Өткен жылы күнтізбенің 12-ші парағын жапқанша тыным таппадық. «Жаңа жылды жаңашылдықпен бастайық» деген ой әрдайым әр жерде қылаң беріп, біраз әуреледі. Оның үстіне «Халық» газетінің 20 жылдығы келе жатқан еді…
XXI ғасыр – жарықтың жылдамдығындай жүйткіген жаңалықтардың кезеңі. Көштен қалмау керек. Алдымызда интернет журналистикасын дамыту идеясы мен міндеті тұрды. Иә, бұған дейін де жеке сайтымыз болған еді. Бірақ, оның көптеген жаңашылдықтарға бейімделмегенін біз жақсы білеміз. Қайтпек керек? Рас, медиакеңістікте қалт-құлт етіп әзер жүрген сайт, портал мен ақпарат агенттіктері өте көп. Атынан ат үркетіндей боп жұмысын бастағанымен, ізінше көзден ғайып болатынын қайтерсің?! Бәсекеге қабілетсіздік бірқатар БАҚ-тың басын жұтып бітті. Олардың қатарынан болғымыз келмейді. «Үф» деп үрлегенде бір жағына жантаятын «жаңалық жариялағыштар» жетеді. Біз бұқара мен билік бетпе-бет келетін ордаға айналғымыз келеді. Ол ұжымның аты – Halyqline.kz сайты.
Осы мақсатта, Halyqline.kz сайтының «Жанайқай» айдары тұрақты түрде халықтың мұңын билікке жеткізуді көздейді. Қызылорда облысы аумағындағы кез келген өзекті мәселені +77001962000 нөміріне (WhatsApp желісі) жолдауыңызға болады. Айта кетейік, бізге келген хаттар тексеріледі және фейк парақшалармен жолданған мәселелердің ақ, қарасы толық зерттелмейінше сайтқа шықпайды. Сондай-ақ, сыни материалдар фото, видео арқылы да қабылданады.
Біздің басты мақсатымыз – бұқара мен билік арасын жақындататын, жалғайтын алтын көпір болу. Ел арасындағы түйткілді мәселелерді сіздің көмегіңіз арқылы жауапты мекеменің назарына ұсынып, шешілуіне ықпал ететін боламыз. Азаматтық қоғамды қалыптастыру жолында жариялылық пен ашықтық ауадай керек. Ендеше, еш іркілмейік!
Сын болсын, бірақ шын болсын!
Құрметпен, Halyqline.kz сайты ұжымы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!