Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сырда жүгері шаруашылығының жаңа кезеңі басталды

05.11.2026, 6:00 22

Жалпы, Сыр өңірі үшін жүгері дақылын егу таңсық шаруа емес. Біздің аймақ бұл өнімге барлық жағынан тиімді келеді. Дала дарабозы саналған диқаншы қауым агрокәсіптің әрбір қырын толыққанды меңгерген десек, артық айтқандық емес. Өңірімізде егіс алқабын әртараптандырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге жол ашылуда. Сыр диқандары үшін биылғы егін науқаны жаңа бағыттармен ерекшеленді.

Сырдария ауданында «Қызылорда крахмал-сірне зауыты» ЖШС-нің  жүгеріні терең өңдеу зауыты жобасы іске асырылуда. Оны өткен аптада барған журналистік сапарымызда көріп келдік. Аймақтың ауыл шаруашылығы саласына серпін  берген бұл жоба алдағы уақытта аудан көлемінде жүгері дақылының кеңінен өріс алуына жол ашпақ.

Әңгіме әлқиссасын әріден бас­тайық. Жаңа зауыт Сырдария ауданына қарасты Тереңөзек кентінің аумағында салынып жатыр. Жобаны жүзеге асыру үшін серіктестікке «Бірыңғай индустрияландыру карта­сы» бағдарламасы аясында жалпы көлемі 35 гектар жер учаскесі 49 жыл мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен берілген. Бұл – өндіріс орнын кезең-кезеңімен қалыптас­тырып, қажетті инфрақұрылымды орнала­стыруға мүмкіндік беретін маңызды  қадам.

Қазіргі уақытта бөлінген аумақтың 9 гектарында зауыт құрылысы басталып, бірқатар жұмыс атқарылған. Атап айтқанда, жүгері дәнін қабылдауға арнал­ған таразы ғимаратының қаңқасы көтерілген. Сонымен қатар дән қабыл­дау алаңы мен жүгері сақтайтын қойманың іргетасы құйылған. Бұл нысандар болашақ өндірістің шикізатты қабылдау және сақтау жүйесін қалыптастыруда  маңызды  рөл  атқарады.

Өндірістің үздіксіз жұмыс іс­теуі үшін қажетті жабдықтарды жет­кізу мәселесіне де басымдық берілген. Атап айтқанда, Францияның «Lov» компаниясынан жүгеріні кептіруге арнал­ған жабдықтар сатып алынған. Ал, Түркияның «Абиал» компаниясынан 20 мың тонна астық сақтауға арналған қойманың жабдықтары жеткізіліп, оларды құрастыру және орналастыру жұмыстары  толық  аяқталды.

Мұндай инфрақұрылымның қалыптасуы жүгері дәнін қабылдау, кептіру және сақтау үдерістерін жүйелі ұйымдастыруға негіз қалайды. Әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін мау­сымдық кезеңде жинақтап, сапасын сақтаудың маңызы зор. Сондықтан қойма мен кептіру жабдықтарының дайын болуы өндіріс орнының келесі кезеңдеріне  жол  ашады.

Сапар аясында зауыт басшылығы­мен кездесіп, пікірін білген едік. Айтуынша, бұл нысан 2029 жылы толыққанды іске қосылмақ. Қазіргі уақытта жобаның алғашқы кезеңі аяқталуға жақын. Дәл қазіргі сәтте мұнда жүгеріні Сырдария, Шиелі, Қармақшы аудандарынан қабылдауға келісім алып отыр. Алдағы жылдары зауыт іске қосылғанда, өнімнің 70 па­йызға  жуығы  экспортталмақ.

– Негізгі жұмыс ауқымдылығы жоғары. Қазіргі уақытта мұндағы құ­рылыс жұмыстарында 25 адам еңбек етуде. Жұмысшылардың барлығы дерлік өз ісінің мамандары. Алдағы уақытта жұмысшылар санының арту ықтималдығы бар. Сонымен бірге нысанда төрт техника жұмыс атқаруда. Бұл құрылыс алаңындағы жұмыс­тардың кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Жалпы, жүгері­ні терең өңдеу зауытының іске асуы Сырдария ауданында ауыл шаруашы­лығы мен өнеркәсіп арасындағы байланысты нығайтуға зор мүмкіндік бермек. Шикізатты тек бастапқы өнім ретінде өткізбей, оны өндірістік өң­деуден өткізу ауыл шаруашылығының экономикалық тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, мұндай жобалар жергілікті еңбек ресурстарын тартуға, өндірістік тәжірибені дамыту­ға және ауданның инвестициялық тартымдылығын күшейтуге жол ашады. Қазір зауыт аумағында құрылыс және жабдықтарды орналастыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Алдағы уақытта өндірістік нысандардың құрылысы толықтырылып, техно­логиялық үдерістерді іске қосуға қажетті жұмыстар істеледі. Сырдария ауданында қолға алынған бұл жоба – ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеу арқылы өңір экономикасын әрта­раптандыруға бағытталған бастамалардың бірі. Зауыт іске қосылған кезде 150 мың тонна жүгеріні қабылдап өңдеуге қауқарлы болмақ, — дейді «Қызылорда крахмал-сірне зауыты» ЖШС директорының орынбасары Шухрат  Құрманов  өз  сөзінде.

Ұзақ жылдар бойы күріш өсіруге басымдық беріп келген аймақта ендігі кезекте жүгері шаруашылығына ден қойылып, осы салаға қызығушылық артып келеді. Бұған су ресурстарын тиімді пайдалану қажеттілігімен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған өндірістік жобалардың қолға алынуы себеп. Мұндағы мақсат егістікте мол өнім өсіріп  қана  қоймай, оны өңдеп, да­йын  өнімге  айналдыру  мүддесі тұр.

Облыста ауыл шаруашылығы сала­сын әртараптандыру мәселесі – қашанда өзекті тақырып. Суармалы суды тиімді пайдалану, топырақ құнарын сақтау және шаруашылықтардың табы­сын арттыру үшін дәстүрлі дақылдармен қатар, нарықта сұранысқа ие өзге де дақылдарды өсіруге мән беріліп  отыр.  Бұл – өңір экономикасы  үшін  өте  дұрыс  шешім.

Бұған дейін жүгері дақылы өңірде шамамен 2 мың гектарға  дейін егіліп келсе, биыл егіс көлемі бес есеге де­йін ұлғайтылып, 10 мың  гектарға  жет­кі­зіл­ді. Жыл басында облыс  бо­йын­ша жүге­рі алқабын 10-15 мың гек­тарға жеткізу межеленді. Ал, тамыз айында­ғы өңірлік ақпа­рат­та Сырда­рия мен Жала­ғаш аудан­дарында  биыл 10 мың гектар­ға жүгері егілгені ай­тылды. Бұл егін шаруашылығын әр­тараптан­дыру ба­ғытындағы елеу­лі өзгеріс екені ақиқат. Күріш алқаптарының бір бөлігін өзге дақылдарға бөлу арқылы су ресурс­тарына түсетін салмақты азайту­ға және ауыл шаруашылығы өндірісінің құ­ры­лымын жаңарту­ға зор мүмкіндік бермек.

Тақырып төңірегінде облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының да пікірін білген  едік.

Мамандардың айтуынша, аймақта жүгері өнімін егу көлемі жүйелі түрде қолға алынған. Бүгінде Шиелі, Сыр­дария, Жалағаш аудандарында егіс көлемін әртараптандыру іске асыры­луда.

– Мемлекет  басшысының  респуб­лика  бойынша жыл сайын жаңадан 150 мың гектарға дейін су үнемдеу технологияларын енгізу және ауыл шаруа­шылығына инвестиция тарту тап­сырмасы аясында өңірімізде бір­қатар шара атқарылуда. Аталған бағытта су үнемдеу технологиясын мемлекеттік қолдауға биылғы жылы 10 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Мемлекет­тік қолдаудың арқасында су үнемдеу технологиясын пайдалану көлемі былтырғы жылмен салыс­тырғанда 2 есе артып, барлығы 14 мың 200 гектарға жеткізілді. Егін шаруа­шылығын әртараптандыру және су үнемдеу бағытында өңірімізде құны 122 млрд теңгеге ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда. Оның ішінде Жала­ғаш ауданында швейцариялық «Харвест Груп» компаниясымен жүгері, соя, техникалық қарасора егу арқылы суармалы 21 мың гектарға агроклас­тер құру жобасы, Шиелі ауданында «Центр семеноводства» серіктестігі­мен жүгері дақылын 10 мың гектарға жаңбырлатып суару әдісімен егу және «Таң ЛТД» серіктестігімен жүгері дақылын 3 мың гектарға тамшылатып суару әдісімен егу жобасы іске асырылуда. Дән жүгері өндірісін дамыту үшін «Қызылорда крахмал-сірне зауыты» ЖШС жүгері өңдеу зауыты жобасы қолға алынды. Жоба аясында  жылына  150  мың тонна дән жүгеріні терең өңдеу зауыты іске асырылады. Жобаның 1-кезеңі аясында биыл 20 мың  тонна жүгері сақтау қоймасы мен астық кептіргіші жақын арада іске  қосылады, — дейді облыс­тық ауыл шаруашылығы  және  жер қатынас­тары  басқармасының  бөлім  басшысы  Асылжан  Жарылқасынов.

Осы дақылға ден қойған шаруа­шылықтар жү­гері өнімін өсіруде  өнім­ді уақытылы жинау, оның сапасын  анықтау және сақтауға әзірлік жұмыстарына аса мән беруде. Сондай-ақ, жиналған дәннің ылғалдылығын арнайы аппаратпен тексеріп, өнімді кептіру мен сақтаудың маңызды екенін толық түсінеді. Өйткені, жүгеріні тиісті талаптарға сай дайындау оның сапасын сақтау­ға, кейінгі өңдеу үдерісін жеңілдетуге  мүмкіндік  береді.

Әрине, жаңа дақылға көшу оңай шаруа емес. Бұл шаруалардан тәжірибе мен технологияны меңгеруді талап етеді. Тұқым таңдау, егісті күтіп-баптау, суару тәртібін сақтау, жинау техникасын бейімдеу және өнімді өт­кізу мәселелері қатар шешілуі керек. Сондықтан шаруашылықтар үшін өнімді қабылдайтын және өңдейтін кәсіп­орындардың жақын орналасуы маңыз­ды  екені  түсінікті  жайт.

Жүгерінің суға сұранысы оның өсіп-жетілу кезеңіне, күн райына, топырақ­қа және қолданылатын агротехнологияға байланысты. Негізгі мақсат – ғылыми негізделген суару тәсілдерін қолданып, судың әр текше метрінен мүмкіндігінше мол өнім алу. Егістікті лазермен тегістеу, суару жүйелерін жаңғырту және су үнемдеу технологияларын енгізу осы бағытта маңызды рөл атқарады. Сонымен бірге шаруаларға агрономиялық кеңес беру, сапалы тұқыммен қамтамасыз ету және өнімді сақтау мүмкіндігін жақсарту да мол өнім алуға әсер етеді.

 Жүгері шаруашылығының  дамуы Сыр өңірі үшін тек жаңа дақыл түрін көбейтумен шектелмейді. Бұл – егіншілік құрылымын өзгертуге, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге және шикізаттан дайын өнім өндіруге бағытталған кешенді бастама. Алдағы уақытта  егіс  көлемінің ұлғаюымен қатар, өнімділікті арттыру, су ресурс­тарын ұтымды пайдалану, тұрақты өткізу нарығын қалыптастыру және өңдеу кәсіпорнының қажеттілігін жергілікті шикізатпен қамтамасыз ету мәселелері  шешуші  мәнге  ие  болады.

Диқандардың еңбегі мен жаңа өндіріс­тің мүмкіндігі өзара ұштасқанда ғана жүгері шаруашылығы өңір экономикасының маңызды салаларының  біріне  айнала  алады.

Сырдағы  бұл  бастаманың нәтижесі егістік алқаптарындағы өніммен ғана емес, сол өнімнен  өндірілген дайын тауардың көлемімен де бағаланбақ. Сырдария ауданындағы жаңадан бой көтерген «Қызылорда крахмал-сірне зауыты»  ЖШС-нің  жүгеріні терең өңдеу зауыты  жобасымен  танысқанда­ғы таудай  көріністің  тас­тай  түйіні – осы.

Тұрар  БЕКМЫРЗАЕВ,

Суретті  түсірген 

Нұркен  Жұмашев.

Сырдария  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: