Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Бас қораздың» бейнесі (Фельетон)

15.05.2021, 10:00 849

HALYQLINE.KZ Өркен өткен қыстың бір демалыс күнінде ауылға барды. Рас, ауылдың күйбің тірлігі ешқашан біткен емес. Үй жағының жұмысына аса құлықсыз болған­дықтан, досының хал-жағдайын білмек оймен үйіне бас сұқты. Ол болса енді ғана құрал-сайманын, ас-суын түгел  дайындап, қамданып  ауылдан  20-25 шақырым жердегі көл маңынан қамыс оруға бара жатыр екен. Аяқас­ты­нан келгеніне таңғалып, не айтарын білмей  біраз  бөгеліп қалды.

– Әй, не сонша қаққан қазықтай қақиып қалдың? Қайта бір асаршым дайын деп ойлай бер, – деді тосылмастан.

Хабарласпай, хат алмаспай бара салға­нына ренжіген сыңай танытты да:

– Әп, бәлем, ұсталдың ба? Өз обалың өзіңе, қалада жүріп әбден ақсаусақ болғансың ғой, қара жұмысқа жегіп қояйын  сені, – деді.

Содан не керек, бас-аяғы 5 адам көлікке  отырып  қамысқа  тартып тұр­ды. Өркен, досы және оның нағашысы үшеуі көлік ішіне тығылысып мінді. Ал көршісі мен ағасы көлік үстіне жайғасты. Әңгімеге ылғи иығын тығып жүретін Өркен бұл жолы қалай бастарын да білмеді. Көлік тізгіні – досында. Жол болса ойқы-шойқы, ойлы-қырлы. Сондықтан досының сөйлемек түгілі, жан-жағына қарауға шамасы болмай келеді. Есесіне қасында отырған кесек денелі, қыр мұрынды, бұйра шашты оның нағашы­сы сөзшең екен. Машинаға мін­генде жатсынып жақ ашпағанымен, жар жолдан бастап, бүгінгінің бай-бағлан­дары деді, әкім-қаралары деді, әйтеуір жағы бір тынбады. «Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығады», – деген осы екен ғой деп күбірлейді өз-өзіне. Осылайша, Өркен  үнсіз  ғана керегін жа­дына  сақтап, керек  емесін  тыңдамауға тырысып  отырды.

Бірнеше  сағаттан  соң, межелі жері­не­ жетіп, іске кірісті. Өркеннің бұрыннан елден  оқшаулау  жүргенді  ұнататыны бар еді. Сол әдетіне басып бұ жолы да шеткерілеу шығып кетті. Сөйтсе артын­ан әлгі сөзуар ағасы да жетіпті. Сол-ақ екен, «әңгіме  бұзау  емізер, бұзау таяқ  жегізер»  дегендей, жұмысы жайына ­ қала берді. Сондағы досының нағашысының  айтқаны…

– Осы деймін-ау, біреу жайында жарыты­п әңгіме де айта алмай қалдық. Бірнәрсе дей қалсаң, «Үй артында кісі бар, үй артында кісі бар» дейміз де жатамыз. Кімнен, неге қорқатынымызды білмеймін? Біздің әкімдерді айтамын да, өздерін «халық қалаулы­ларымыз» дейді. Бірақ, халықтың қалағандарын орын­дамайды, орындағылары да келмейді. Бір мәселемен алдарына бара қалсаң, қанға тойып ыңқ-ыңқ етіп отырған қырғидай күтіп алады. Енді мәселеңді айтар­ болсаң, аш бүркіттей көзін қадап өзіңді елемейді, сөзіңді пысқырмайды. Осыдан кейін қалай күймейсің?, – деп күйіп-пісіп алды. Сөйтті де:

– Айтпақшы, сен солардың тырнадай арығын көріп пе едің? – деп Өркенге­ төтеннен қойып қалды.

Қапелінде не айтарын білмей қалған­ ол:

– Басында бәрі солай болады ғой, – дей салды.

– Міне, мәселе сонда жатыр. Мысалы, сен неге семірмейсің, мен неге толмаймын? Олар біле білсең, бас пайдасына келгенде дала бүркі­тіндей қырағы. Тендер десе, сұқсыр көрген қырандай қамданады. Қандай қиыншылықта болмасын, халықтың үдесінен, сенімінен шығулары тиіс.

– Шығып жүргендері де бар емес пе?

– Жоқ емес, бар. Бірақ, бәрі емес. Мысалы, қарашы, жер  бетіндегі  барлық­ ана атаулының шамалысы ғана мейі­рімді, қамқор  болса  жеткілікті ме?

– Жоқ.

– Енді не дейсің? Біткен істе білек сыбанып жүріп төбе көрсетеді де, бітуі тиіс шаруада таса-тасамен бөденедей бұғып алып жүгіруін қоймайды. Ол аздай анабір орынбасарларына обал, басшысының алдында болмағанды болды деп, бұлбұлдай сайрап, құрдай жор­ғалауды қатырады. Оны көріп тұрып екеуін­ қараптан-қарап аяйсың.

– Сіздікі құр жамандау емес пе?

– Саған солай көрінер. Рас, сырт көз­ге… Бірақ… Менде… Дұрысы, аурасы ұнамады. Ұнамады деппін ғой, ұнамайды.

Осы кезде арада шамалы уақыт тыныш­тық орнады. Өркен өз бетінше ыңылдап ән салып, жұмысын істей берді. Аяқсыз қалған әңгімені аяқтағысы келді ме, ақталғысы келді ме қайта келіп:

– Ешкімнің «Арғы атасында алты атамның, бергі атасында бес атамның» құны жоқ. Тек айту – парызым. Адам баласы болған соң, істеген істері аққу құстай кіршіксіз ақ болса ғой деп арман­даймыз. Әйтпесе, маған да «екі қойың – бір сом, түйең – ешкі». Былықпен жүргендер бәрібір бір күні біздің ауылдың «бас қоразындай» орнынан жалп етіп төмен құлайды, – деп күңі­ренді  соңында.

Осылайша, қаланың ақсаусақ баласы боп кеткен Өркен ауылда ақжаға­лылардың жайына шала-пұла болса да қанығып қайтты. Кешкілік үйге келсе, ет асып қойыпты. Қатырып жұмыс істемес­е де, қара кешке дейін жүрген соң қарны әбден ашып қалыпты. Етті шаңышқымен жеп сызылмай, қолмен асап-асап алды. Қарынға «ел қонған» соң, айтылған әңгіменің жай-жапса­рына үңілді. Расында, төрдегі төреле­ріміз халықтың мәселесіне, ұлардай шуына толымды тоқтау айтып, шынайы шешім шығарып жүр ме? Ойында қос жауап  шыр  айналып тұр.

Өркен әуелде айтқыш ағасын тіл маманы шығар деп ойлады. Бірақ, кейбір  сөздерінен  байқағаны, бұры­нырақ  әкімшілікте  әжептәуір  қыз­метте істеген сияқты. Десе де қазір істемейтіні анық. Су ішкен құдығына түкі­ріп жатыр ма, әлде жұртқа белгілі жайды­   жайып  салғысы  келді ме, анығы ол  үшін  беймәлім  күйінде қалды…

Рыскелді   ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: