Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада 72 кәсіпкерлік нысан салынбай қалуы мүмкін

17.02.2022, 10:30 468

HALYQLINE.KZ

Қызылорда қаласының әкімдігі өздері аукцион арқылы кәсіпкерлік мақсатқа берген 72 жер телімін қайта алып қойғалы жатыр.

Бұл проблема Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысында қаралды.

Отырыста Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Салават Құлмахан жер телімін аукцион арқылы жалға алған кәсіпкерлердің шағымын жеткізді.

2020-2021 жылдары Қызылорда қаласы әкімдігі 7 рет аукцион өткізіп, жеке және заңды тұлғаларға сол жағалаудан кәсіпкерлік мақсатта жер телімдерін табыстайды. Бірақ ғимарат құрылысын бастауға негіз болатын рұқсат құжаттары жергілікті атқарушы орган тарапынан бекітілмеген. Бүгінде салынатын нысандардың эскиздік жобаларына әкімдік келісім бермей отыр.

«2017 жылдан бері Қызылорда қаласы Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру жобасы бойынша облыстық штаб жұмыс істейді. 2021 жылғы мамыр және қазандағы отырыстарында қала әкімдігіне сол жағалауда салынатын барлық нысандардың эскиздік жобаларын штабқа шығарып, талқылауды және бекітілген егжей-тегжей жоспарлау жобасына сәйкес келмейтін, аукцион арқылы жалға берілген 72 жер телімін мемлекет меншігіне қайтаруды міндеттейді. Штабтың хаттамасын басшылыққа алып, қалалық сәулет бөлімі экскиздік жобаларды келісуден бас тартып отыр. Мұнымен қоса жер телімі уақытша пайдалануға 1 жылға ғана берілген. Енді пайдалану мерзімін де ұзартпай жатыр», – деді кеңесте Салават Құлмахан.

Кәсіпкер Еділ Саркөбеннің айтуынша, ол аукционға қатысқанда жер телімін арнайы көрсетілген мақсатқа пайдалану керегін білмеген және салынатын ғимараттың бағыты туралы алдын ала ауызша немесе жазбаша ескертпе алмаған.

Шарада Кеңес мүшесі, Қызылорда кәсіпкерлері Қауымдастығының басшысы Мырзағали Ермаханов облыстық штаб хаттамасының заңдылығын тексеру қажет деген ұсыныс айтты.

«Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі көрсететін эскизге келісім беру қызметі мемлекеттік қызмет түріне жатады. Осыны ескере отырып кәсіпкерлер Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне арыз жаза алады», – дейді департамент басшысының міндетін атқарушы Берікбол Байхожаев.

«Мұндай мәселені шешу жолдарын табуға арналған жиынға неге шешім қабылдай алатын лауазымды тұлға, облыстық басқарма басшысы немесе орынбасары, қала әкімінің осы салаға жауапты орынбасары қатыспайды? Соңғысының мақұлдауымен жер учаскелерін аукционға шығарды. Енді жауапкершілікті «орындаушыларға» жүктегені ме», – деді кеңесте Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов.

Отырыс соңында қалалық жер қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі Ғанибек Омаров 72 жер телімін уақытша пайдалану құқығын 3 жыл мерзімге созатынын жеткізді.

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: