Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыр даласының шырайы – қазыналы Құмкөл мұнайы

10.09.2026, 6:20 28

Кең-байтақ Сыр өңірінің түстік даласы – тек тарихтың ғана емес, жер қойнауында бұғып жатқан баға жетпес қазынаның да алтын бесігі. Солардың ішінде толқынды  Сырдың  тағдырын мұнайлы өлкеге айналдырған, қара алтынның  өзенін  тасытқан «Құмкөл» кен орнының  орны  ерекше. Осыдан  қырық жыл  бұрын  бұрғылау  мұнаралары  бой көтеріп, дала төсін  еңбек дүбірі кернеген еді. Міне, бүгін сол мерейлі белес – Құмкөлдің өнеркәсіптік игерілуіне 40 жыл толуына орай Қызылорда қаласындағы Өнер  орталығында «Құмкөл: Қара алтын шежіресі» аталған салтанатты жиын  өтіп, мұнайшылар  қауымының еңбегі  ұлықталды.

Мазмұнды кешке облыс әкімі Мұрат Ергеш­баев арнайы қатысып, жер астынан ырзық бұрқақтатып, ел экономикасының тірегіне айналған қара алтын шеберлерін кәсіби мерекелерімен  ыстық  ықыласпен  құттықтады.

Аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев өз сөзінде мұнай саласының мемлекетіміз үшін стратегиялық  маңызына  ерекше  тоқталып  өтті.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Мұнай-газ саласы – экономикамыздың тірегі, еліміздің қарқынды дамуының кепілі. Мемлекет әрқашан энергетика саласының әлеуетін арттыруға, жаңа кен орындарын игеруге және сала жұмысшыларының мүддесін қорғауға ерекше көңіл бөледі» деп атап өткен болатын. Бұл сала мемлекеттік бюджеттің басым бөлігін қалыптастырып, ірі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға және әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Еліміздің экономикалық әлеуетін арттыруда Қызылорда облысындағы мұнай компанияларының, онда еңбек ететін мұнайшылардың үлесі зор. Сіздер тек Қызылорданың игілігіне ғана емес, тұтас мемлекеттің көркеюіне, экономикалық өркендеуіне, әлеуметтік тұрақтылығына атсалысып  келесіздер, — деді.

Сондай-ақ салтанатты жиында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасе­нов, «CNPC  Central  Asia»  және «CNPC Kazakhstan» компанияларының бас директоры Ян Миньюй, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ президенті Чэнь Даю құттықтау сөз сөйлеп, өңірдегі өндірістік серпін мен алдағы жоспарларды  баяндады.

— Аңызға  айналған Құмкөл кен орнының тари­хы 40 жыл бұрын басталды. Бүгін залда осы ұлы сапардың бастауында тұрған ардагер-із­ашарлар отыр. Ең алдымен сіздерге алғыс айтқым келе­ді. Сіздер күрделі жағдайда жұмыс істеп, қиын шешімдер қабылдадыңыздар, өз білім-біліктеріңізбен бөлістіңіздер және бүгінгі күнге дейін мақтан тұтатын дәстүрлерді қалыптастырдыңыздар. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен ерліктеріңіздің арқасында Құмкөл мұнай саласының дамуына ықпал етіп қана қоймай, бүкіл аймақтың инфрақұрылымын да өзгерткен кен орнына айналды. Адалдығыңыз бен Құмкөлге арна­ған жылдарыңыз  үшін  алғыс  айтамын.

Бүгін мен сондай-ақ акционерлерімізге, қазіргі командамызға және барлық әріптесіме алғыс айтқым келеді. Бұл саланы басқару жоғары деңгей­дегі кәсіпқойлықты талап етеді: операция­лық тиімділік пен қауіпсіздікті сақтау, оңтайлы шешімдерді  анықтау  және жылдар бойы жинақ­талған активтерді мұқият басқару қажет. Біз бірлесе отырып, тұрақты жұмысты қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасап  жатырмыз.

Баршаңызды тағы бір мәрте Құмкөлдің мерей­тойымен, сондай-ақ кәсіби мереке­міз – Мұнайшылар күнімен құттықтаймын! Мұнай саласы мен өңірдің игілігі, сондай-ақ тұрақтылық пен қауіпсіз болашақ жолындағы жоспарларымызды жүзеге асыруда баршамыз­ға табыс, сіздерге және отбасыларыңызға зор денсаулық, бақыт пен амандық тілеймін, — деп «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ президенті  Чэнь  Даю  лебізін  білдірді.

Кеш барысында өндірісте озық көрінген, өмірін осы салаға арнаған майталман мамандарға «Құрмет» ордені, III дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені, «Үздік мұнайшы» төсбелгілері, «ҚазМұнайГаз» мен «CNPC Kazakhstan» компанияларының Құрмет грамоталары және «Құмкөл» кен орнының 40 жылдығына арнал­ған  мерейтойлық  медальдар  табысталды.

Кеш соңы эстрадалық-симфониялық оркестр, «Сыр самалы» вокалдық-аспапты және «Томирис» би ансамбльдерінің өнерімен өр­нектелді.

Салтанатты іс-шара аясында кеш қонағы болған мұнай саласының ардагерлері де сөз алып, Құмкөлдің өркендеуі мен өздерінің еңбек жолдары туралы ағынан жарыла естелік айтты.

30 жылдан астам уақыт мұнай саласында еңбек еткен ардагер Болат Көшербаев өзінің жүрекжарды  лебізін  былайша  жеткізді.

– Ал, айналайын, Құмкөлдің игеріле бастағанына 40 жыл толу мерейлі белесінде басымыз­ды қосып, салтанатты кеш ұйымдастыр­ған әкімшілікке, одан кейін «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ ұжымына мың да бір рақмет! Осындай жақсы бір кеш өтті, жақсы сезімде шығып келе жатырмыз. Мына Құмкөл жайдан-­жай қалған жоқ. Осы бүкіл Қызыл­орда облысы, Қазақстанға өзінің мол үлесін қосып отыр. Біздің компанияның арқасында осы жаңа марапатталған кәсіпкер, мына туындап жатқанның бәрі – бізден шыққан компаниялар. Сол бәрі дамып, қазір олар да мол үлесін қосып жатыр. Оның тәрбиелік жағы да бар. Мына бізден шыққан көптеген маман осы Сыр елі, Қазақ­станның әр жерінде  мекемелерде  басшылық қызметін атқарып, олар да өзінің шәкірттерін  өсіріп  жатыр, — деді.

Болат Көшербаев өңірде мұнайшылардың демеушілігімен бой көтерген әлеуметтік нысандарды  тілге тиек  етті.

– Жергілікті басшылар мен «ҚазМұнайГаз» өкілдері айтып өткендей, аймақта көптеген маңызды нысандар салынды. Соның ішінде айтылмай қалғандарын толықтыра кетейін. Облыстық аурухана да, диагностикалық орталық та осы «ПетроҚазақстан» компаниясының қаржысына бой көтерді. Сонымен қатар Астана қаласындағы хореографиялық училище де біздің қаражатымызға салынған еді. Оған біз де, қоғам да дән риза, компания әлі де өз үлесін қосып келеді. Әрине, «ПетроҚазақстанда» қазір бұрынғыдай мүмкіндіктер өте көп емес, соған қарамастан мұнда істеп жатқан азамат­тар жүктелген міндетті толық атқаруда. «ҚазМұнайГаз» басшысы өз сөзінде Қызылорда облысындағы кен орындарының 50 пайыз мұнайын ғана алғандығымызды, әлі 50 пайызы бар екенін атап өтті. Оған әзірге бізде қажетті технология жете қоймағанмен, артымыздан ерген жас әріптестеріміз бен мамандар соны игеріп, қолға алып жатыр. Амандық болса, қалған 50 па­йыз қор да ел игілігіне өз үлесін береді деп ойлай­мын. Сондай-ақ Арал мен Сырдария өңірлеріндегі аумақ­тарда зерттеу, игеру жұмыстарын одан әрі жалғастырамыз. Қызылорда облысының мұнай саласы Қазақстанның дамуына әлі де мол үлесін  қоса  береді  деп  толық  сенемін, — деді  ол.

Ал қарапайым операторлықтан бастап, өндіріс басшысы деңгейіне дейін көтерілген мұнай саласының ардагері Жоламан Аманжолұлы өзінің  еңбек  жолы мен марапат тура­лы  толғанысын  білдірді.

– Оқуды  бітіргеннен  кейін Маңғыстау облысын­дағы  Жаңаөзен қаласына барып, опера­тор болып бір жарым айдай жұмыс істедім. Ке­йін шебер (мастер) қызметіне ауыстырды. Содан сатылай өсіп, шебер, технолог, аға технолог, аға инженер және бастықтың орынбасары лауазымдарына дейін көтерілдім. Кейін марқұм Мұрат Қажыұлы шақырған соң, Қызылордаға қоныс аудардым. Осы өңірде 27 жылдай еңбек етіп, құрметті  демалысқа  шықтым.  Жалпы еңбек  өтілім – 31 жыл. Қазіргі уақытта зей­неткермін,  Астана  қаласында  тұрамын, — деді  ол.

Ол  өз  сөзін бүгінгі көрсетілген құрметке деген  ризашылығымен  түйіндеді.

– Бұған  дейін  мұндай  еңбектер  кейде  ескеру­сіз өтіп кете беретін еді. Ал биыл, міне, кен орны­ның 40 жылдығына орай арнайы елеп-ескеріп, шақырғандарына дән ризамын, үлкен  рақмет  айтамын, — деді  Жоламан  Аманжолұлы.

Бұл орайда біз де басылым атынан мынадай өзіндік ой-тұжырымымызды қоса кеткіміз келе­ді. Себебі редакциямыз осы уақытқа дейін мұнай компанияларының тек өндірістік көрсеткіштерін емес, олардың ел игілігіне бағытталған қайырымдылық жобаларын арнайы барып көріп, басылымда тұрақты түрде жазып, бөлісіп келеді.

Атап айтар болсақ, осы уақытқа дейін Қаза­лы ауданындағы «Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына көрсетілген жан-жақты қолдаулар мен демеушілік көмектер, сондай-ақ Жаңақорған ауданындағы бүлдіршіндерге арналған «Балдәурен» балабақша­сының материалдық-техникалық базасын жаңартуға бағытталған игі іс-шаралар – осының айқын дәлелі. Мұндай жанашырлық қадамдар – қара алтын өндірушілердің тек өнді­ріске емес, халықтың әлеуметтік жағдайына да бейжай  қарамайтынын  көрсетеді.

Жалпы, өңірде мұнай компанияларының демеушілігімен салынған «Оқушылар сарайы», музыкалық  колледж  ғимараты сияқты сәулетті  нысандар  ел  игілігіне  айналды.

Құмкөл – бұл жай ғана кен орны емес, бұл – маңдай терімен ел ырысын еселеген Сыр мұнайшыларының  өшпес  шежіресі.

Перизат  ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ.

Суреттерді  түсірген Андрей  Тайгунов.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: