…Қазақ үшін тоқымдай жердің өзі қымбат, бір уыс топырағының өзі алтын. Бірақ біз соны бағалай білеміз бе? Жер қадірін білу жалаң ұранмен өлшенбейді. Өкінішке қарай айдын көлдерімізді, ұлан-ғайыр даламызды ластап жатқан өз азаматтарымыз…
Ел президенті Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» жолдауынан.
Осы орайда айтарымыз қай жылдары мұнай өндірісімен бай-бақуатты боламыз, урбанизация деген бастамалар шалғай ауыл тұрғындарын ініне су жүгірген сарышұнақтай бағыт-бағдарсыз абдыратып, күйзелтіп кеткені рас. Немерелеріміз салынып жатқан шыны зауыты секілді өндіріс орындарында ел экономикасының тізгінін ұстайтын замануи жұмысшы, менеджер болса екен деп көшіп келген қариялармен кездесіп қаламыз. Қай жерде дейсіз ғой, әрине шет аймақтарда.
Аста-төк, құдайы ас, той-думандардан, т.б. шала жеп тастаған нан қалдықтарын жолай тере жүріп амандасып, қоқыс арасынан қылтиған адыраспан, балықкөз, бірер түп жусан жарықтықты көрсек көңіл қуанып жүретін еді.
«Жусан иісі» тақырыбының өзі бүйе тигендей сапырылысқан пандемия кезінде де С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясының мәртебесін ақша бұлттарға көтеріп, эмоциялық толқындарға ерік бердік…
Кезінде талай жастарға арман болған Алматыдан жоғары білім алып, жылдар бойы ұстаздық еңбек етіп, жиналып қалған мол қазынасымен (50-астам еңбек) төркіндеп келген суретші-ұстаз Кенжегүл Омарқызының жеке шығармашылық көрмесіне әртүрлі санаттан келушілер қатары көп екен. Біз бірер еңбегіне тоқталсақ.
«Қырғауылдар». Тұмса табиғат аясында еркін сайран салған қырғауылдар әлденеден, мүмкін броконьердің көздеуінен (бір ұяға бірнешеуі) тығылып сұлап жатыр. Басқа түскен жансебіл кезінде топ-толық жұмыртқаларын ұя сыртына шығарып тастаған ба?
«Мен – жусанмын». Көрменің ашылуы он төртінші қазанда еді. Көзі кеткен суретшілердің де от көзі түсіп тұрғандай. Ар жақтағы ер адам бейнесі Мәжит Айтбаевтың тағдырын еске салғаны… Үстінде алма гүлі түстес көйлегі, үйде бесік тербетіп, таста сурет салатын суретшісінің аялы алақанындағы жусан көрермендерін жан тыныштығына бөлейді. Көрме өтіп жатқан күндері аяқ астынан соғып кететін құм дауыл ішін тартып, күтімі келіскен галерея алдындағы бақта төгілген сары жапырақтар ешбір қамсыз блюз биін билеп жатыр. Бәрін сөзбен айту мүмкін емес. Ескі базарға азын-аулақ зейнетақымызды жаратуға барған сайын өмірі осындай тақырыбы мазмұнын кең ашатын көрменің жарнамаларына көз саламыз…
Қайда жүрсек те қазақ үшін бір уыс жусанның өзі алтын…
Сәрсенкүл ЖҰМАБАЕВА,
Қызылорда қаласы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!