын автор  барынша  жеткізгісі  келеді.

Шығарманың шиеленіске түсуі кезінде Қашыбай шалдың бермей қалған ат-арбасына апасының іштей ренжіп, кішкентай қозысын немересіне, ал өзі зіңгіттей қыстық отынды иығына салып кете барғандағы, содан кейін қызарып батып бара жатқан күнге қарама-қарсы мойнындағы отынын тастай салып, Қарасу бойындағы сумен   дәреттеліп, намазын оқығандығы сөз болады. Сондағы немересінің бар ойы апасының қара жерге қарап сонша табынған кезіндегі, бұл дүние­жүзінде ең мықты адам апасы екен деп түсінуі екен. Әңгіменің шарық­тау шегі кітаптағы басты кейіпкердің өкінішке толы сөздерінде тәрізді. Толығырақ айтар болсақ, осындай текті, қолынан қазақ әйеліне тән барлық ісі келетін әжейдің қадірін кеш түсінгендігінде. Уақыт өткен са­йын, сол апаның алақанын сағынып отырған кейіпкердің аяушылық халі оқырманның көзіне жас әкелетіндігі сөзсіз.  Ойын баласының тілінген аяғына кешке таман ысып тұрған пеш жанында отырып, қаймақ жағып, ертегілерімен ұйықтататындығы біздің қамқор әжеміздің де ісіне ұқсайды. Сюжеттің соңы дәл осылай әжесіне деген сағынышпен аяқталады.

Әңгіме де араға жылдар салып, ауылына келгенде немересінің апасы бар үйге асығып кіріп, өзіне бейтаныс  күймен қасқайып бір орында тұра қалып, дүниеден өткен апасының  ыстық алақаны мен жылы құшағын қатты сағынғандағы ерекше күйін көреміз. Ертеңгі күнінде, ескі қорада төңкеріліп жатқан апасының астауымен Алматыға қайтқан немересінің  іс-әрекеті шығарманың  нүктесі  болды.

Әңгімедегі апасының  сексен  тоғыз  жыл  өмір сүріп, «Алла, белім-ай» демей, күйбің тірлікті үн-түнсіз істейтіндігі жасы келген әйелдің қуат­ты болғандығының дәлелі. «Апам мықты ғой, апам әлі жүз жасайды» деген кейіпкердің көңілсіз күйіне оқырманның қосылып  жылары да анық. Компо­зицияның  соңы  әжесінің  өлімімен  аяқталады. Осы  тұрғыда шығармадан  үзінділер келтіре кетсек,  «…бағанадан бері кісі танымай іргеде жатқан апам  бар күшімен аунап түсіп, «К – е – ш – т – і – м» деді де көзін жұмды. Күбірлеп: «илайлолла, илайлолла» деп иман айтып жатыр». Дәл осылай немересі өзінің жаназасын өзі шығарып жатқан апасының халін іштей сезінеді. «Апаңнан айыры­лып  қалдық…!» деген сөзді есту жанында жүрегі бар еш адамға да  оңай  соқпайтыны  анық.

Жазушының әйел әлемінің қадір-қасиетін ерекше жеткізгені оның поэтикалық шығармасында керемет көрініс тапқан. Оқырманның жүрегін оңай жібітетін бұл шығарма барлық оқушының оқып ой түюіне көмектеседі. Әңгі­медегі  әдемі оқиға мен жазушы шебер­лігі өз туындыларына еріксіз тартып тұрады. Оралхан Бөкейдің бұл ғана емес, бұдан да бөлек шығарма­лары үлкен ізденіске  бастау­ға  және өмірді тереңірек түсінуге көмек­теседі.

Аружан  ТҰРСЫНОВА,

Абай  атындағы  үш  тілде  оқытатын  дарынды  балаларға  арналған  мамандандырылған  сыныптары  бар  мектептің  11  «А»  сынып  оқушысы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: