Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Төбет (Молдахмет Қаназдың шығармалары)

10.02.2022, 9:00 291

Шырт ұйқыда жатқан жерімнен бұқаның өкірген дауысынан шошып ояндым. Ояндым да демімді тартып, санаторияда адасып жүрген нендей бұқа екендігіне мүлде түсіне алмай үнсіз, аң-таң құлақ тостым. Жоқ, бұқа емес сияқты. Ұлып тұрған ит болар. Иек астында, тап терезе алдында шығарсың-ау. Ашық көзден енген ащы зар тас қабырғаға соғылып, тап құлағыңның түбінен жаңғырыққанда, құдайым басқа салмасын, құлқын сәріден оғаш зар төбе құйқаңнан құйылған суықтай сай-сүйегіңді сырқыратып, қаратабаннан бір-ақ шығады екен. Шыбық тимей шыңқ етпес көне ағаш кереуетті бажылдатпасқа тырысып орнымнан ептеп қана тұрып, жағы қарысқырдың жағын біржола қарыстырып жатқыза салмаққа әрі қомақты, әрі салмақты бірдеңе іздедім. Ондай басы артық зат қайдан болсын: шам жақсам үркітіп аламын, нағылетке балконда тұрған үлкендеу алманың бірін жібермек есеппен ептеп басып тысқа шығып, қаракөлеңкеде тасаланып тұрып төмен қарағанда барып түсіндім. Құдай басқа сала көрмесін. Бұндай жағдайда өзіміз де ұлимыз. Ұлығанда да санаторийді тастап, жеті қат көктің шарбысын сөгіп ұлитын жайт екен…

Шыршаның түбінде кекілі көзіне түскен, үсті-басы шоғайна-шоғайна сабалақ кәнден – Қыз Жібек – жатыр қылша белі талша бұралып. Айналасы ылғи да мен атайын, сен тұр әлеукендей еркек. Көбі таныс. Санаторияның асханасы алдында шыққандардың қолдарынан дәметіп, құйрықтарын бұлғақтатып тұратын майда кәндендер. Анау алдыңғы оң аяғына ақсайтын ақтөс, құйрығын шоқпардай шоғайна басқан көкшулан, шолаққұйрық ақсирақ майтапал… Тағысын тағыдай. Бірі бұралып жатыр да, енді бірі тіп-тік шаншылып тұр. Бәрінің жүздері беймезгіл кез күздің суығында күйі келе қалған бәйбіше жақта, содан дәмелі қауым бас қосып қалған екен да. Талап үстіндегі бір қора әмеңгер тобыр. Ара қашықтығына, мөлдей қара бәйбішенің ілтипатына бақсам, қазіргі пейіл құлақтары шаншылған, шолақ құйрық, жылтыр, тықыр жүнді алпамсадай күрең төбетте. Басына күн туып ұлып тұрған да сол доберман. Шынын айтпаққа керек, қолы жетіп тұрғанда бұл ұлудың қай ұлу екендігін түсіне алсамшы. Шамасы, жеңіс салтанаты болар-ау. Әлде ішін күйік алып бара ма? Құйрығын жерге мықтап қойып алып, тұмсығын көкке шаншып ботадай боздайды. Кеуде зор, дауыстың күңіреніп ұзақ шыққанына қарағанда, өкпе аяққаптай, өңеш те соншалық қолпылдақ кең болуы керек.

Әр жерде тарыдай шашылып бірі жатқан, енді бірі түрегеп тұрған талапкер жігіттер болса ылғи майда-шүйде, соғыс кезіндегі детдомның балаларындай қиқым да сиқым. Жөніне кетейін десе, бабына келіп балбырап жатқан анау бикешті қимайды, жақындайын десе, мына дүрегей төбет жолатпайды, көп пақыр пісі астың күйігінен ауыздарынан сілекей шұбырып діңкелері құрып сұлап-сұлап жатыр. Бәрі де дәмелі. Кейбірі ауық-ауық құйрығын бұлғап тастап, езуін жалайды. Сонан осылардың ортасындағы әукиіп тым оғаш көрініп тұрған жалғыз төбет ит жынымды тырыстырды-ай дейсің. Әйелшілдік деген бетсізді қойсайшы бұл. Жағдайды бағамдай келе бұларды қуып берекет таппайтыныма көзім жетіп, оның үстіне жер жаһанға кететін таң  алдындағы  кішкентай дыбыс санаториядағы  шырт  ұйқыда жатқан жұртты дүрліктіретін болғандықтан, амал кәні, орныма келіп қайта қисайдым.

…Өз қызықтары өздеріне жетіп-артылып сайран салып жүрген топты ертеңіне, оның ертеңіне, содан кейін де аулада көріп жүрдім. Көрген сайын ылғи қызыл асығынан ғана келетін арық-тұрық, сабалақ-сабалақ шіліңгір қауымның ішіндегі әукиген жұлындай төбет әй бір ит жынымды тырыстырардай-ақ тырыстырады, алайда қолдан келетін не бар, иттің шаруасына араласып не абырой табарсың. Сол жабулы қазанды жабулы күйінде тастап, елемеуге тырысып қоя салғанмын.

Дегенмен, ертеңіне-ақ бұл жұмысқа тікелей араласып, пәтуашылдыққа жүретін ыңғай келіп қалды. 

Кешқұрым балконға шақсам, қара кәнден солықтап келіп өзінің кәдуілгі үйреншікті орны – терезе алдындағы көпшілік көзден аулақ шыршаның түбіндегі әдеттегі оңаша орнына жантайған екен. Пақырдың көзі кіртиіп, бүйірі солып, жүдеп қаужырап-ақ қалыпты.

Сонда бағамдап назар салған кезімде осы бір мөлдір қара кәнденді тани кеткенім. Танитыным түнеукүні аялдамада тұрғанымда жұрттың назары құйрығында саудырлақ целлофан қалта, жанын қоярға жер таппай жаны ышқынып жүрген кәнденге ауған. Сабалақ жүнін көзінің алдына дейін шоғайна басып кеткен екен. Шамасы, мына зәре-құтын алып жүрген саудырлақ пәле үстіне қоқыс жәшіктің маңынан шоғайнамен қоса жабысқан. Пәлекет жүгірген сайын салдыр-сұлдыр етіп кішкентай иттің зәре-құтын алады, бұл болса қалтадан құтыла алмай әлек, бұта-бұтаның арасына тығылып, одан тасжолдың біресе арғы, біресе бергі бетіне өтіп, жанын қоярға жер таппай, әрлі-берлі ойқастап ышқынып безіп жүрген. Адамға ұстату қайда. Қусаң жеткізбейді, шақырсаң мойнын бұруға мұршасы жоқ. Сөйтіп жанұшырған күйі саяжай жақтағы қалың ағаш арасына сіңіп жоғалып кеткен-ді.

Айнытпай таныдым мынау – сол пақырдың дәл өзі. Бикештің жанында төбет тұр. Төбеттің мысы басқан майдалардың жақындауға жағдайлары тағы жоқ. Мынаның әлімжеттігіне бұрыннан жыным келіп жүрген мен қайтер екен деген оймен жоғарыда тұрып айқай салдым:

– Пошел! Дап-дардай болып өзіңде ұят бар ма?! Жетті ғой енді! Әукиген бетсіз! Жоғал әрі! Тең-теңімен, тезек қабымен. Құйтақандай бейшараны өлтіресің бе?! Құры, бар! Таста аналарға! Жоғал деймін мен саған!

Бір  қызығы, кәндендер  бұл жекудің  өздеріне  ешқандай  да қатысы  жоқ  екендігін  түсінді, түсінгенін білгенім олардың ешқайсысы қыңған жоқ. Ал, төбет болса емін-еркін сұлап жатқан жерінен сылбырлау көтеріліп, биіктен сес көрсетіп тұрған маған бұрылып тұра қалды. Қарады да былай «деді»:

– Ит дегеннің иттік шаруасы болады. Онда сіздің жұмысыңыз қанша?

– Ойбай-ау, бөріктінің намысы бір болғасын да отқа түсетінім. Дап-дардай басыңмен сенің мына жасап жүрген қылуаңа намысым келді да. Соныңды көріп тұрсам, мен ашуланбағанда кім ашуланады?

– Бұл бір кәріліктің алды, жастықтың соңындағы жұмыс емес пе… Итшілік та енді… итшілік. Онда да келіншектің өзі келіскен соң…

Солай «деген» кезде кіртиіп қалған көзінің айналасындағы әжімнен білдім, сабазың шынында да жасамыс, шамамен өзім қатарлы екен, кіші болса да бар болғаны бір-екі мүшелдей-ақ.

– Әй, сен өзіңнің нендей зорлық істеп жүргеніңді білмей, бұрынғы жергілікті кеңестің бұрынғы жергілікті депутатына қарсы сөйлейтінің не?! Өй, бетсіз неме! – деп ашу шақырмаймын ба.

Ол «айтты»:

– Ағасы-ау, бұл бір итшілік шаруа дедім ғой. Басталып кеткен істі қалай  жарты  жолда  тастайын.

«Дегеніне» құлақ аспай, төбет күйімен бұрынғы депутаттың бетіне келгеніне намыстанып, торсықтай қызыл алманы жіберіп келіп қалдым. Төбет сонда ғана қыңып, құлықсыздау әрі ұзап, дегенмен сонадай жерден тағы да артына қарайлады. Тап сол сәтте алдыңғы аяғын сылтып басатын кәнден қара бикешке құстай ұшып жетіп барған. Төбет болса қас-қағымдай шапшаңдықпен кері ұмтылды. Қызғаныш дегенді қойсайшы бұл.

Сонан кейін, амал нешік, бұның мен араласатын шаруа емес, араласқанмен абырой таппасымды біршама мойындадым да, «ал, өздерің біліңдер. Мейілдерің» деп жеңіліп, ішке еніп кеттім.

Сол оқиғадан соң қызойнақ тағы да екі-үш күндей созылды-ау деймін. Сонан алимент төлеуге тиісті төбет ізім-қайым жоғалды, енді мүлде көрінбей қойды.

…Күн суыта бастады. Көзі кіртиген қара кәнден асханаға жылу келетін құдықтың темір қақпағында күні бойы тұмсығын бауырына тығып тырп етпестен бүктетіліп жатады да қояды. Әбден азып-тозған пақыр іштегі бөпелерінің жағдайымен жатыр да.

Жеңілмеске шараң қайсы. Жеңілдім. Асханадан сүйек-саяқты сол бөпелерге арнап қана ала шығамын. Күндердің күні дәуірі келгенде мына жарық дүниенің қызықтарына олар да малтысын, көрсін сыбағалы бейнеті мен рақатын, деймін  ішімнен.

ДАРАҚ

Үлкен қаланың дүкендері, дүкеншелері мен ресторан, кафелері сірескен нақ орталығында тұрамыз. Үйдің қабырғасы тас, төбесі тас, баспалдағы… Сонан тағы да тас көшеге шығасың…

Тап тереземіздің алдында гүлзардың түйетайлылау елеусіз ғана жерінде жалғыз дарақ өсіп тұратын. Көлікке де, жаяуға да кесірі, ешкімге жазығы жоқ еді. Түнде қала тыныс алған кезде сол дарақтың жапырақтары сусылдап, тіршіліктен хабар беріп, жан жұбататын. Әсіресе, ерте көктемде осы ағашқа қонған бұлбұл таңертеңгілік бар ынты-шынтымен тамылжыта кеп сайрайтын, құйқылжытып жыр төгетін. Жаңа да жарқын тіршіліктің басталғанын жалғанға жариялайтын сол  бір нәзік те шат дауыс алып келген қуаныш пен шүкіршіліктен жүрегім алып ұшып жаңа күннен үміттеніп, кәдімгідей ширап сергіп тұратынмын. Шүкір. Тағы бір жарық күннің келгені ғой.

Кеше көрдім: қала әкімшілігі сол  бір елеусіз қиябетті кәсіпкерге берген екен. Қолында бөденедей қалтафоны бар, қара көзілдірікті, мойнына алтын шынжыр салған тығыршықтай жас жігіт талтайып тұрып алып, сол дарақтың бұтын бұт, қолын қол қылып аралатып, машинаға тиеткізіп тұрыпты. Ұнжырғам түсіп сала берді. Тағы да бір кафе салынатын болғаны да…   

…Бүгіндері таңертеңгілік бос бөтелкелердің сылдырынан оянамын. Бұлбұл болса да жоқ, өзге құстар да зым-қайым.

Келер көктемде атамекенін іздеп келгенде әлгі бейшара бұлбұл дарақты таба алмайтын болды. Бұлбұл бөтелкеге қонбайды ғой. Басын шапсаң да қонбайды.

МАЙМЫЛ МАХАББАТ

Маймылдардың ішінде бабуин деп бөлінетіні туыс маймылдардың да ішінде аса балажандысы екен. Анасының алдында тырбаңдап жатқан құйттақандай қызылшақа бөбекті отбасы қоршалай отырып алып қызықтап өбектейді келіп, өбектейді. Бірі ұстап көреді, сипалайды, бірі үстіне қонған шыбын-шіркей мен қиқымды тереді. Кішкентай десе жандары қалмайтындығы соншалық, емізерлік мүмкіндігі жоқ жігіттер мен қыздар да көзден сәл таса қалса болды, бөбекті алып қаша жөнеледі екен. Алады да баланы бауырына басып, ағаштан-ағашқа секіріп үйірге жолай алмай жалғыздан-жалғыз кетеді. Ауызданбаған бейшара бөбек кейін аштан өледі…

Бабуиннің нағыз бабында тұрған жұлындай отағасынан дүниеге екі перзент келді. Бірі қарақоңыр да, екіншісі аппақ-ау, аппақ. Білгір екеуі де кейін бірте-бірте сарғаяды деп айтып отыр. Қазандай бастарын көтере алмай қалт-құлт етіп анасының жанында бейқам тәнтіректеп жүрді. Ересек тартып, қарап жүре алмай жігітшілік жасай бастаған кезде бабында тұрған отағасы «мешайт ететін» ондай шолтаңдаған немені үйіріне жолатпай қыр асырып қуып тастайды-дүр. Өзіміздің Қажығали демей-ақ қояйын, Ақтөбедегі Қожаберген құрдасым тәрізді етіп, мысалы. Басар тауы, барар жері жоқ саяқ қайда кете қойсын, сол маңды төңіректейді. Саяқтың шеттеп жүрген, бәлкім, әдейі шеттеп жүрген, жолы сұйық қыз-келіншекпен ана көкжалдың көзін ала бере көңіл қосып, жеделдетіп «шаруа тындырып» жіберетіні бар. Отағасы ондай арамдықты сезіп қалды болды, пақырды дедектетіп шыбын жанын көзіне көрсетіп қуады-ай келіп. Қырдан қыр асырып жібереді. Бірақ әлгі, бәлкім, әдейі шеттеп жүрген келіншекті жазаламайды.

Бірде үйірдің бірсыпырасы ағаш басында, бірсыпырасы көгалда жайбарақат жайылып жүрген кезде үйірден аластатылған саяқ маймыл көзді ашып-жұмғанша әлгі аппақ балақанды іліп ала жөнелгені… Алдыңғы сол аяғымен, аяқ деуге қимай отырмын, қол дейікші, қолымен уыстап ұстап алды да зымырай жөнелді. Кішкентай ортаншыға, ортаншы үлкенге дереу хабар жеткізді. Үйір у да шу. Ағаштың ұшар басында жеміс теріп жүрген отағасы әп-сәтте жерге түсіп, Қажығали демей-ақ қояйын, Ақтөбедегі әлгі Қожаберген құрдасымды құлдыратып қуды да кетті. Күштің аты – күш. Оның диірмен тартатын жерлері де бар. Жалмауызға да жан керек, саяқ байғұс бас сауғалап балақанды тастай қашуға мәжбүр болды.

Ана болса ұшып барып сұлық жатқан аппақ перзентін жерден жұлып алды. Әрине, саяқ қатты уыстаған шақалақта жан жоқ. Ана байғұс кішкентай қылшықтарын жел қағып желбіреткен өлі денені тазалап ұзақ мұңайып отырды.

Жерге дейін тілім-тілім етіп қақыратып тастайтын Сереңгейттің аяусыз құрғақшылығы келді. Аспан асты түгел қақсыды. Өсімдік атаулы қурап кетті. Ағаштардың сіңірі шықты. Ана байғұс бұл кезде қап-қара боп жұқанасы ғана қалған балақанды тастамай сол қолында уыстап жүр. Жанына қояды да, шөптің тамырын қазып жеп жүрек жалғайды, баламды біреу алып кетпесін деп жан-жағына үркектей қарайды.

Қайран ана жүрегі-ай, сені сабалақ-сабалақ сары маймыл деп жүрсем адам екенсің, жоқ адам да емес, нағыз ана екенсің ғой. Махаббатқа толы ана жүрегіңнен сенің. Бізді – екі аяқты туыстарыңды – білмегенің, білмейтінің қандай жақсы еді. Біз бала сатуға кірісіп кеттік қой.

ЛЕОПАРД

Сабалақ жүндес ересек сары бабуин ағаш түбінде битін қарап отырды. Пақыр мүлде бейқам. Қураған шөптің бір талын да сырт еткізіп сындырмайтын көзі шоқтай жанған, араны әбден ашылған тарғыл леопард сол маймыл пана тұтып отырған ағаш діңгегін аса еппен тасалап келіп тап берді. Тура жай түскендей болды. Пақыр бабуин бір адым аттамақ түгілі орнынан қозғала да алмай қапыда кетті. Көзді ашып-жұмғанша айқасқан азулардың араларында тыпырлады да қалды. Жыртқыш өлі денені салақтатып ағаштың басына алып шықты. Істі бітірдім бе, бітірмедім бе деп ентігін баса алмай отырғанда, маймыл жаңа босанды ма, әлде қолтығына қысып жүр ме екен ол жағын аласапыранда біле алмадым, басы қазандай әлі көзін де ашпаған шақалақ, бұ құдай қалай сездірерін қайдам, жерге түсіп кетпесем деп тырмысып бері шыға берді. Төрт аяғымен бірдей анасының жүндес өлі денесіне жабысып алған. Одан ағашқа өрмеледі. Шақалақты сонда ғана көрген жыртқыш аң-таң. Бабуинді тастай бере бар назарын соған аударды. Еңбекпен қаққан жемтігін мүлде ұмытты. Кішкентай неме құлап түспесін деп тұмсығымен демеді. Не істерін білмей қатты састы. Жаны қалмай өбектеді. Шақалақ болса анасын іздейді. Әлжуаз шықылдап көмекке шақырғандай болады. Ана болса перзентін қорғаудан қалған.

Жыртқыш құйттақандай балақай құлап түспесе екен деп ол жағына бір, бұл жағына бір шығады. 

Қараңғы түсіп келе жатты. Леопардтың еңбекпен қаққан жемтігі болса сабалақ жүндері желбіреп қаны сорғалаған күйі ілулі тұр. Осы жайтты бәрімізге көрсетіп, әрі тәптіштеп түсіндіріп отырған білгір айтады; кеш батып келеді, түнде суық түспек, бала таңға аман шықпайды деп.

Леопард, шамасы, ана болды ғой.

АРЫСТАН

Ұйысып қалың өскен сарғылт шөптің арасынан әлдеқандай бірдеңеден үркіп мазалары кеткен арыстанның үш күшігі қылт-қылт көрінді. Қыңсылай тырбаңдап бастарының ауған жақтарына бытырай қашып барады. Бақсам, әнеу жақтан қарақошқыл жалы желк-желк еткен алпамсадай отағасы арыстан осыларға қарай гүрілдеп желіп келе жатыр екен. Ата болған соң қауіпсіз жерге алып кетпекші деп ойлағам. Мүлдем олай емес екен. Бауырын енді ғана көтерген кіп-кішкентай балақай олай да бұлай қашқалақтап көрді. Үстіне төніп келген дәу немеге кәдімгідей айбат шегіп тіп-титтей тырнақтарымен бетпақтың бетін тырнады. Пейілі бұзық отағасы шыбын шаққан ғұрлы көрсін бе, балақанды тістеп жерден көтеріп алды да азуды бір басты. Басты да балақанның өлі денесін жерге тастады. Екіншісін де солай етті. Тырбаңдап қашып бара жатқан үшіншісінің де тап сөйтіп түбіне жетті.

Балақандардың анасы болса мәу деген жоқ. Жауызбен арпалыса кетудің орнына іс бітіргенсымақ болып ағаштың көлеңкесіне әукие құлаған отағасыға барып, қылымсыды-ай келіп. Олай да айналшықтады, былай да айналшықтады. Құйрығымен сабалады, сүйкенді. Дәуді жатқызбады. Әрі-беріден соң дәу еркек: «Ой, болмадың ғой» дегендей орнынан тұрып, тоқалдың ізіне ерді. Тоқал болса, былай шыға бере оңтайланып жер бауырлай жата кетті…

Білгір айтып отыр: арыстан өз бауырынан дөремеген күшікті үйірге қоспайды, осылай өлтіріп тастайды деп. Балақайдың нендей жазығы барын айтпайды. Тағы былай деп тұр: бала ембеген күні-ақ қаншықтың күйекке түсерлік күйі келе қояды деп…

Ата сақалым аузыма түскенше бұл сұмдықты естігенім – осы. Аралас-құралас болмаған соң қайдан білесің, арыстанды хайуан атаулының қасиеттісі деп қадір тұтып жүруші ем. Мынаусы несі? Ит екен ғой. Иттің де ішіндегі шошқасы, шошқаның да ішіндегі бетсіз тасбауыры болды ғой.

Осындай бетсіздікті көрсетіп тұрған бетсіз теледидардың бетіне теуіп кеп жібердім. Қолымнан не келсін. Африкада білгенін істеп жүрген арыстанға сөзім жүре ме? Теледидардың бетіне тептім.

Молдахмет  ҚАНАЗ

(Соңы.  Басы  өткен  санда.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: