Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қайтарымсыз грант алудың жаңа ережесі түсіндірілді

09.06.2022, 9:20 15222

«Нәтижелі жұмыспен қам­ту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында әр өңірде облыстық кәсіпкерлер палатасы арқылы «Бастау бизнес» жобасы жүзе­ге асырылған болатын. Биылдан бастап ол – «Еңбек-Бизнес» порталы болып ауыстырылып, өз жұмысын жалғастырып жатыр. Осы тұрғыда Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жанар Дәулетбаева жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға берілетін грант беру шарттары жайында брифинг өткізді. Онда мемлекеттік грант мөлшері биылдан бастап 1 225 200 теңгені құрайтыны, мемлекеттік гранттарды қандай азаматтар алатыны туралы  баяндады.

– Бұрын мемлекеттік гранттарға барлық санаттағы азаматтар үміткер болса, биылғы жылдан бастап тек 29 жасқа дейінгі жастар мен әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар ғана грант ала алады. Әлеуметтік осал топтарына атаулы көмек алатын отбасы мүшелері, көпбалалы отбасылар, мүгедектер, мүгедек баланы тәрбиелеу­шіге берілетін жәрдемақыны алатын адамдар және қандастар жатады, – деді Жанар  Жұмабек­қызы.

Биыл грант беру процесі электронды түрде өтеді. Бұл ретте  үміткерлер  өтімдері 1 нау­рыздан бастап іске қосылған «Еңбек-Бизнес» порталына электронды цифрлық қол­танба арқылы тапсыратын болады. Мемлекеттік грант беру туралы шешімді грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі арнайы комиссия шығарады. Комиссия құрамына «Атамекен» палатасының өкілі, қоғамдық бірлестіктер, қоғамдық танымдық ұйымдар, бизнес, бұқаралық ақпарат өкілдері және сала эксперттері енгі­зіледі.

– Мемлекеттік грантты иеленетін азаматтар жұмыс­пен қамту органдарында тір­кеуде тұрған жұмыссыздар немесе мерзімі 1 жылға дейін­гі жеке кәсіпкерлер және жеке қосалқы шаруашылықта жұмыс істейтін азаматтар қатарынан болуы тиіс. Сондай-ақ, «Бастау бизнес» жобасының сертификаты және 1 жыл тұрғылықты жері бо­йынша грант үміткері атана алады. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу іс-шараларының қатысушылары болып табылатын адамдар грант алуға үміткер бола алмайды. Гранттар тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын  тұрғын  үй сатып алуға және салуға, өнімдер өндіруге берілмейді. – дейді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар  басқармасы басшысының орынбасары.

Халықты жұмыспен қамту орталықтарымен гранттардың  мақсатты  пайда­лануына тұрақты мониторинг жүргізі­ліп отырады. Айта кетейік, биылғы мемлекеттік қайтарымсыз грант жобасына бір­қатар жаңа ереже енгізілген. Сонымен бірге, грант тек бір рет беріледі. Қайтарымсыз грант иегері атанғаннан кейін өндірісін жүйелі жобалап алғанша уақыт беріліп, 12 айдан кейін мемлекеттік тексеріс жүргізіледі. Аталған грант негізінде 25 күндік оқуға қатысып, 3 жылға жарамды  сертификат  алады.

Оразкүл  ТЕМІРҒАЛИ

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: