Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аяймын адамдарды ойланбаған, Милары ойыншықтай ойналмаған…

23.10.2022, 10:00 1085

HALYQLINE.KZ

ОЙЛАР,  ОЙЛАР!

Басымды жанартаудай ойрандаған,

Ойларым маза бермей қойды-ау маған.

Аяймын адамдарды ойланбаған,

Милары – ойыншықтай ойналмаған.

Менің миым – бір ғылым игермеген,

Игеруді ғалымдар үйренбеген.

Жұмбағы көп миымның құпиясын,

Ашатындай ешкімге ми бермеген.

Зерттетпеймін миымды бір ғалымға,

Өзім ашам сырын да, жұмбағын да.

Қызды ауылдың иттері үре беріп,

Бөлмесе екен ойымды түн жарымда.

Шақырма ырду-дырду тойға мүлдем,

Оңаша қалдыр мені ойларыммен.

Ойларым мені жалғыз қалдырмайды,

Әлемде өзім қалып қойғаныммен.

Мен жалғызбын, Ай жалғыз төбемдегі,

Түндерімнің жұлдыздар көрермені.

Әй, бала, мен өлеңнің өлермені!

Қойымды ұрласаң да көгендегі,

Ойымды ұрламассың өлеңдегі.

КЕШІР,  ЖҮРЕК!

Жүрегім-ай, жүрегім-ай, жүрегім,

Соңғы кезде біртүрлісің, білемін!

Алжыдым ба? Жылап тұрып күлемін,

Өзімді өзім танымаймын, кім едім?

Білсең айтшы, кім екенім беймәлім,

Орта жолда атарбадай қирадым.

Өлең қылып шөңгені де, шөпті де,

Білем, жүрек, сені әбден қинадым.

Қиналсаң да ауыр-ауыр жүк арттым,

Жыла, жыла, келмейді енді жұбатқым.

Сен жылауға, мен жырлауға құмарттым!

Менен көмек күтпей-ақ қой, жүрегім,

Бір пайдам жоқ, күндіз жанған шырақпын.

Шарасызбын, не істе дейсің сен маған,

Айтшы саған немді берем, неңді алам?

Өмір, өмір, өмір деген әншейін,

Өлең, өлең, өлең сенің ем-дауаң!

Кешір, жүрек, қапаланба, шерленбе,

Жүз жыл соғып тұрсаң екен кеудемде.

Сені сонша қинамайтын едім ғой,

Құдай маған екі жүрек бергенде.

ІЗДЕҢДЕР  МЕНІ

Тарпаңнан қалған соңғы тұқыммын, туғандар,

Жалғыз жортамын, жете алмайсыңдар, қумаңдар!

Бұғалық салып, ор қазып, қақпан құрмаңдар,

Таптап кетемін, жолыма менің тұрмаңдар!

Аяулы жандар, өздерің мені іздеңдер,

Тауып алғанша үміттеріңді үзбеңдер!

Іздеңдер мені таулардан, мұзарт шыңдардан,

Іздеп жүрмеңдер ойпаттан, төбе, қырлардан.

Іздеңдер мені мұхиттан, теңіз, көлдерден,

Іздеп жүрмеңдер шөлейттен, шөпсіз шөлдерден.

Іздеңдер мені орманнан, нулы тоғайдан,

Іздеп жүрмеңдер қорғаннан, шулы сарайдан.

Тауып алсаңдар, бәріңе жетем, тоқтаңдар,

Қораға емес, жүректеріңе сақтаңдар!

ҚАНДАЙ  ЖАҚСЫ

Шаршасаң да тірліктен, ауырсаң да,

Бал күндерді баяғы сағынсаң да,

Айтпайсың-ау, айтпайсың жалынсам да.

Сосын, сосын мен сені одан сайын,

Жақсы көріп кетемін, жаным, сонда.

Шығып кетсем үйімнен, бір қысылмай

Сағындырып келемін жыл құсындай.

Кешірілмес бұл менің қылмысымдай.

Сен сонда да күлімдеп күтіп алып,

Маңдайымнан сүйесің тұңғышыңдай.

Әйел болып менімен керіспедің,

Мен істейтін тірлікті сен істедің,

Жүріп өткен жолымды тегістедің.

Құжатымда адам деп жазылса да,

Білем, білем сен үшін періштемін.

Түшкірсем де түршігіп ем іздедің,

Тамағыңды жылытпай жегізбедің.

Көл емес-ау көңілім – теңіз менің.

Келген қонақ үйімен күліп шықты,

«Қатыны жаман екен» дегізбедің.

Өзіңсіз жүрек жарты, көңіл жарым,

Белгісіз жалғыз жүрсем не қылмағым.

Бағыма, мұңыма да ортақтасар,

Қандай жақсы жанымда сенің барың!

АПА

Апа, неге күрсіндің, күңірендің?

Сен түңілсең мен-дағы түңілермін!

Өсектерден өзегің өртенбесін,

Сол ғой тәтті тірлігі тірілердің.

Жорғалығым жақпайды есектерге,

Ту сыртымнан тас атып, кесектеуде.

Өкпелеме мен жайлы өсектерге!

Өсек деген өткінші жаңбырдай ғой,

Өтер-кетер, ешкімге есеп берме!

Жаңбырын да, бұршағын, ақ ұлпасын,

Сүйіп өтем, даламның тауын-тасын!

Ауыздарда жүрмін ғой аңыз болып,

Жүрегіңді несіне ауыртасың?

Жазығым жоқ, білесің, апа, мені,

Жазғаным сол туған жер, Отан еді.

Аруанам-ау, мұңайма, бәрін-бәрін

Көтереді ботаңның жота-белі.

Қиналмаймын, соңымнан өсек ерсін,

Күншілдерді Құдайым кеше көрсін.

«Өмірдің гүлі – өсек» деуші едің ғой,

Апа, гүлдер жайқалып өсе берсін!

Ершат  Қайболдин

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: