Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көз мүгедектері кітапты қалай оқиды?

02.06.2022, 10:40 783

Тіршілік тынысы көз жанарында өтіп, өктем өмірдің қатал сынын өңге айналдырған ғұмыр иелері аз емес. Жарық ғалам олар үшін арман болып қала бермек. Сол тағдырға көндігіп, жанарынан нұр кеткендер жұртпен арпалысып, жұмыс істеуде, өз күнін өзі көруге көшкен. Маңдайына жазылған мәңгілік дертті қамалдай көріп, қаймықпай, қасқайып қарсы тұрғандар қаһарман деуге тұрарлық. Көз мүгедектігіне шалдыққан адамдар білімге әуес, ғылымға жақын. Мұндай ерекшелігі бар адамдар қалай кітап оқып, шаруамен айналысады, оларға қандай мүмкіндіктер қарастырылған?

Тақырыптан-ақ түршігіп, аяныш сезімін бастан кешкеніңізді білеміз. Өйткені зағип жандардың өмірі кімді болмасын алаңдататыны рас. Сол үшін оларға көрсететін арнаулы кітапхана қызметі жайлы жазуды жөн көрдік.

Брайль әліппесі дегенді естіп пе едіңіз? Иә, бұл – жанарына сәуле түспейтін жандар үшін жасалған алфавит түрі. ХІХ ғасырда етікшінің отбасында дүниеге келген Луи Брайль 4 жасында жанарынан айырылып, көзі көрмей қалған. Сол уақыттан бері қиындықты қабылдай алмай, өзгелер секілді білім алып, ілім қууды жөн көреді. Есейе келе өзіне дейін жасалған соқырларға арналған әріптерге көңілі толмай, оны түсініксіз, күрделі санап, өзі толықтырулар енгізеді. Міне, осы сәттен бастап Брайль әліппесі кең көлемде қолданылып, бүгінде әлемдік деңгейде әліппе ретінде пайдаланады. Көру мүмкіндігінен айырылса да, сезу мүшесі арқылы әріптерді оқып, қаншама том-том кітаптарды  тауысқан  жандар  бар.

«Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің әр облыстан, қалалардан бөлімшелер ашып, сол жерде «ерекше жандарға» жағдай жасап, білім алу, жұмыс істеу бағытын көрсетеді. Қызылорда қаласы бойынша 4000-нан аса көзі нашар көретін зағип жан тіркелген. Біршамасы – егде жастағы зейнеткер. Көпшілігі кітап оқып, бос уақытын үнемді пайдалану үшін Қызылорда облыстық зағип және нашар көретін адамдарға арналған арнаулы кітапханасына келіп, арнайы құрал-жабдықтар көмегімен кітап оқи алады.

Мұнда көзі мүлде көрмейтіндер үшін касета, дискілер немесе аудио арқылы тыңдауға мүмкіндік бар. Кіреберісінен бастап, арнайы нұсқаулар арқылы сезіп жүруге арналған жетектеуіш заттар қойылған. Тіпті, іштен қызметкерлерді шақыру тетігі орналастырылып, келушілерге оңай мүмкіндіктер қарастырыпты. Бүгінде кітап қоры 30 мыңнан асатын кітапхананың екі мыңнан аса тұрақты оқырманы бар. Олардың ішінде көзі нашар көретіндері басым. 30 000 кітаптың 40%-ы – касета кітап, тағы 40%-ы – әдеби кітап, 15%-ы брайль қарпінде болса, 5%-ын  диск  форматындағы  кітаптар  құрап  тұр.

– Кітапхана жанында дыбыс жазу бөлмесі бар. Заманауи техникалардың көмегімен оқырмандар кітапты дыбыстап шыға алады. Немесе қызметкерлер де оқып, сол кітаптың электронды нұсқасын жасап, пайдалану мүмкіндіктерін арттыруда. Жылына 12 кітапты дыбыстап, кітап қорын көбейтіп жатырмыз, – дейді кітапхана әдіскері Айна Мамырайымқызы.

19  қызметкер  осы  кітапхана  жұмысын дөңгелетіп, көз  жанарынан айырылғандарға  көмек көрсетуде. Оның 8-і кітапханашы болса,  қалғаны – ішкі-сыртқы байланыс маманы. Кітапхана қызметін пайдаланушылардың сұранысына сәйкес,  жаңа  ІТ-технологиялар  облыстық бюджет  есебінен қаржыландырылып, сатып  алынуда.  Алынған  тифлоқұралдар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсетуде және электрондық инфрақұрылымдармен өз бетінше жұмыс  жүргізуіне еркін мүмкіндік беру үшін электронды видеоүлкейткіш «Оникс», Брайль принтері «Іndex-Everest-D V4», дыбыстандырғышымен портативті арнайы пернетақтамен жарақталған тифлокомпьютерлік кешен «ElBraille-W14J G1», брайльша жазу машинасы «PerkinsSmartBrailler», Брайль шрифтін өздігімен үйренетін дыбыстандырылған құрылғы бар. Әрқайсысының құны миллион теңгеден асып жығылады. Сондай-ақ, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы да қарастырылған. Онда компьютер мен принтер  пайдаланушылар жұмысына берілген. Кітапхана жанынан түрлі жағдайлармен көзі көрмей қалған азаматтарды Брайль қарпіне үйрету үшін «Ғажайып нүкте» үйірмесі тегін қызмет көрсетеді. 2021 жылы 4 көз мүгедегі Брайль жүйесін толық меңгеріп шыққан. Кітапхана жанынан тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат үйірмелері ашылып, жұмыс істеуде. 2020 жылы Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған «Рухани қазына – 2020» республикалық байқауында «Үздік облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған.

Кітапхана заманауи талаптарға сай, арнайы құрал-жабдықтармен қамтылған, тұтынушыларға жағдай жасалыпты, бірақ бір «әттеген-ай» бар. Ол не дейсіз ғой? Ол – шағын баспахана. Кітап үйіне келіп, қоймада жоқ кітапты сұраған оқырмандардың сұранысы селкеу түсіп тұр. Өйткені кітап базасы барлық кітапты қамтуы мүмкін емес. «Егер шағын баспаханамыз болса, аудандар мен оқырмандарымызды «брайльша» кітаптармен қамтамасыз етер  едік», – дейді қызметкерлер. Көп нәрсе қажет  емес, нүктелі  басатын  принтер  мен компьютер болса  болғаны.

Құмырадағы балды тауысудың екі әдісі бар. Бірі аю бір асап жоқ қылады немесе жәндіктер жыл бойы азық етеді. Аюдың жейтін тамағы жеткілікті. Бұл бал жәндіктерге аса қажет екенін ұғынуымыз керек. Қазынадағы қаржыны қажетті дүниелерге бөлсе, мекемелер жоғы түгенделер ме еді?! Сапасы сын көтермейтін жобалар қаражат қолдауын тауып жатқанда, қолғабыс қажет ететіндерге сәл де көмек болса, соның өзі біраз қуанышқа сеп болмақ. Мына әлемді көруге жанары болмаса да, жаратқанмен көзсіз тілдесіп, сөзсіз ұғынады олар. Өйткені, өмірі сынақтан өрілген…

Ердәулет  ҚАЛИЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: