Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызын ернінен сүйген ер адамның видеосы дау туғызды. Полиция тексеруді бастады

09.11.2026, 10:45 23

Әлеуметтік желіде ер адамның қызын туған күнімен құттықтап, ернінен сүйген сәті түсірілген бейнежазба қызу талқыланып жатыр. Оқиғаға қатысты Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті пікір білдірді, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Қазнетте тараған видеода ер адам қызды туған күнімен құттықтап, ернінен сүйеді. Желі қолданушыларының бір бөлігі бұл әрекетті орынсыз деп бағаласа, енді бірі отбасылық қарым-қатынасқа қатысты асығыс тұжырым жасамауға шақырған. Бейнежазбаның толық мән-жайы мен оған қатысушылардың қарым-қатынасы туралы әзірге ресми ақпарат жарияланған жоқ.

Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті аталған жағдай бойынша тексеру басталғанын хабарлады.

— Аталған ақпарат полицияда тіркелді. Қазіргі уақытта тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған білім басқармасы мен жергілікті атқарушы органның қызметкерлері тартылды, – деп мәлімдеді ведомство.

Еске салайық, биыл қазан айында Астанада осыған ұқсас бейнежазба әлеуметтік желіде тараған болатын. Онда әйел құрбысының кәмелетке толмаған ұлын ернінен сүйген. Кейін видеоны баланың анасы түсіргені анықталып, ол баланы тәрбиелеу және қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Ал Шығыс Қазақстан облысындағы оқиғаға қатысты әзірге құқықтық шешім қабылданғаны хабарланған жоқ. Тексеру қорытындысы бойынша тиісті органдар мән-жайға баға береді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: