Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен алқалы жиында қасиетті шаһардың тарихи мәні мен бүгінгі даму қарқынына тоқталды. Президенттің айтуынша, Түркістан бүгінде көне мұра мен жаңа дәуірдің келбетін үйлестірген шырайлы қалаға айналып келеді. Аймақтың экономикалық әлеуеті де жыл өткен сайын артып отыр. «Бүгінде Түркістан – көне мен келешекті тоғыстырған шырайлы шаһар. Аймақтың экономикалық әлеуеті жыл өткен сайын артып келеді. Былтыр облыстың экономикасы 9,3 пайызға өсті, оның көлемі 10 миллиард доллардан асты. Аймаққа 3,5 миллиард доллар инвестиция тартылды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Түркістанда алқалы жиын өткізудің мақсаты атажұртта бауырлас елдердің көшбасшыларымен жүздесіп, қайта түлеген қаланы төрткүл дүниеге таныту екенін атап өтті. Мемлекет басшысы киелі орданың тарихы қандай терең болса, болашағы да сондай жарқын боларына сенім білдірді. Оның сөзінше, Түркістанның бүгінгі жаңғыруы тек сәулет пен инфрақұрылымның дамуы емес, тұтас түркі әлемінің рухани сабақтастығын айқындайтын маңызды үдеріс.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы жиын аясында Түркістанда Өзбекстанның қолдауымен жаңа зәулім мешіт ашылғанын ерекше ықыласпен атап өтті. Президент бұл тарту үшін Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке және өзбек халқына алғыс білдірді. «Осы мүмкіндікті пайдаланып, бүгін Түркістанда Өзбекстанның қолдауымен жаңа зәулім мешіт ашылғанын үлкен ризашылықпен атап өткім келеді. Ерекше тарту жасағаны үшін Өзбекстан Президенті, аса қадірлі Шавкат Миромонұлы Мирзиёевке және өзбек халқына алғысымды білдіремін», деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, жаңа мешіт елдеріміздің руханиятында ерекше орын алады. Бұл нысан қазақ пен өзбек халықтарының бауырластығын, тарихи жақындығын және ортақ рухани тамырын айқындайтын символ болмақ. «Елдеріміздің руханиятындағы осы мешіттің орны ерекше болмақ. Бұл – қазақ-өзбек халықтары ынтымағының тарихи символы», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!