Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жол қауіпсіздігі үшін айыппұлдан бөлек шаралар ұсынылды

30.09.2026, 15:35 61

2025 жылы республикалық маңызы бар жолдарда 994 адам, жергілікті жолдарда 1 336 адам қаза болған. «Respublica» фракциясының депутаттары Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалда осы деректерді келтіріп, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын қайта қарауды ұсынды.

Депутаттар жолды күтіп ұстауға бөлінетін қаржының тетіктеріне және полицияның қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмысына назар аударған. Сауалда көлік ағыны көбейген сайын жолдың техникалық мүмкіндігі мен қауіпсіздігіне қойылатын талап та өсуі керектігі айтылған.

«Ішкі істер министрлігі мәлімдеп жатқанындай тек айыппұлмен шектелмей жолды күтіп ұстауды қаржыландыру тетіктерін қайта қарастырып, сонымен қатар полиция қызметкерлерін жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарын жетілдіруді ұсынамыз», — делінген депутаттық сауалда.

Құжаттың орыс тіліндегі нұсқасында екі жолақты жолдарда басып озу қарсы бағыттағы жолаққа шығумен байланысты екені көрсетілген. Қозғалыс қарқындылығы артқан кезде мұндай жолдардың өткізу қабілеті мен қауіпсіздігі төмендейтіні айтылған. Депутаттар жол сапасын бағалағанда жабынның жағдайымен бірге қозғалыс қауіпсіздігін және жол жүру уақытының болжамдылығын ескеруді ұсынады.

Фракция Үкіметтен жолдарды жаңғырту басымдығын анықтағанда апаттылық деңгейін есепке алуды сұрады. Сондай-ақ жаңа жобаларды жоспарлау кезінде келешектегі көлік ағыны мен жолды кеңейту қажеттігін алдын ала қарастыру ұсынылған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: