Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Келдің бе «сынайын» деп, алпыс үшім?!

29.10.2026, 6:40 40

Оңталап Базаралы – ақын,  Қазақстан  Жазушылар  және  Журналистер  одағының  мүшесі. 1963 жылы 13 қыркүйекте Арал ауданы Райым  ауылдық  кеңесі Шабан елді мекенінде дүниеге келген. 1981 жылы Қызылжар ауылындағы №81 мектепті бітірген. Аудандық  мәдениет бөлімінде қызмет ете жүріп 1990-1994 жылдары Ақтөбе  өнер  мектебін сырттай оқыған. Әр жылдары Арал аудандық Н.Кенжеғұлұлы  атындағы Мәдениет үйінде  автоклуб  меңгерушісі  болды,  Қызылорда  облыстық  филармониясында  еңбек  етті.

Оңталап Ералыұлы Қызылорда облысы әкімінің әдебиет және мәдениет саласы өкілдеріне арналған «Тұран» сыйлығымен марапатталған. «Игілік бастаулары», «Санадағы сәулелер», «Армысыңдар, арулар!», «Ақсұңқар», «Алау» атты жыр жинақтары мен «Толыбай батыр» атты кітабы шыққан. Өлеңдері көптеген жинаққа енген. Биыл баспадан «101 өлең» атты кітабы жарық көрді. Өлеңдері облыстық, республикалық баспасөз беттерінде жарияланып келеді.

Біз зейнет демалысына шығып, 31 қазан күні (сағат 17:00-де) А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде «Поэзия төріндегі парасат» атты шығармашылық кешін өткізгелі отырған Оңталап ағаның бір топ өлеңін «Халық»  газеті  оқырмандарының  назарына  ұсынып  отырмыз.

Бір кездері күй кештім бағасыздау,

Күндер өтті күйбеңмен шарасыздау.

Өкпе артарға Аллаға амалым жоқ,

Оның бәрі бұл күнде бағасыз дау.

Анам кетті, әкем де бақилыққа,

Қайырылуға мұршасыз тату жұртқа.

Қала бердім артында жер шұқылап,

Дегендей «тарпаң тағдыр жасымды ұртта».

Күндер өтті сүреңсіз, сыбағасыз,

(Қалай тағдыр тарпаңын құп аласыз).

Ілекерсіз күн кештім, ілби басып,

Қалған соң бір інісіз, бір ағасыз.

Күндер өтті сұр өңін мол ұқтырып,

Қол жетпес жақсылыққа желіктіріп.

Келе-келе қосылдым мен қатарға,

Ақеділ, жақсы ағалар жолықтырып.

Жайсаң күндер алдымнан жақты шырақ,

Жайраңдадым, осы бір шаттық ұнап.

Жақсы ағалар, өлеңім қуат беріп,

Атой салып ақ таңым атты бір-ақ!

Көңілімді кеткенде қиялап мұң,

Жүрегіме жақсы үміт ұялаттым.

Қателігім әр кезде боп тұрады,

Келмесем де өмірде қия басқым.

Ұстансаң да ұқыпты дара белес,

Көлеңкеңдей көлбеңдер жанама елес.

Сайқал өмір соңында салпақтамай,

Шайқап өмір сүру де жаман емес.

Ар болса да бағдаршам ақылшымыз,

Адымыңды айшықтап жатыр шын із.

Ақылым Айдан асты дегеніңмен,

Өмір – ұстаз, біз мәңгі шәкіртіміз.

Сұқ көзден де сұғанақ «сарқыт» қалар,

Өрге басар кезің де айшықтанар.

Досым деген адамың қанжар сұқса,

Көзіңнен бір тамшы жас артық тамар.

Келгенімен тек жүргің, тоқ та жүргің,

Көре алмасқа сендегі бақ та – бір мін.

Сондықтан томағалау қалып ұстап,

Келе бермес аңқылдап, ақтарылғың.

Өлең деген – сенің мөлдір көздерің,

Ағытқаның жан жібітер сөз легін.

Өлең деген – менен алыс көз тарта,

Бақшасында гүлдегенің өзгенің.

Өлең деген – сенің ару жамалың,

Еркелеген елігіндей даланың.

Өлең деген – қара шашың желбіреп,

Еске салған Сырдың сұлу самалын.

Өлең деген – сенің ғана болмысың,

Қиылған қас, қызыл ерін, өр мүсін.

Өлең деген – сенің алма сағағың,

Деп жаратқан сүйген жандар сергісін.

Өлең деген – қыпша белің бұралған,

Сыйға тартқан ол сұлулық бір Аллаң.

Өлең деген – сен аңсаған армандар,

Өлең деген – мен аңсаған бір арман.

Өлең деген мен іздеген толғана,

Сен жүретін сылқым басып жолда ма?

Қырық қыздың бойға жиған қылығын,

Өлең деген – сенші маған, сен ғана!

Кейін бұру қандай қиын көшіңді,

Бізге шыны бабалардың көші үлгі.

Бір бұрылып қарамайтын артына,

Балалық шақ бақыт құсың секілді.

Бозбала боп бозға аунауды аңсайсың,

Бойыңдағы бұла күшің – «айқайшың».

Онда сенің шаруаң жоқ әзірге,

Тарпаң тағдыр қалай қарай талтайсын.

Елігесің, еркелейсің, есерсің,

Ол дәурен де бір күн бастан көшер шын.

Балалығың оралмайды не шара,

Пешенедей «патшаңызға» не етерсің?

Ойын қалар, асық қалар, доп қалар,

Ал, жүрегің сұлулыққа шоқтанар.

Жігіттіктің жанартауы жарылса,

Ақылың да бола алмайды «оққағар».

Әуел бейнет, арты зейнет жарасым,

Бұл сүрлеуге болмас, сірә, таласың.

Жазмышқа бересіңді бересің,

Жарылқаса аласыңды аласың.

Екпінің де басылады шат құмар,

Болып қалар жарың, балаң бақ-тұмар.

Көрмегендей, болмағандай онда біз,

Балалығың немерең боп шапқылар.

Алпыс үшім, келдің бе «сынайын» деп,

Ал, әзірге жанады шырайымда от.

Қазымыр боп көп жасау неге керек?

Көрер қызық болсыншы лайым көп.

Алғаусыз қырау шалды самайымды,

Ел-жұртымнан қаттадым талай үлгі.

«Пайғамбардың жасы» деп айтады жұрт,

Ендігі тағдыр шешер талайымды.

Өкініп, өкпе артпадым өткен күнге,

Қолымнан сырғып талай кеткен жүлде.

Озбадым, артта және қалып қоймай,

Шаң жұтсам, жұттым оны көппен бірге.

Өлең болды ақ қанат көгершінім,

Айдыным, ақ қағазда төгер сырым.

Өмірдің ортасынан асып барам,

Өлеңнің көрсем ғой деп, кемел шыңын.

Талай-талай соқтықтым кесе белге,

Шықпадым жасандылық төсеп өрге.

«Көппен көрген ұлы той» – біздің қалып,

Не барын кім біліпті пешенемде?

Тағдырдың талайлыға тартысы шын,

Келдік қой, бұл өмірге тартыс үшін.

Ал, кәне, төріме шық құшақ ашық,

Келдің бе «сынайын» деп, алпыс үшім?!

(Әні  бар*)

Армысың, Қызылорда, сылқым қала,

Ерекше ғұрпың дара, жұртың дана.

Аққанат арманыңа құшақ жайып,

Жасампаз келбетіңмен тұрсың дара!

Қайырмасы:

Мәртебең әсем қала биік екен,

Қорқыттың қобызының сыйы бекем.

Алаштың анасындай асқақ мекен,

Мен сені, Қызылорда сүйіп өтем.

Көргенде Қызылорда көңілім нұр,

Көктемдей шұғылалы өңірің гүл.

Үніндей домбыраның күмбірлеген,

Бөленген салтанатқа өмірің жыр.

* Әнін жазған: Кентау Назарбек

Болатын біздің ауыл мұратты өлке,

Әр үйден қуанатын шырақ көрсе.

«Құралып, шаңырағы ұлғайсын» деп,

Құрайтын кеткен қызға құрақ көрпе.

Өзгерту неткен қиын қонысыңды,

Көнесің, Алла солай жол ұсынды.

Өмір даңғыл жол емес, иір-шиыр,

Құрақтағы иненің жолы сынды.

Ойсызға құрақ елдің ермегіндей,

Бермей ме шын жарасым төрге гүлдей.

Өмір сүру – бір өнер деп білемін,

Шебердің құрақтағы өрнегіндей.

Батасыз, салтсыз болса ел өспейді,

Тура жол тағдырыңа кеңес кейгі.

Шаңырағы жайқалса ақ отаудың,

Көзіме құрақ көрпе елестейді.

Уақыт-ай уыстап бақ таратқан,

Қарттық деген емес ол жат қонақтан.

Самай шашты ілезде қыраулатар,

Не деген жылдам еді атқан оқтан.

Қарттық деген – жастықтың қарымтасы,

Тірліктің тұра бермес ақұлпасы.

Он сегіз, жиырма бесің түске енгендей,

Осындай болады екен барымтасы.

Қарттық деген – бабалар өткен жолы,

Осы жолда өмірдің өктем желі.

Күздің қысқа ұласар кезі дерсің,

Аңсамай-ақ күндерді көк белдегі.

Жастық шақта орасан өрт боласың,

Орта жаста семсердей серт боласың.

Қазымырсың немесе қазынасың,

Ал ендеше, қарттықтың қорт бағасын.

Шөберелер шүпірлер саяңды ала,

Ал пешенең – ең ұзақ баяндама.

Өзекті жан соғатын бір-ақ рет,

Қарттық  деген – ең  соңғы  аялдама.

Жанарың гауһар тастың қоймасындай,

Жамалың періштенің айнасындай.

Жүректі қараңғыда қайтем қамап,

Осындай жарқыраған Айға ұсынбай.

Ақ білек судан шыққан ақ шабақтай,

Дәл бұлай жүрек баурар ақтамақ қай?

Шиедей қызыл ерін татсаң дәмін,

Дүние дөңгеленер шапқан аттай.

Сабылып бойда сезім, босқанда үміт,

Куә боп тұрса шіркін, ақ шам күліп.

Сиқырлы қос мұнара кеуде керген,

Көз түссе қан ойнатар, ес тандырып.

Аз ғана сұлу сырды сараптадым,

Келмейді арман ойды сабақтағым.

Жұмбақ қыз, жұмбақ төсек, жайсаң жігіт,

Қосылса қайтсін тілеп таң атқанын.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: