Сырына жетер жан болса, сурет те сөйлейді. Қызылды-жасыл бояуды қою, күңгірт түспен бірге үйлестіріп тілсіз сөйлету – суретшінің шеберлігі. Ал, шебер – бар білгенін сұлу сөзбен сипамай, сурет тақтасы мен бояғыш қаламының еркіне қалдыратын, сезімі мен ойы ұшқыр тұлға, сабырлы да сыршыл жан иесі. Уақыт ешқашан ешкімді күтіп тұрмақ емес. Ал суретші – осы теоремаға қасқайып қарсы шығатын бірден-бір маман. Зуылдай өткен зымыран уақытты сурет дәптерінің бір парағында тоқтата қоятын, ескірмес естелік жасайтын уақыт жанашыры.
Американдық фотограф Ансел Адамс: «Сөз түсініксіз болса, суретке мән беремін, сурет түсініксіз болса, үнсіздікке риза боламын» – дейді. Расымен де, өз оқиғасын сөзсіз ұқтыратын картина жасау – өнердің ең көркемі. Ал, көркем дүниеге көрме төрінен қашанда орын бар. Бастысы – көрме сөресінде шаң бастырмай, одан әрі дәріптелуін мақсат қылу. 300-ге жуық картина сақталған өңіріміздегі Салихитдин Айтбаев атындағы сурет галереясы жұмысын бастағалы 10 жылға тарта уақыт болды. Бір қарағанға «түк түсініксіз» болғанымен, тұңғиығына үңілсең, тұтас тарихты баяндайтын туындылар мұнда да жетерлік. Бір әттеген-айы түсініп, танып, байыбына бойлайтын адам аз.
Жан тыныштығын сыйлап, рухани құндылықты ұғындыра түсетін картиналар өңірлік галереямызда да орын тепкен. Мұндағы мұралардың ішінде ескі ғасырдың көзін көрген көнелері де бар. Бейне бір картинада таумен таласқан көгілдір аспан мен құлдилай ұшқан қыран бейнеленсе, туған жердің кең-байтақ аспаны мен жазира даласын көріп, түсіне аламыз. Бір қызығы, түрлі геометриялық сызықтар, қою-күңгірт бояулар, әрқилы түсініксіз пішіндер, бейнеленген картиналар бар. Нағыз ұшы-қиыры жоқ қиял мен логикалық шеберлік осы бейнелерде дерсің. Бүтін бір ғасырдың ғаламаты мен азабын, бақыты мен басқасын дерлік бір картинаға сыйғызғандай. Жүрекке жетіп, соншалықты биік философиялық ойға құрылған картиналардың бірі – Баймағамбет Есіркеповтың туындылары. «Жайлау», «Әке», «Ошақ қасында», «Ауылдағы тіршілік» атты картиналар әдемілігімен, үйлесімділігімен ерекшеленеді. Бір ғана «Жайлау» деп атаған картинасында бүтін қазақ әйелін, ақжүрек ананы, сол замандағы қазақтың қарбалас қозғалысын асқан шеберлікпен бейнелеген. Көркем өнердің көркем құдіретін қылқаламмен білдірген суретші аталмыш картинада ақ жаулықты ананы бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен әзиз әйел ретінде анық көрсеткен.
Облысымыз бойынша 32 суретші Қазақстан суретшілер одағының мүшелігіне енген. Қазіргі таңда 2 суретші өңірлік галереяда жұмыс істейді. Олар – Темірхан Сағымбаев пен Батырбек Назаров. Аталмыш өнер үйінде Ә.Қастеев, Г.Исмайлова, А.Ғалымбаева, Қ.Мамақов сынды елімізге белгілі қылқалам шеберлерінің картиналары сақталған.
Сыр өңіріндегі сурет өнерінің дамуына айтарлықтай үлес қосқан көркемсурет шеберлерінің бірі – Аманкелді Кененбаев. Қазақ бейнелеу өнерін биіктете түскен сиқырлы қалам иесінің картиналары Германия, Португалия, Израиль, АҚШ, Норвегия, Канада мемлекеттерінде және ТМД-ның бірқатар еліндегі халықаралық көрмелерде қойылған. 1988 жылы Қазақстан суретшілер одағының жастар бөлімін Ерболат Төлепбай басқарған тұста Алматыда өткен «Таутүргін» халықаралық симпозиумына шақырылады. Әсем табиғаттың аясындағы суретшілер сайысында бес картина жасаған суретшінің жұмыстары көрермен көңілінен шығып, сол мезетте сатылды. Өзбекстан, Украина, Ресей, Грузия мемлекеттерінің суретшілерімен болған көрмеде бәсекелестік болғанын жасырмаған ол «өнер жолындағы жұлдызым жанған сәт» деп бағалайтынын айтты. Десек те, көркемөнердің көкжиегі кешегі кеңдігінен бара-бара түсіп жатқанын да жасырмады.
– Кеңестік социалистік республикалар одағы тұсында арнайы көркемсурет мектептері мен өнерге үйрететін мәдениет үйлері айтарлықтай көп еді. «Тәуелсіздік алғанымыз рас па, өтірік пе?» деп жүргенде танымы таяздар келіп, түрлі мәдениет ошақтары мен идеологиялық орындарды жоққа шығарды. Мәдениетімізді дамытамыз деген құрғақ ұранымен мәдениетті дәріптеп, өнерге үйрететін өнеге үйлерін бұзды. Түрлі бағыттағы дүкендер мен ойын-сауықтық жерлерге ауыстырды, – дейді суретші.
Расымен де, азаматтық позиция мен рухани құндылықты барлығынан артық қойып, биікке көтерген көршілестермен бұл тұста тереземіз теңелмейтіні тайға таңба басқандай анық. Оған себеп, көркемөнершілерге көлеңке боларлық ештеңе жоқ. Жанға рақат сыйлап, жүректі тыныштандырған сүйген ісі арқылы көрнекілікті дәріптеп, рухани құндылықтың тұғырын биіктете түскен өнер жанашырларына қолдау да, құрмет те аз. Турасын айтсақ, бәйгеге қосарда бәйек болғанымен, басқа кезде бабын тауып жатқаны шамалы. Керісінше, барынан айырып, құрметсіздікпен қолды бір сілтейтін сәттеріміз көп.
Суретшілер ұзақ уақыт бойы шыңдалып, от жалыны лаулаған деңгейге жеткенде ғана өзінің жан дүниесін табиғаттың сұлу көрінісімен тоғыстырады. Сосын ғана кербез де көркем картина туады. Ұшы-қиыры жоқ ұшқыр қиялды қылқаламымен ұштастырып, әлем тамсанарлық келбет қалыптастырады. Адаммен қоса әлем де қызыға да, қызғана да қарайтын өнер туындысы – тек суретшінің ғана емес, бүтін халықтың жемісі. Сурет өнері өркениеті дамыған ел ретінде биікке қанат қағуға жол ашады. Бірақ қандай да болмасын сенімді қадамды жасауда қолдау мен құрметтің керек екендігі бесенеден белгілі.
Жәмила ЕРМАХАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!