Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан Ауғанстанға 573 млн доллардың тауарын сатты

29.09.2026, 16:05 55

Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауда биыл күрт өсті. 2026 жылдың қаңтар-шілде айларында екі ел арасындағы тауар айналымы 581,1 млн долларға жетіп, былтырғы сәйкес кезеңнен 2,4 есе артқан. Соның 572,9 млн доллары Қазақстаннан Ауғанстанға жөнелтілген тауарларға тиесілі. 

Экспорттың негізгі бөлігін күнделікті тұтынатын азық-түлік құрап отыр. Қазақстан жеті айда Ауғанстанға 215,6 млн доллардың ұнын, 122 млн доллардың бидайын және 51,1 млн доллардың өсімдік майын сатқан. Ал Ауғанстаннан Қазақстанға жеткізілген тауар көлемі 8,2 млн доллар шамасында қалған. 

Енді екі ел сауданы өңірлер деңгейінде жандандыруға кіріспек. Гератта Қазақстан Президентінің Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Еркін Тұқымов бастаған делегация Герат провинциясының губернаторы Нур Ахмад Исламжармен кездесті. Келіссөзде Қазақстан мен Ауғанстанның батыс өңірлерін тікелей байланыстыратын «West2West» форматына назар аударылды. Ол сауда, өндірістік кооперация, көлік және логистика салаларында өңірлердің тікелей жұмыс істеуіне мүмкіндік бермек. 

Гератта «Қазақстан – Ауғанстан: өңіраралық ынтымақтастық» бизнес-форумы да өтті. Қазақстан делегациясының құрамында Сауда және интеграция министрлігі, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының өкілдері мен кәсіпкерлер болды. Ауғанстан тарапы өз кезегінде өнеркәсіп тауарлары, ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік көрмесін ұйымдастырды.

Сапар кезінде тағы бір маңызды нысан іске қосылды. Гератта қазақстандық «Integra Construction KZ» компаниясы құрылысына қатысқан «Хаф – Герат» теміржолының үшінші учаскесі ашылды. Бұл бағыт Ауғанстанның Иран арқылы халықаралық көлік желілеріне шығуына мүмкіндік беретін теміржол дәлізінің бір бөлігі. 

Қазақстан тарапы Ауғанстаннан келетін импортты да ұлғайтуға мүмкіндік бар деп есептейді. Соның ішінде кептірілген жемістер, шафран, жүзім және кілем өнімдерінің жеткізілімін арттыру мәселесі қарастырылып отыр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: