Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тәні саудың – жаны сау

09.09.2026, 10:30 69

HALYQLINE.KZ

Бүгінде аяқ-қолы сыздаған, ішкі ағзасы мұздаған деген сыңайдағы адам өте көп. Ондай жандар дертіне шипа тілейді. Дәрігер, дәріхана, әйтеуір шыбын жаны үшін бәріне дайын.

Біз қазақ медицинасын жамандайын деп отырған жоқпыз. Біз көзбен көрген, өзімізге шипа берген жайтты тілге тиек етуге ниеттендік.

Тамыздың ортасына қарай өзбек астанасына жол түсті. Мақсат – ішкі ағзамыздағы дертке шипа табу. Мекеме «Ташкент Медикал» деп аталады. Әу баста «қалай болар екен, бұларды несімен мақтайды?» деп қобалжығаным рас.

Алайда, өзбек жеріне табан тиген соң, көзқарас өзгеріп, жанымыз жай тапқандай болды. Кіргеннен бәрі бәйек болып, бізді орналастырып, алатын еміміздің қағазын жазып, ыстық ықыластарын көрсетті. Бағамдасақ, емделушілердің күллісі – қазақ. Басқа ұлтты емге таба алмайсың. Басында бұған сәл қуанып қалғаным рас.

Жік-жаппар болып жүгірген жас қыз-жігіттердің әбжілдігіне сүйсінесің. Енді алған емімінің түрлерін тізбектейін. Дельфин вибромассажы, табан массажы, электрофорез, вакуум массажы, лазер, фитобөшке, магнит, парафин, жүйелік система, т.б. емдерін он тәулік бойы қабылдадық. Одан басқа ине салу, араға шақтыру, маймен сылау сипаттағы емдері және баршылық.

Осы емді алу барысында үлкен кезек пайда болады. Келуші көп. Осы кезекте қып-қызыл төбелес болмаса да, соған жетеқабыл қақтығыстар бой алдырады-ау. Көбі – жасамыс адамдар. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жандар аузынан небір көбік сөздерін шашып, бет жыртысуға дейін баратынына не істерсің?! «Неге?» деген сұрақ көкейімді кеулейді.

«Біз бұлардан артықпыз, біздің экономикамыз озық, біз алға озғанбыз» деген мақтанымыз қайда?! «Халқым деуге зарлымын, өзге ұлттан ұялып» деген Абай сөзі  күнде көкірегіме тіреледі. Мұндай жайт күнде болмаса да, күнара қайталанып тұрды. Өз басым сорақылықты жаным сүймегендіктен араласып, «қойыңыздар, ұят болады» дегеніме тиесілі сыбағамды алдым. Бұған не айтарсың?!

Бізбен барғандардың дені қазақтілділер ғой. Жақсы түсіністік. Және бұлардың арасында қазақша білетіндер, бейімделгендер көп екен. Ал енді біздің медицина мекемелеріне бас сұғыңыз. Қабағы қатыңқы, суық леппен тілдесетін, компьютерге үңіліп, саған көңіл де бөлмейтін мамандарды көргенде көңілің суып, жүрегің сыз тартады. (Бүкілі солай деп айта алмаймын).

«Бұл неге бұлай?» деген сұрақ тағы көлденеңдейді. Осы жерде өзіміз айтатын «Мәдениет» атты рухани қағида еске түседі. Мәдениет жоқ жерде даму бола ма?! Мекеменің бас дәрігері Дәулет Ташболатұлы Ахмедов деген – жасы отыз бен қырықтың о жақ, бұ жағындағы азамат. Нейрохирург, балалар дәрігері, т.б. мамандық иесі екен. Ташкентте, Ресейде, АҚШ-та оқыпты. Өте биязы, мәдениетті жігіт. «Жоғары медициналық оқуда мәдениеттану мамандығы болды ма?» деген сұрағыма, әлбетте, оқығанын айтты.

Айтпақшы, бәрінен қымбат сапарымыздың көрінісі Төле би бабамыздың басына зират еткенміз болды. Автобустан түсіп зират ішіне кіріп, жасы үлкендер дұға бағыштады. Сөйтсек, бұл бабамыздың ұстазы Шайхонтохур дананың кесенесі екен. Баба бейітінде өзімізше сан тілек тіледік. Аруағы өзбек халқына бөлінбей, «бізді де жебей гөр, Алаштың төбе биі» деп ішіміздегі зарымызды төктік.

Осы сапардан мәдениет болмаған жерде дәнеме болмайтынын түйіп қайттым.

Міне, қанша адам дертіне шипа іздеп, мыңдаған шақырым артқа тастап, келеді екен. Сосын түкке тұрмайтын нәрсеге тәжікелесіп, жүйкесін жұқартады. Қаны басына теуіп, алған емінің қайда кеткенін де білмей қалады-ау деген ойға бекисің. Шіркін, бізде мәдениет туралы арнайы дәрістер көп жерде, ақпаратта, желілерде айтылса, жазылса, насихатталса, әлдеқандай басқаша болар еді деген тұжырымға тірелесің.

Науқастан құлан-таза жазылдым демесем де, мен өзбек ағайынның мәдениетіне тәнті болдым. Қызмет көрсеткен қыз-жігіттердің есіме түскенін тізейін: Маржан, Мәдина, Нұрлыбек, Мұқлиса, Жұлдыз, Дилноза, Айбек, Шайих, Шахзот, Назокат, Хуршида, Иқбола, т.б. Баршасына мың алғысымды айтқым келеді. Біз сияқты жандарға ұлттың рухы қалай екенін түсіндіргендеріңіз үшін. Бүкіл ісқағаздарын қолмен толтырып, компьютерді пайдаланбай, зыр жүгіргендеріңе мың алғыс.

Қандай заман болмасын, адами қасиет, қағида деген ұғымдар биік болмағы ләзім ғой.

Бұлардың бізден тұрмысы төмен болуы мүмкін. Аз-маз қаржыны күні-түні еңбекпен табары, ол бай-бағлан боп тұруға арзымайтыны және ақиқат. Біз тұрмысымыз сәл жөндемді екеніне, жиған-тергенімізді текке шашып, өзіміздің «күшті» екенімізге малданып, бәрінен қажетті мәдениеттен ада болғанымызға не дауа?!

Көшеде келе жатсақ, үлкені-кішісі кеудесіне қолын қойып, «ассалаумағалайкүм» деп амандасады. Ал бізде ше? Танысақ та амандасуға ерінеміз, не мәдениетіміз кемшін.

«Сәлем – бір сөздің анасы» (Бұқар жырау) деген, «Бір күн дәм татқанға мың күн сәлем» деген баба ұлағатының жемісін көрер күн алда екеніне сенгім келеді.

Жанымда арыстық Сабыржан деген өзбек, алматылық Панарбек, шиелілік Саят деген жігіттер жатты. Бұлар өнерге, әдебиетке біртабан жақын жандар екен. Рухани құлазыған сәтте демеу болған жігіттерге де мың бір сәлем! Аман жүрсін, аманда.

Қ.ШЫНЫБЕКТЕГІ,

Қарағанды  облысы,

Ботақара  кенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: