Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұйқы безі обырын емдеудің жаңа жолы табылды

13.09.2026, 10:10 35

Майами университетінің Сильвестр атындағы кешенді онкологиялық орталығының ғалымдары ұйқы безі обырын емдеудің жаңа тәсілін анықтады. Зерттеушілер ісіктің емге төзімділігін төмендету үшін IL1RAP деп аталатын рецепторды бұғаттауды ұсынып отыр. 

IL1RAP жасушалардың қабыну сигналдарын қабылдауына қатысатын ақуыз. Ол ісік жасушаларын, иммундық жасушалар мен фибробласттарды өзара байланыстырып, ісіктің өсуіне және емге төзімді болуына ықпал етеді. 

Клиникаға дейінгі зерттеулер барысында осы рецепторды бұғаттау ісік айналасындағы иммундық жүйенің белсенділігін тежейтін жасушалар мен фиброз мөлшерін азайтқан. Сонымен қатар қатерлі жасушалармен күресетін Т-жасушалардың белсенділігі артқан. Нәтижесінде ісік біріктірілген емге жақсырақ жауап бере бастаған. 

Ғалымдар енді бұл әдісті операция жасауға болатын ұйқы безі обырына шалдыққан науқастар арасында клиникалық сынақтан өткізуді жоспарлап отыр. IL1RAP-қа бағытталған емді операция алдында химиотерапия және иммунотерапиямен бірге қолдану көзделген. 

Зерттеушілердің пікірінше, емді операцияға дейін қолдану ісік тінінің терапияға дейінгі және кейінгі жағдайын салыстыруға мүмкіндік береді. Бұл жаңа тәсілдің ісік микроортасына қаншалықты әсер еткенін нақты бағалауға көмектеспек. 

Әзірге бұл әдіс клиникалық тәжірибеге енгізілген ем емес. Оның тиімділігі мен қауіпсіздігі алдағы клиникалық сынақтар барысында анықталуы керек. Зерттеу нәтижелері JCI Insight ғылыми журналында жарияланған. 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: