Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың бір бөлігі отбасының материалдық жағдайына қарай тағайындалады. Үкімет табысы жоғары азаматтарға берілетін кейбір төлемдерді шектеу арқылы жылына 700 млрд теңге үнемдеуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Halyqline.kz.
Премьер-министр Олжас Бектенов бұл туралы 14 қазанда Құрылтайдың жалпы отырысында депутат Наталья Годунованың сауалына жауап беру кезінде мәлімдеген. Үкімет басшысының айтуынша, қазіргі әлеуметтік қолдау жүйесінде отбасының нақты табысы барлық жағдайда бірдей ескеріле бермейді. Мәселен, тұрмысы жақсы көпбалалы отбасы мен табысы төмен көпбалалы отбасы мемлекеттен бірдей мөлшерде жәрдемақы ала алады.
— Бүгінде көпбалалы отбасы бай болсын, кедей болсын, мемлекеттен бірдей қолдау алады. Біздің ойымызша, бұл әділетсіз. Өзін қамтамасыз ете алатын бай, ауқатты адамдар мемлекеттен көмек алмауы керек. Олар өз күшіне сенуге тиіс. Мемлекет өмірлік қиын жағдайда өзін қамтамасыз ете алмайтын азаматтарға ғана қолдау көрсетуі керек, – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министрдің түсіндіруінше, жаңа жүйенің мақсаты әлеуметтік көмекті шынымен мұқтаж азаматтарға бағыттау. Үкімет жәрдемақыны адамның тұрақты табыс көзіне айналдырмай, оның қиын жағдайдан шығуына және өз бетінше еңбек етіп, табыс табуына мүмкіндік беретін қолдау құралы ретінде қарастырады.
Жаңа тәртіп Үкіметтің 2026 жылғы 5 қазандағы №870 қаулысымен бекітілген. Құжатқа сәйкес, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жәрдемақының 10 түріне қатысты отбасының әл-ауқатын бағалау тетігі қолданылады. Олардың қатарында бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы, бала күтімі үшін төленетін мемлекеттік жәрдемақы, көпбалалы отбасыларға және марапатталған көпбалалы аналарға берілетін төлемдер бар. Сондай-ақ мүгедектікке, асыраушысынан айырылуға және күтім жасауға байланысты бірқатар жәрдемақылар қамтылған.
Дегенмен өзгеріс аталған төлемдерді алатын азаматтардың барлығына бірдей қолданылмайды. Мәселен, мүгедектігі бар балалар мен I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға, ата-анасының екеуінен де айырылған балаларға берілетін жәрдемақыларға қатысты ерекшеліктер қарастырылған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, әлеуметтік төлемдердің тағы 22 түрі бойынша бұрынғы тағайындау тәртібі сақталады.
Азаматтардың материалдық жағдайы «Отбасының цифрлық картасы» арқылы бағаланбақ. Жүйе отбасының табысын, жылжымайтын мүлкін, көлігін, кәсіпкерлік қызметін, кредиттік міндеттемелерін және өзге де көрсеткіштерді есепке алады. Бағалау әдістемесінде 59 көрсеткіш қарастырылған. Нәтижесінде отбасылар әл-ауқат деңгейіне қарай бірнеше санатқа бөлінеді. Жоғары және ауқатты деңгейге жатқызылған азаматтарға кейбір жәрдемақыларды тағайындау шектелуі мүмкін.
Жаңа тәртіп бойынша тиісті төлемдерді алу үшін азаматтардың жеке деректерін, соның ішінде банктік және кредиттік мәліметтерін өңдеуге келісім беруі қажет болады. Ал отбасының материалдық жағдайы өзгерсе, тоқтатылған төлемдерді қайта тағайындау мүмкіндігі қарастырылған.
Үкімет басшысының есебінше, әлеуметтік көмекті мұқтаждық деңгейіне қарай бөлу 2027 жылы шамамен 700 млрд теңге, ал үш жылда 2,5 трлн теңгеге жуық бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл қаржыны басқа да маңызды мемлекеттік міндеттерге бағыттау жоспарланып отыр.
Алайда жаңа тәсілдің қоғамда сұрақ туғызатыны анық. Әсіресе көпбалалы отбасылардың материалдық жағдайын бағалау кезінде олардың нақты шығындары, кредиттік жүктемесі мен асырауындағы адам санының қаншалықты ескерілетіні маңызды болмақ.
Дереккөз: ҚР Үкіметі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Kazinform.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!