Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Атакәсібін ардақтаған

29.10.2026, 6:20 23

Өмір – өлшеулі, өнер – өміршең. Өнердің қайсыбірі болмасын ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ұлттық құндылығын жоймай келеді. Қадау-қадау өнерлердің ішінде қадап айтарымыз – қазақтың қолөнері. Қазақы қолөнер шеберлері – қашанда жаңқаға жан, темірге тіл бітірген нағыз өз ісінің майталман мамандары.

Сырдария ауданына іргелес орналасқан Асқар Тоқмағанбетов ауылының тұрғыны Жәнібек Маханбетовтың шаңырағына атбасын тіредік. Мақсатымыз айқын, мұратымыз  белгілі.

Біздің кейіпкеріміз 40 жылдан астам уақыт бойы ағаштан түрлі ұлттық бұйым мен кәдесыйлар жасайды. Оның туын­дылары әлемнің әр елінде көрмелерде көрсетіліп, өнерсүйер қауымның оң бағасын  алып  келеді.

Жәнібек Асанұлы – ағаштан түрлі ұлттық бұйым жасап, жергілікті Сыр талын өнер туындысына айналдыратын ардагер ұста. Өнер туындыларының ішінде домбыра, қобыз секілді қазақтың ұлттық өнер аспаптары  да  бар. Айтуынша, әрбірінің жасалу жолы әрқилы. Бұл өнер – өз әкесінен дарыған қасиет. Атаның қанымен бойға сіңген киені бала кезінен ардақ тұтып ұстанып келеді. Мәселен, бір қобызды жасап шығаруға айтарлықтай уақыт керек. Және адамның темірдей төзімі мен табандылығы ауадай  қажет.

Қобыздың пайда болу тарихын Қорқыт атамен байланыстыруымыз бекер емес болар. «Күй атасы – Қорқыт» деп айдар тағып атайтынымыз сондықтан шығар. Қыл қобыздың үні бірде күңіреніп, бірде қара желдей ысқырып тұрады. Мұны Қорқыт ата кесенесіне барсаңыз байқайсыз. Қуыс шанақ бозінгендей боздап, боз дала­дай құлпырады. Ескі аспапты ежелде жыраулар мен абыздар, ұзандар мен бақсылар қолданған екен. Қорқыт атаның қарағайдан қайы­рып, үйеңкіден үйіріп алған аспа­бы – дүниежүзіндегі ең кең тараған көне жәдігер. Оның сазды да, мұңды өміршең күйлерді шығарғаны айтылады. Қобыздың нарқобыз, қылқобыз, желқобыз деген түрлері кездеседі. Әрқайсысы өзіндік  ерекшелігімен  өзгешеленеді.

Атадан балаға мирас болған жәдігерді елімізде қолөнер шебері өз қабілетіне қарай жасап шығаруда. Көненің көзіндей қастерлі дүние ғасырдан-ғасырға жалғасып, мәңгілік құндылығын жоймай келеді. Өйткені, оның туындылары көптің көңілінен шығып, елдің ықыласына бөленуде. Халқымызда «Қолынан келген құмға кеме жүзгізеді» деген дуалы сөз бар. Бұл ұшқыр ойы мен шеберлігін ұштастырған ұсталарға айтылса керек-ті. Жәнібек Асанұлы қолөнер бұйы­мын жасаумен жастайынан айналысып келеді екен. Атадан мирас болған өнерді бойтұмардай қастерлеп  жүрген ісмерден ісі жайлы  пікірін  білген  едік.

– Жалпы қазақ халқы өнердің қай түрінен болса да кенде емес. Ата-бабаларымыз ілгеріде аң терісін илеп, одан түрлі үлгідегі киімдерді пішіп отырған. Қала берді ағаштан ою ойып, темірден түйін түюді де жанына серік еткен. Әкем зама­нында қолөнерді серік ет­кен ұста болғанын айттым. Содан көріп, менің де ұсталық өнерге деген құштарлығым артып, осы күні өмірімнің өзегіне айналды. Осы өнермен тұрақты айналысқаныма біраз жыл болды. Жасаған бұйымдарымды аудан­да, облыста, республикада өткі­зілетін көрмелерге алып қо­йып жатады. Арнайы тапсырыс­пен жасатып жататындар қатары жоқтың қасы десем де болады. Қолданылатын нар қобыздарды жергі­лікті қарағаш, Сыр талдарынан жасаймын. Табиғи бұйым тө­зімді болады. Көрнекілікке қоятын сәндік бұйымдарды аз уақытта әзірлеп бере аламын. Келешекте шеберханамды заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіп, кеңейтсем деген жоспарым бар. Еліміз өз алдына егемен ел атанып, дербес мемлекет болғалы өшкеніміз жанып, жоғалғанымыз табылып жатыр. Бұл – тәңіріміз тарту еткен тәуелсіздігіміздің теңдессіз сыйы. Біз ғұндардың ғұрпын, сақтардың салтын сақтаған тегі таза, ойы ұшқыр, арманы асқақ елдің ұрпа­ғымыз. Сондықтан біздің жеткен жетістігі­мізден бағындырар белесіміз көп. Сол жолда халықтың ынтымағы қажет. Өйт­кені, «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген сөзді жан жүрегімізбен ұғынуымыз шарт. Қазіргідей алмағайып уақытта Отанымыздың өсіп-өркендеуі жолында бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін деп жұмыс істесек, жетер жетістігіміз алыс емес, — дейді қолөнер  шебері.

Ісмердің қолынан шыққан өнер туындылары көптің көңілінен шығып, алғысына бөленуде. Бұл – өлшеусіз еңбек пен төккен тердің жемісі мен жеңісі. Ұлттық құнды­лықтарымызды  ұлы көштен  қалдырмай ұрпақ жадында жаңғыртып отырсақ, санасы сергек, елі мен жерін сүйіп, құрметтейтін ұлтжанды ұл, қыз тәрбиелей аламыз. Ал, оған жетудің алғышарттары ұлттық бояуы қанық қазақы негізде жатыр. Оған дом­быра үні мен қобыздың сарыны сеп болады. Осындай тағылымның табын өшірмей, көне­нің көшіндей болып келе жатқан мұраларымызды қалай құрметтеп, қалай мадақтасақ та жарасады. Қобыз сарынында көп сыр жатыр. Тағы бір айта кетерлігі, ісмер бұдан да бөлек ағаштан түрлі бұйым түрлерін  жасайды.

Қараөзек ауылында дүниеге келген өнер иесі туған ауылы бейнеленген картинасын үй төріне іліп қойған. Әсілінде бұл азаматтың туған жерімен кіндігінен байланғанын байқатады. Біз көрген әрбір бұйым – дүйім қазақ жұртының өткенімен үндескен, болашағымен  тілдескен  өнер  жиынтығы.

Тұрар  БЕКМЫРЗАЕВ,

Сырдария  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: