Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алматыда ер адамға жыныс мүшесінің протезі салынды

11.09.2026, 12:05 65

HALYQLINE.KZ

Алматыда ер адам құрылыс жұмысында жүріп ауыр жарақат алады. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ол жамбас сүйегін сындырып, несеп жолын үзіп алған. Осыған байланысты №7 қалалық клиникалық аурухананың дәрігерлері оған жыныс мүшесінің протезін салып берді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Дәрігерлердің айтуынша, мұндай жарақаттар – ең күрделі жағдайлардың бірі. Одан тіпті адам өліп кетуі мүмкін. Науқас аман қалғанның өзінде зәр шығаруы қиындап, мүгедектікке әкеледі.

«Отаны жасаған №7 қалалық клиникалық аурухананың дәрігер-урологы Руслан Жұмаділовтің айтуынша, ем бірнеше кезең бойынша жүргізілген. Алдымен дәрігерлер жамбас сүйектерін репозиция жасап, зақымдалған несеп шығару өзегін айналып өтіп, зәрді сыртқа шығаруға мүмкіндік беретін эпицистостома орнатқан. Кейін несеп шығару жолдарының тұтастығын қалпына келтіруге бағытталған күрделі реконструктивті операция жасалды. Дәрігерлер несеп шығару өзегін қайтадан қуықпен жалғап, науқастың табиғи жолмен зәр шығару функциясын қалпына келтірді. Ауыр жарақат салдарынан науқаста эректильді функция да жоғалған. Мамандар фаллопротездеу операциясын жасап, жыныс мүшесінің протезін орнатты», — делінген ведомство хабарламасында.

Кезең-кезеңімен жүргізілген ем және мультидисциплинарлық дәрігерлер тобының үйлесімді жұмысының нәтижесінде науқас толық оңалтудан өтіп, қалыпты өміріне қайта оралды. Кейін оған бұрын белгіленген мүгедектік те алынып тасталды.

№7 қалалық клиникалық аурухананың директоры, PhD докторы Нұрдос Кадырбековтің айтуынша, бұл клиникалық жағдай заманауи урология мен реконструктивті ортопедияның мүмкіндіктерін көрсетеді.

«Мұндай жарақаттар клиникалық тәжірибеде ең ауыр әрі сирек кездесетін жағдайлардың бірі саналады. Мамандарымыздың кәсіби біліктілігі мен заманауи технологияларды қолданудың арқасында біз науқастың өмірін сақтап қана қоймай, жоғалған функцияларын қалпына келтіріп, оның толыққанды өмір сапасына қайта оралуына мүмкіндік бердік», — деді №7 қалалық клиникалық аурухананың директоры, PhD докторы Нұрдос Қадырбеков.

Фото: nur.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: