Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Түркістанда Қазақстан мен Өзбекстанның рухани байланысын айшықтайтын жаңа мешіт таныстырылды

15.05.2026, 14:40 49

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Түркістан қаласында жаңадан бой көтерген мешітті аралап көрді. Бұл нысан екі ел арасындағы бауырластық қарым-қатынастың, рухани жақындық пен тарихи сабақтастықтың белгісі ретінде салынған.

Ақорданың мәліметінше, Мемлекет басшысы мен Өзбекстан Президенті мешіттің ішкі құрылымымен, сәулеттік ерекшелігімен және аумағында жүргізілген абаттандыру жұмыстарымен танысты. Құлшылық үйінің орталық залында Құран оқылды.

Жаңа мешіт Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің Түркістан тұрғындары мен барша қазақстандықтарға тартуы ретінде бой көтерген. Ғимараттың сәулеттік шешімінде дәстүрлі ислам мәдениетіне тән өрнектер мен заманауи құрылыс технологиялары үйлесім тапқан.

Мешіттің қасбеті мен ішкі кеңістігі ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен, мұсылман каллиграфиясымен безендірілген. Мұнараларының биіктігі 61 метрге жетеді. Құлшылық орны заманауи инженерлік желілермен жабдықталған.

Сонымен қатар мешіт аумағында келушілерге қолайлы жағдай жасалған. Абаттандырылған кеңістікте жарықтандыру жүйелері орнатылып, демалыс аймақтары мен субұрқақтар салынған.

Түркістанда бой көтерген бұл мешіт Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени-рухани байланыстың жаңа бір көрінісі ретінде бағаланып отыр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: