Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әсері мықты уағыз

01.09.2022, 9:50 663

HALYQLINE.KZ

Мұндай  да  болады

Жаңа  сарын

Рухани  жаулармен  күрес  жолы

Сонау өткен ғасырдың 80-жылдарының соңына таман қазаққа ақырып теңдік сұрап, «Азат» қозғалысының құрамында жүргенімізде, басшыларымыздың бірі Сәбетқазы Ақатай: «Қазақтың жауы көп. Қазаққа тағы бір жау тауып бермесек, ол да – жетістік!», – дегеніне қатты таңданатын едім. Түсінбестіктен болар!

Соңғы кезде ақыл-ой кемелденген шақта мынадай ой келеді.

«Рух – жан қуаты десек, рухымызды шыңдайтын, адами қасиеттерді нықтайтын руханият деген құдірет екен.

Руханият – тіл, діл, дін, ғылым-білім, мәдениет, салт-дәстүрден құралады. Адамды қалыптастырар руханият десек, руханият ұлтқа қалтқысыз қызмет етуі керек! Бұл табиғи тепе-теңдік бұзылса, адам да, ұлт та рухани дағдарысқа ұшырайды.

Тіл – адамдарды ұлтқа біріктірер ұлы күш. Ол ананың тілімен өркендейді, яғни ана тілі – ұлт тілі.

Діл – мінез. Ол адамға, ұлтқа қанмен, санамен беріледі.

Дін – сенім. Сенім арқылы қалыптасады.

Мәдениет, салт-дәстүр өмірлік тәжірибе, дағды арқылы қалыптасады.

Ғылым – білім, еңбекпен келеді.

Түйіп айтсақ, осы руханият деген ұлы ұғым – ұлт мүддесіне жұмыс істеуі қажет.

Кей-кейде осы табиғи заңдылық білместіктен, кейбір адамдар тарапынан сауат деңгейінің төмендігінен жиі-жиі бұзылып жатады. Мұндай үрдіс, түптің түбі, қоғамға қауіп әкелері сөзсіз. Сондықтан, ешнәрсе назардан тыс қалмауы тиіс. Қысқасы, қазаққа жаңадан жау тауып бермесек болғаны».

Бұл – менің пікірім. Сәбетқазы Ақатай ұстазымның айтары да осы болар.

Соңғы уақытта аталмыш қалыптың жиі-жиі бұзылу көріністері белең алып барады. Атап айтар болсақ, сахна мәдениетінің сақталмауы, дінді ұлттық мүддеден жоғары қою, сауатсыз имамдардың өрескел уағыздары, дін беделінің күрт түсуі, материалдық құндылық пен рухани құндылық арасындағы тепе-теңдіктің бұзылу салдарынан туындаған жемқорлықтың белең алуы, тіл төңірегіндегі бітіспес дау – бәрі-бәрі жаңа жаулардың пайда болуына әкеліп соқтырып отыр.

Тағы да қайталап айтамын. Руханият ұлтқа қызмет етуі тиіс. Ол үшін жаңадан пайда болған рухани жауларымызбен аяусыз күресу керек. Әйтпесе, Тәуелсіздігімізге де қауіп төнері анық.

Тәуелсіздіктен айырылу – ұлт бақытынан, қазақтың бақытынан айырылуы деп білемін!

Осы орайда, кезінде қазақтың санасын ояту үшін ұлы ұстаз Ахмет Байтұрсынұлы әдебиетке жүгініп, «Маса» жинағын шығарып, халқын ояту жолында маса болып ызыңдаса, мен де бүгінгі келеңсіз жағдайлармен күресу үшін «Мұндай да болады» атты айдармен әдебиетке жүгініп, сарказм сарынымен қарсы тұруды жөн деп санадым.

Құрметпен, Нұрбай Жүсіп.

***

Оқиға 2022 жылдың 15 шілдесі күні басталған-ды.

Үш құрдас тағы да бас қосып қалады. Зейткерлікке шыққан олар кейінгі тірліктерінің қызық-шыжығын қызу әңгіме қыла бастады.

Тіл маманы ретінде ардагер ұстаз аракідік газетке мақала, әңгіме жазып қоятынын айтса, нәпақасын өмірбақи қара жұмыстан тапқан құрдасы бүгінде мал шаруашылығымен айналысып жүргенін әңгімеледі. Соңынан сөз алған үй егесі – бұрын құқық қорғау орындарында қызмет еткен құрдастары қазір әжептәуір машықтанған діндар екен. Ермегі – күндіз-түні ұялы телефоннан діни хабарлар, имамдардың уағыздарын тыңдау. Сонымен қатар, өзі де әртүрлі тақырыптағы діни әңгімелердің майын тамызып айтуға төселіпті.

Қызынып сөйлеп отырған діндар құрдастары кенет телефонның әлдебір тетігін басып кеп қалғаны сол – ар жағынан әрең шыдап отырғандай сақал-мұрттан ода бір жас имам уағызды бастай жөнелді.

Құдайдың құдіреті ме, бұлар жас имамның уағызына енді ұйый бергенінде, «Құланның қасынуына – мылтықтың атылуы» дегендей, кенет есік айқара ашылды да, үйге біреу қуып келе жатқандай көрінген көршісі ентелей кірді. Өзі әлденеге мәз. Бейне жерден жеті қоян тапқандай.

Телефон дереу сөндірілді. Құлақтар түрілді. Сөйтсе, көршінің көптен жұмысқа тұра алмай жүрген кенже баласы еліміздің мұнайлы өңірінен қатынап істейтін жұмысқа тұрып, алғашқы жалақысына әкесіне кәстөм-шалбар әкеліп беріпті. Үстіне киіп алған сәнді көгілдір кәстөм-шалбары өзіне шап-шақ. Сол қуанышын діндар көршісімен ортақтаса отырып, қазақы салтпен көрімдік сұрауға келген екен. Кезінде арақты өкіртіп ішкен «мент» көршісінің бүгінде тақуалық жолға түскенімен шаруасы жоқ, кеңестік дәуірден қалған әдет бойынша төс қалтасына бір жартылықты салып келуді де ұмытпапты.

Бір жартылық таза арақты көргенде, бір жұтынып қойған ардагер ұстаз бен шаруақор құрдастардың көзі жайнап, айналасына күлімдей қарай бастаса, есесіне, дініне берік бұрынғы «мент» – қазіргі діндар көршінің қабағы түсіп кетті.

– Ана шайтан суды көрсетпе, тығып қой! Одан да мына жас имамның дәрісін тыңдаңдар! – деді де, әлгі бірде тыңдап үлгірмеген телефондағы жас имамның уағызын қайта қосып жіберді.

Ақ сәлдесін басына мұқияттап орап, киіп алған мұртсыз, көзі ойсыз имам уағызын бастап кеп жіберді.

– Ана еркектер бар… Кәстөм-шалбар киетін!… Кәстөм-шалбар киетін еркектер, сіздер біліп қойыңыздар! Ана кәстөм-шалбар тарихын қараңыздар, ізденіңіздер! Ол – «голубойдың» киімі болған кезінде. Ана артындағы ұзын сызықты білесіздер ме?! Кәстөмнің артында ұзын сызық тұрады. Соны тігіп тастаңыздар да, екі баковойынан жыртып алыңыздар! Жыртып, тіктіріп алыңыздар! Өзі негізінде, Алла сақтасын! Асылы, ол голубойлар киімі болған, негізі, кезінде!…

Имамның уағызын естігенде, қуаныштар су сепкендей басылды. Бәрі тура қабір басында «минуттық үнсіздік» жариялағандай тым-тырыс бола қалды. Бұл сәт қашанға созылары бір Құдайға ғана аян-ды. Егер діндардың сүйсіне шыққан даусы бөліп жібермегенде!

– Пах, шіркін! Не деген әсерлі уағыз?! Осы күнге дейін мұндай қуатты уағызды естіп көрмеппін!…

Осы тұста қызығушылықпен ардагер ұстаз да қалыс қалмай:

– Пікірлер не деп жатыр?! – деп діндардың қолындағы телефонды жұлып алып, қарай бастады.

Діндардың имамды осыншама беріле қолпаштауы айналаға қатты әсер еткені сонша – телефонмен әуестеніп жатқан ардагер ұстаздан басқасының бастары арты жырық көгілдір кәстөм-шалбар киген көршіге бұрылды. Жай бұрылған жоқ. Күйлеген сиырдың сарпайын иіскемек боп жоғары ернін көтерген бұқалардай қарады. Мұндай аяқ асты қалыптасқан ахуал көршіні шын састырды. Әлдебір қауіптің жақындағанын тереңнен сезінген ол «Сақтықта қорлық жоқ» дегендей, табан асты шұғыл әрекетке көшті. Көгілдір кәстөмнің жырығын қос қолымен басқан күйі шегіншектей берді.

Телефонды әурелеп жатқан ардагер ұстаз арты жырық көгілдір кәстөм-шалбарлы көршісінің мұнысын аңғара қоймаған-ды. Әйтсе де, кенет «отқа май құйғандай» жас имамның уағызына білдірген пікірлердің бірін оқып кеп жіберді.

«Сендер анау арабтардың ұзын етек қатындардың көйлегін білесің бе, не үшін киетінін? Арабтар етектерін көтере сап ұра берген ғой!» – деп Хайдар деген азаматтың пікірін оқыды. Неге екені белгісіз, сөйтті де, басқаға емес, арты жырық көгілдір кәстөмді көршіге қарады. Басқалары да сөйтті.

Мұны көріп, өзінше шын қауіп төнгенін сезгендей, діндар көршісінен көрімдік алудан дәмелі, арты жырық көгілдір кәстөм-шалбар киген пақырың «Байтал түгіл, бас қайғы» дегендей, артын қос қолымен басқан күйі, есіктен сыртқа қарай шығына қашты. Үйде қымбат таза арақтан ауыз тие алмаған мұңлықтар ұлардай шулап қала берді.

Бұл айтулы оқиға шағын ауылға тез тарады. Түсінбестіктен халық: «Голубой» деген не деген?» сұрақ қойды. Білгірлер: «Голубой» деген «көгілдір», яғни еркектің еркекке әуейі болуы!» – деді.

Мұны естігенде, жұрт: «Құдайдан қорқайық!» – десті, жағаларын ұстап.

Қазақтың болмысында жоқ мұндай уағыздың әсерлі болғаны сонша – еркектер түгілі, өлмелі кемпірлерге дейін артын қорғаштап, жұрттың алдына түспейтін болды. «Сақтықта қорлықта жоқ!» дегендей, әлдебір қауіптен секем алды.

Қапелімде әбіржіген халық кезекті садақаға кәстөмдерінің артының жырықтарын тіктіріп, уағыздағыдай екі қапталдарын жыртып, «сүттен ақ, судан таза» күйлерінде алдыға түссе, артынан қауіп төнердей сезініп, бірінен-бірі озбай, әдеппен қатарласып келетінді шығарды.

Жас имамның уағызының тағы бір күштілігі сол – әшейінде қабырғалардағы ұранды сөздерді, қанатты пәлсапаларды қатесіз жазбайтын мектеп мұғалімдері де қауіпсіздік ретінде артына байлаған легендеріне дейін еш қатесіз, «Бүгіннің басты мәселесі – техника қауіпсіздігін сақтау!» – деп жазып алыпты.

Мұны көргенде, бәрінен бұрын қатты қуанған тіл жанашыры, ардагер ұстаз: «Бастауыш пен баяндауыш атау тұлғада тұрса, бастауыштан кейін сызықша қойылатынын білген мұғалімдерден айналайын!» – деді ерекше елжірей, артын қос қолымен жауып тұрған күйі.

«Сызықша» дегеннен үріккен жұрт түсінсін-түсінбесін: «Не деген әсерлі уағыз!» – десті.

Мұндайда ұзақ жыл темір тордың ар жағында «демалып» келген Жага құрдасымның жаргон тілімен айтқанда: «Имандарымыз енді осындай болмысымызда жоқ, әсері қатты уағыздың екі-үшеуін «тәстә-әп, тәстә-әп» жіберсе, халықтың «екі құлағы салбырап, құйғырын бұтына қысып, мұрнымен жер сүзіп қалары» анық деуден басқа лажың болмайды екен!

Нұрбай  ЖҮСІП,

Қызылорда облысы,

Арал ауданы,

Қамыстыбас ауылы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: