Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұмытыла бастаған ежелгі қазақ салт-дәстүрлері (2-бөлім)

24.07.2022, 15:00 880

БОСАҒА МАЙЛАУ. Жастар шаңырақ құрғанында немесе біреу жаңа үй алғанында жақын туған-туыстары келіп жаңа үйдің босағасына май жағу салтын жасайды. Ол осы үй берекелі, майдай жұғымды, көптің үйі болсын деген ниеттен туған. Босағасын майлаған адамға шаңырақ иелері кәде береді.

ЕНШІ БЕРУ. Ата-анасы баласы балалы болғаннан кейін «енді өз күндерін өздері көре алады» деген сенімге келіп, отау тігіп, бөлек шығарады. Сонда малынан – мал, мүлкінен – мүлік бөліп береді, ыдыс-аяқ сыйлайды. Оған келіннің төркінінен келген дүниесі қосылып, жас жұбайлар жеке шаңырақ болып шыға келеді. Мұны енші беру деп атайды. Ата-анасы қайтыс болса, олардың малы мен дүние-мүлкі қалған ағасы інісіне еншібас беруге тиіс.

ЕРУЛІК БЕРУ. Ауылға басқа жақтан бір үй көшіп келсе, бауырларының бірі туған-туыстарына жапсарлас келіп қонса, көрші-қолаң немесе жақындары жаңа үйге «ерулік» деп ас пісіреді, табақ тартып, қонақасы береді. Осылайша қазақтар танысын, танымасын бір-бірін бөтенсімей, өз ортасына тарта білген.

ЖЫЛУ ЖИНАУ. Бір бақытсыздыққа ұшырағанында, үй мүлкі, малынан айырылғанында ауыл тұрғындары, көрші-көлемі, туған-туыстары мал, дүние, ақшалай көмек көрсетеді. Мұны олардың ор тасынан бір адам ұйымдастырады. Бұл жәрдем – жылу жинау деп аталады. Арам жолмен шығынға ұшырағандарға жылу жиналмайды. Олар: дүние-мүлкін қартаға салып ұтқызып жібергендер, зинақорлыққа салғандар, ішіп құртқандар, қоғамның, мемлекеттің дүние-мүлкін жеп қойғандар.

ҚАЗАН ШЕГЕЛЕУ. Жақын туыс, әзіл-қалжыңы жарасқан адамдардың үйіне екі-үш адам бірге барып: «Осы үйдің қазанын шегелей келдік» дейді. Бұл олардың түстеніп, ет жеуге келгендігі. Үй иесі оған әзілмен жауап қайтарып: «Жақсы болды, қазан шегелейтін адам таба алмай отыр едік» деп қонақжайлық танытады, әйелі ет асып қонақасы береді.

ҚАЛАУ АЙТУ. Біреудің жақсы малына, мүлкіне көңілі кеткен адам сол үйдің иесіне немесе әйеліне, баласына соған лайықты бағалы бір тарту әкеліп, әлгі дүниені, жануарды «менің қалауым осы» деп сұрайды. Кейде үй иесі мұндай сыйлы, жөн-жоралғысымен келген қонаққа өзі сөз салып: «Бұл үйден қалаған бір заттың бар ма? Қалауыңызды айтыңыз» деп сұрап, қалаған затын сыйлайды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: