Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Адам солай өзінде жоққа құмар…

10.03.2022, 9:20 810

Қуанышбек  ӨМІРБЕК

Мен  сені  сүйемін,  Отаным!

Сен мені сабама!

Қамама!

Басқа ұрма!

Сен маған қарама,

Тоқпын ба?

Ашпын ба?!

Жыртылған көк көйлек,

Көкпеңбек көз жасым

Мөлтеңдеп ағады көк тудың астында.

Сағындым көк тауды,

Көк белді,

Өзенді,

Ал, бүгін мендегі ой өлді,

Сөз өлді…!

Кеудеңді сен көкке көтерме, бауырым –

Көк тудың астында көк мылтық кезеулі.

Хан ием,

Хан ием,

Көкпеңбек сақалы,

Мені өртеп барады нұрыңның шапағы.

Қатындар,

жатыңдар,

тумаңдар сәбиді,

Шеруге шықпаңдар,

Шекеңнен атады…

Бой созған халқым-ау

Биікке,

Асқарға,

Тарихын қашаған тауларға,

Тастарға!

Көк туды айналып ұшып жүр көп құзғын…

Көк туды айналып ұшып жүр көк қарға.

Аузыма түскенше ақ бұйра сақалым –

Өшкенше

Біткенше

Даңқым мен атағым –

Мен сені сүйемін бейшара қалпыммен,

Мен сені сүйемін, бейшара Отаным…!!!

Басыңа  түсіп  кетпесін  әнееееу  жапырақ

Маусымдар көшеді ізім өледі,

Өрнек қып салып кетеді жүзіме нені?!

Жапырақ жауып жатады жан алғыш сынды,

Көшелер күңіренеді…!

Жапырақ жауып толады жолдар ағынға,

Боздатып тұрып ән салар боз дарағың да.

Күңіреніп тұрған көшеден күңіреніп жылап,

Мейірім іздеп қаңғырған мен ғанамын ба?!

Батып та көрдім тұңғиық тереңге шыдап,

Жарқ етіп қашан жағылар әлемге шырақ?

Боз дарақтың түбіне маңайламашы,

Басыңа түсіп кетпесін әнекеееееееу жапырақ…

Жоқ

Бетімді сипаласам, иегім жоқ,

Етімді сипаласам, сүйегім жоқ.

Жасын ішіп күнелтем біреулердің,

Күнелтем біреулердің жүрегін жеп…

Бұл өмірден мендейлер көп табылар,

Өзін-өзі боққа да

Отқа да ұрар…

Жүрегім жоқ,

Бетім жоқ,

Беделім жоқ…

Адам солай өзінде жоққа құмар…

Тәңірінен ар тілеп,

Ұят тілеп,

Көзімнен жас

Көңілден күй ақты көп.

Менде неге ақыл жоқ –

күн кешірем –

Анамнан жаңа туған сияқты боп…

***

Қарашы тал бүрледі,

Тал бүрледі,

Көбелектер бақытты әр гүлдегі!

Қай көктемде кездестік сен екеуміз,

Қай көктемде шығарып салдың мені…

Қарашы көк өрледі

Көк өрледі,

Бір махаббат оянды-ау тереңдегі.

Мені сенен қай көктем алыстатты,

Қайсы көктем әкетті сенен мені?!

Тыңдашы қаздың үні

Бұлбұл әні,

Бұлбұлдың салған әні «кім кінәлі»…

Көз ішіне бір тамшы тұнып алды,

Көз ұшында бір арман бұлдырады…

Қарашы жаңбыр жауды,

Жаңбыр… Жаңбыр,

Мен де жалғыз тамшымын қаңғырған бір…

Тас сияқты мелшиіп мыңқ етпейтін,

Не деген тағдырлар бұл…

Бұл  өлеңімді  ешкімге  арнаймын…

Бәрі менің еңсемді басады,

Партиялар,

Діндер,

Үнсіз қырылыстар…

Аспанда қалықтаған «ұры құстар»…

Үйсіз

Күйсіз бомждар

Қайыршылар…

Бітпей қалған құрылыстар…!

Иеленіп болдыңдар Әлемімді әр,

Куә – жүрек,

Куә – көз жас…

Дәлелім – зар!

Бәрі менің еңсемді басады –

Патшалар…

Уәзірлер

Және құлдар!

Бәрі менің еңсемді басады –

Жаңалықтар,

Хабарлар,

Ақпараттар,

Банктер,

Кредиттер…

Сот,

Қамақтар…!

Ескі үйлер,

Ескі жолдар…

Ескі ереже…

Столдар

Орындықтар

Ақ парақтар…!

Бәрі менің еңсемді басады,

Көз жасына боялған омыраулар…

Басы екеулер…

Шекпені,

Шені барлар.

Адамдар,

Қатынастар,

Сатқындықтар,

Сигналдар,

Сағаттар,

Қоңыраулар!!!

Бәрі менің еңсемді басады,

Қоғам

Өмір

Және де күйік

Әрман,

Еңсем илеп-илеп иі қанған!

Кешіріңдер,

Адаммын мен осындай,

Жер шарыны басына киіп алған…!

***

Әкем плюс белгісі бар төртбұрыш сөмкесін асынып шығып кетіп, айлап оралмайды екен.

Әке,

Сенің шаранаңнан шайқалған құс едім,

Мен енді сенің жолыңа түсемін!

Сен құсап қаңғырып…

Сен құсап ішемін…

Сен сияқты менің де бағынбайтыным уақыт,

Боғыңмен бірдей, әке,

Дүние-байлық, мансап-бақыт!

Қаншама бала тәтті кәмпит жеді екен,

Сен босатқан бөтелкелерді сатып…

Сенің жамандығыңның жақсылығы соларға нәсіп,

Жетім құстарды асырадың ырыздығыңды далаға шашып…

Әке, түсімде баяғыдай қаңғып жүресің

Иығыңа плюсы бар төртбұрыш сөмкеңді асып…

Ізіңді енді таппасам уақыттың уысында жоғалар,

Жалғыз ақиқат – адамға шексіз жақындайды молалар…

Саған жарты шөлмек құйып беруге жарамай жүргенін білем, әке,

Кеше сен кіндігін кескен балалар…

Көктемде ауылға қайтсам бар ғой, әке,

Ең қымбат

Ең ащы арақ аламын,

Шешеме көрсетпей әлгі төртбұрыш сөмкеңе саламын!

Жаным балам деп маңдайымнан шолпылдатасың сонда жадырап –

Бір өмір ашылмаған қабағың…

Рухың тасып баяғыдай

Жігерің күшейіп,

Айтылмай кеткен іштегі әңгімеден түсейік.

Бокалдардың дауысы қасіретті үн шығарады, әке,

Қағыстырмай ішейік…

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: