Әмбеге аян дүние бар. Адам баласы бір-ақ рет туады, бір-ақ рет кетеді, ал сол екі шектің арасында өмір деген қысқа ғұмыр жатыр. Ежелден келе жатқан осы қағиданы ешкім бұзған емес. Дегенмен, медицина ғылымы соңғы жарты ғасырда таңғаларлық жаңалық енгізді. Кейбір адамның ғұмыры ол бақилық болған соң да басқа біреудің кеудесінде соғып тұра беретін болды. Ал соны естіген қоғам екіге жарылғанын жасырмаған жөн. Біреуі оны ғылымның ғажабы деп қабылдаса, енді біреуі бөтен ұғым санап, теріс айналды. Ал екеуінің арасында, ауру төсегінде жатып, кезектің жеткенін күткен адамдардың амалсыз әрекетін көріп кеудең сыздайды. Бүгінде елімізде сондай жанның саны 4 739-ға жеткен, соның – 125-і бала.
Өткен айда Премьер-министрдің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қайтыс болғаннан кейін ағзаларын донорлыққа беруге келісім беретінін жария етті. Мұндай шешімге «Хабар» агенттігі түсірген «4739» деректі фильмін көрген соң келгенін жасырмады. Фильмнің атауындағы сан ойдан алынған дүние емес, ол – кезекте тұрғандардың нақ өзі.
– Адам өмірі – табиғаттың бірегей сыйы әрі әлемдегі ешбір дүниемен өлшенбейтін ең жоғары құндылық. Күндердің күнінде жақындарымның алдында дәл осындай таңдау тұрса, онда, сөз жоқ, өмірге қайта оралғысы келетін адамдарға көмектесудің маңызын түсінгенін қалар едім. Мен ағзаларымды донорлыққа беруге келісім беретінімді жауапкершілікпен атап өткім келеді. Себебі бір адамның шешімі басқа бір адамға өмір сүруге мүмкіндік беруі мүмкін. Сондықтан біз бұл тақырыпты қорқынышпен емес, түсіністікпен, жауапкершілікпен және адам өміріне деген құрметпен талқылауымыз керек деп ойлаймын, — деп жазды министр.
Әңгіменің ұшығы сонымен бітпеді. Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өтіп, сала мамандары бүгінгі жағдайдың бет-бедерін сан арқылы көрсетті.
КЕЗЕКТЕ ТҰРҒАН КІМДЕР?
Республикалық трансплантацияны үйлестіру және жоғары технологиялы медициналық қызмет орталығының дерегінше, биылғы жылдың 21 мамырындағы жағдай бойынша күту парағында 4 739 науқас тіркелген, солардың 125-і – бала. Кезектің басым бөлігін бүйрек күтетіндер құрайды, олардың саны 4 208 адамға жеткен. Бауыр ауыстыруды 293, жүрек ауыстыруды 208, өкпе ауыстыруды 30 науқас күтіп отыр, ал «жүрек-өкпе» кешенін күтетіндер саны – 5 адам.
Кезекте тұрғандардың шамамен 80 пайызы – бүйрек ауруының соңғы сатысындағы науқастар. Олар апта сайын гемодиализ рәсімінен өтеді, бірінші топтағы мүгедектігі бар. Сол адамдар үшін ағза ауыстыру операциясы қалыпты өмірге қайта оралудың жалғыз жолы болып қалып отыр.
СОҢҒЫ ЖЫЛДАРДАҒЫ СЕРПІН
Статистиканы қатар қойып қарасаңыз, соңғы жылдары айтарлықтай өзгеріс болғаны байқалады. Қайтыс болғаннан кейінгі әлеуетті донорлардың саны 2023 жылы 49 болса, келесі жылы 86-ға көтерілді, ал 2025 жылы 186-ға жетті. Соңғы бес жылда еліміздегі ағза трансплантациясының саны 1 500-ге жуықтады, соның әрбір төртіншісі, дәлірек айтқанда 310 операциясы өткен жылға тиесілі.
Биылғы алты айдың есебі де қуантарлық. Осы мерзімде 150 операция жасалды, оның 108-і бүйрек, 31-і бауыр, 5-еуі жүрек, 2-еуі өкпе, 4-еуі мөлдір қабық ауыстыру болды. Аталған операциялардың 121-і тірі донордың қатысуымен, ал 29-ы қайтыс болғаннан кейінгі донордан жүзеге асты. Алты айда 108 әлеуетті қайтыс болғаннан кейінгі донор анықталып, 7 жағдайда бірнеше ағзаны қатар алу рәсімі жүргізілді. Ел тарихындағы елеулі оқиға да осы жылға тура келді, алғаш рет балаға жүрек ауыстыру операциясы сәтті аяқталды.
ЕҢ ҚИЫНЫ….
Деcе де, сандардың артында үлкен алшақтық жатыр. Орталық директоры Айдар Ситқазинов мәселенің дәл түйінін көрсететін бір мысал келтірді.
– Заңдық жағынан бөлек этикалық қырлары да бар, ол үдеріске тікелей әсер етеді. Халықтың қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа деген көзқарасы әлі күнге дейін біржақты емес. Мысал келтірейін, 2025 жылы 186 науқастың ми өлімі тіркелген, ал ағза алуға небәрі 18 отбасы келісім берді. Айырмашылықты көріп тұрсыздар. Оның үстіне бізде сұралған келісім презумпциясы жұмыс істейді, яғни адам тірі кезінде келісім берді ме, жоқ па, оған қарамастан рұқсат туыстарынан сұралады, — деді ол.
Есептеп көріңіз, әрбір он отбасының тек біреуі ғана келісім берген. Қалған тоғызы бас тартқан. Аталған сан бүкіл жүйенің қай жерде тұрып қалғанын анық көрсетеді. Медицина мүмкіндігі бар, дәрігер дайын, кезекте адам тұр, ал шешім отбасының қолында қалады.
ПОРТАЛДАҒЫ ПІКІР
Азаматтардың өз ұстанымын алдын ала білдіру мүмкіндігі де бар. Электрондық үкімет порталы арқылы бүгінге дейін 172 283 адам өз шешімін ресми тіркеген. Айтқандай, сол сандардың арақатынасы ойландырады. Келісім бергендер саны 16,1 мың адамды құраса, бас тартқандар саны 156,1 мыңға жеткен.
Салыстыру үшін үш жыл бұрынғы көрсеткішке қарайық. Ол кезде келісім бергендер 4,8 мың адам болатын, ал бас тартқандар саны 33 мыңға жуықтайтын. Демек соңғы жылдары келісім бергендер саны үш еседен астам көбейген, дегенмен бас тартқандар одан да жылдам, бес есе өскен. Ақпарат тарағанда екі жақтың да үні қатар шығатыны байқалады.
Осы арада бір нәрсеге назар аударған жөн, ол сандардың артында жасырынып жатыр. Порталда бас тартқандар саны келісім бергендерден он есеге жуық көп, дегенмен бүкіл ел халқымен салыстырсаң, екеуінің қосындысы да мардымсыз болып қалады. Он жеті жарым миллион халықтың небәрі 172 мыңы, яғни әрбір жүз адамның біреуі ғана өз ұстанымын білдірген. Қалғаны, дәлірек айтқанда 99 пайызы бұл сұрақты өзіне қоймаған. Демек, қоғам донорлыққа қарсы деп тұжырым жасауға да асығуға болмайды. Ол мәселені мүлде ойламаған, ал ойламау деген – қарсылықтан гөрі қауіптірек нәрсе. Себебі қарсы адам кем дегенде тақырыпты біледі, өз ұстанымын қалыптастырған, ал бейтарап отырған адам ең ауыр сәтте, жақынынан айырылған қаралы күні, ешқандай дайындықсыз таңдау жасауға мәжбүр болады. Дәрігердің сұрағы дәл сол сәтте келеді, ал жауап беруге бірер сағат қана уақыт болады. Сол қысқа мерзімде салқынқанды шешім қабылдау кез келген адамның қолынан келе бермейді, сондықтан отбасының көбі бас тартуға бейім тұрады. Мамандардың ұстанымды алдын ала, тыныш күнде білдіріп қоюды өтінетіні де сондықтан.
ЗАҢ НЕ ДЕЙДІ?
Мәселенің құқықтық негізі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 209-бабында айқындалған. Оған сәйкес, 18 жасқа толған әрбір азамат емхана немесе электрондық үкімет порталы арқылы қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім бере алады, болмаса бас тартады. Электрондық қызметтің ыңғайлы тұсы да бар, онда барлық ағзаны алуға да, жекелеген ағзаны ғана алуға да рұқсат беруге болады.
Бір нәрсені нақтылап айтқан жөн, себебі қоғамда осы тұста қате түсінік жиі кездеседі. Қайтыс болғаннан кейінгі донор бола алатын жалғыз жағдай мынау, адам кәмелетке толған болуы керек әрі оған ми өлімі диагнозы қойылуы тиіс. Өзге ешқандай жағдайда ағза алынбайды.
Еліміздегі жүйенің тарихы да ұзақ. Қайтыс болғаннан кейінгі донорлық 2012 жылдан бастап қолға алынды, ал ең қарқынды кезең 2015, 2016 және 2017 жылдарға тура келді. Сол үш жылда сәйкесінше 82, 68 және 86 трансплантация жасалды. Пандемия тұсында операция саны табиғи түрде азайды, ал 2020 жылы сұралған келісім презумпциясы енгізілген соң көрсеткіш тағы да төмендеді. Аталған үрдісті 2025 жылы ғана бұруға мүмкіндік туды, сол жылы қайтыс болғаннан кейінгі донордан 68 операция, туыстық донорлықпен 242 операция орындалды.
АҚША ТӨЛЕНЕ МЕ?
Донорлық тақырыбы көтерілген сайын қоғамда бір күдік бас көтереді, оны ашық айтқан жөн. Орталық басшысы Айдар Ситқазинов сол сұрақты да айналып өткен жоқ.
– Бүкіл әлемде донорлықтың тегін әрі өтеусіз болуы қарастырылған. Біз де сол қағидамен келе жатырмыз, қазіргі уақытта рәсімге келісім берген туыстарға арналған материалдық ынталандыру жоқ, — деді ол.
Отбасыларға моральдық қолдау ретінде Денсаулық сақтау министрлігінен алғыс хат жолданады. Қажет болған жағдайда ол хаттар ведомство атынан өңірлерге жіберіледі.
Брифингте орталық басшысы мемлекеттік қызметкерлерге бөлек үндеу тастады. Оның айтуынша, Аида Балаеваның қадамы үлгі болуға тұрарлық, ал мұндай тәжірибе әлемнің басқа елдерінде де бар. Мысал ретінде Ұлыбританияны атады, ол жақта премьер-министр қайтыс болғаннан кейінгі донор болуға өз келісімін білдірген. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі бір нәрсені ерекше атап өтті, елде қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты дамыту үшін кешенді жұмыс қажет, оған медицина қызметкерлері де, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар да қатысуы тиіс.
Сандардың артында қанша тағдыр тұрғанын түсіну үшін бір ғана мысал жеткілікті. Астана тұрғыны, 29 жастағы Феруза Смағұл ауыр дертпен ұзақ жылдар алысты. Оған 13 жыл бұрын Вильсон-Коновалов ауруы деген диагноз қойылған, ол – ағзадағы мыс мөлшерінің артуынан бауырды зақымдайтын сырқат. Алғашында ешқандай белгі байқалмаған, ауруын кездейсоқ біліп қалған.
– Операциядан кейін маған дәрігер келіп, бәрін түсіндірді. Бауырым сонша зақымданғандықтан, оны толық алып тастай алмады, тек бөліктеп алды. Әуелі туыстық трансплантация нұсқасы қаралды, донор болып күйеуім тұрған, дегенмен ол жарамай қалды, бауыры жарамсыз болып шықты. Ақыры қайтыс болғаннан кейінгі донор табылды да, маған операция жасалды. Қазір өзімді жақсы сезінемін, спортпен айналысамын, жұмысқа барамын, — деп бөлісті ол.
Бір адамның шешімі екінші адамның өмірін өзгерткен нақты жағдай – осы. Феруза Смағұлдың орнында бүгінде 4 739 адам тұр, солардың бір бөлігі – Сыр өңірінде. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі редакцияға берген мәліметіне сүйенсек, Қызылордада бүйрек ауыстыру 2023 жылдың желтоқсанынан бастап жолға қойылған. Содан бері 11 бүйрек трансплантациясы жасалып, туыстық донордан 1 бауыр ауыстыру отасы орындалды. Екі жылға жуық уақыттың ішінде 12 адам өмірдің жаңа парағын ашқан, ал қалғаны кезегін күтіп отыр.

БАС ТРАНСПЛАНТОЛОГ БҮЙ ДЕЙДІ
Тақырыпты біз тарапынан бағалау артық болар, сондықтан сала мамандарының сөзіне жүгінген жөн. А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы АҚ басқарма төрағасы, медицина ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Денсаулық сақтау министрлігінің бас трансплантологы Болатбек Баймаханов «Жас Алаш» газетіне берген сұхбатында жағдайдың байыбына барады. Айта кетерлігі, ол кісі дәрігерлік жолын осы облыстық ауруханада бастаған.
– 4 739 адам – кезекке тіркелгені ғана. Ал тіркелмегенін санасаң, одан да көп. Кемінде 6-7 мың адам. Мәселен, ресми деректе бауыр трансплантациясына 200-300 адам мұқтаж дейді, шын мәнінде 1 500-2 000 адамға жетеді. Бүйрек бойынша диализ алатын 5 мың адамды ғана есептеп отыр. Одан бөлек, тексермеген, зерттелмеген қаншама адам бар. Қазір бұл салада соншалықты өзгеріс жоқ, сол қалпында десем болады. Халықтың 90 пайызы қарсы, қолдамайды. Жалпы, халықтың 90 пайызы қолдамаған елде трансплантация ешқашан дамымайды. Өзім 25 жылдан бері осы салада жүрмін. Осы кезге дейін үш жүзден аса сұхбат бердім. Бұл тақырып айта-айта жауыр болды. Тіпті өзгеріс болмаған соң, мен де шаршап кеттім. Бір адамның айта бергені болмайды екен, — дейді ол.
Академик кезекте тұрғандардың тағдырын да ашық айтады.
– Донор табылмай өмірден өтіп кететіні көп. Себебі мәйіттік донор дамымаған. 10 пайыз ештеңені шешпейді. Ресми дерек бойынша 2025 жылы 186 адамда ми өлімі тіркелсе, соның 18-і ғана мәйіттік донор болған. Ал 2026 жылы 96 адам көз жұмғанда, жетеуі ғана донор атанған. Ал енді ойлаңыз, оларға кезек қашан келеді? Бұл кезек ешқашан келмеуі де мүмкін. Бүйрекке мұқтаж науқастың өмірін диализ ұзартады десек те, аптасына үш рет бес сағат аппаратта жатады. Диализдің арасындағы өмір – өмір емес. Жыл сайын 5 мың адамның құрығанда 500-і донор күтіп, кезегіне жетпей өледі, — дейді Болатбек Баймаханов.
ШАРИҒАТ СӨЗІ
Қоғамдағы қарсылықтың бір ұшы дінге тіреледі, ал бұл тұста нақты жауап әлдеқашан берілген. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шариғат және пәтуа бөлімі аталған мәселе жөнінде ресми қорытынды шығарған.
– Жалпы трансплантация жасау, яғни бір адамның, тірі болсын, мейлі өлі болсын, кейбір ағзасын екінші бір адамға ауыстырып, қондыруға рұқсат етіледі. Алайда, бұл амал адамды қорламайтын дәрежеде және белгілі бір шарттары толық орындалған жағдайда ғана рұқсат саналады. Әрі, өлгеннен кейін мүшелерін басқа біреуге ауыстырған жағдайда да оның құрметі төмендемейді. Сонымен бірге, тірі адамның мүддесі өліге қарағанда жоғары тұрады, — делінген ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімінің қорытындысында.
Осы ұстанымды Діни басқарма өкілі Медет Құрмашұлы да қуаттайды.
– Мұндай игі қадам – адам баласына жан беру, үміт сыйлау. Шариғат мұндай амалдарға рұқсат береді, бірақ белгілі шарттар мен тәртіптер шеңберінде жүзеге асуы тиіс. Шариғат өлі адамды да құрметтеуді талап етеді. Адам өмірін сақтау – ислам дінінің ең басты құндылықтарының бірі, — дейді ол.
Бас трансплантолог та осы жайтқа бөлек тоқталған.
– Бізде түсінік әрқалай. Бірі діни тұрғыдан дұрыс еместігін айтады. Бірақ ешбір дін бұған қарсы емес. Сол дінді берік ұстанған мұсылман елдерінде де ағза ауыстыру дамып жатыр. Ислам дінін берік ұстанатын елдер ішінде мәйіт трансплантациясын жасаудан Иран мемлекеті көш басында, сол сияқты Біріккен Араб Әмірліктерінде де дамып жатыр. Араб мемлекеттерінде трансплантацияны дамытып жатқан дәрігерлер емес, діндарлар. Біздің айтқанымыздан гөрі, имамдардың сөзі өтімді, — дейді Болатбек Баймаханов.
ӘЛЕМ ҚАЛАЙ ШЕШКЕН?
Мәселенің шешімін іздегенде өзге елдің тәжірибесіне көз жүгірткен артық болмас. Ағза донорлығы бойынша әлемде үздіксіз көш бастап келе жатқан ел – Испания. Өткен жылы ол мемлекетте 6 464 трансплантация жасалып, миллион тұрғынға шаққандағы донор саны 52,6-ға жеткен. Мұндай көрсеткіш әлем тарихында бұған дейін ешбір елде тіркелмеген. Күн сайын орта есеппен 8 донор анықталып, 17 ота жасалады, ал Еуропалық одақтағы әрбір төртінші донор дәл сол елдің үлесіне тиесілі.
Испанияның сәтті шыққан сырын көбіне заңнан іздейді. Ол елде 1979 жылдан бері келісім презумпциясы қолданылады, яғни адам тірі кезінде қарсылығын білдірмесе, оны әлеуетті донор деп есептейді. Дегенмен, мамандар мұны жалғыз себеп деуге болмайтынын айтады. Заң қабылданғаннан кейінгі алғашқы он жылда көрсеткіш өспей тұрып қалған, ал бетбұрыс әр ауруханада арнайы үйлестіруші маман бекітілгенде ғана басталған. Ол маман көбіне реанимация бөлімшесінің дәрігері болады да, отбасымен сөйлесу міндетін өзі атқарады. Бүгінде испан отбасыларының 80 пайызы ағза алуға келісім береді.
Мұсылман елдерінің тәжірибесі де назар аударарлық. Иранда алғашқы қайтыс болғаннан кейінгі донор 2000 жылы ғана тіркелген, ал оның алдында 1989 жылдың 21 мамырында елдің жоғарғы діни көшбасшысы ми өлімінен кейін ағза алуға рұқсат беретін пәтуа шығарған. Сол күн кейін Иранда Ұлттық ағза донорлығы күні болып белгіленді. Заң 2000 жылы қабылданған соң сала қарқынды дами бастады, 2003 жылдан 2015 жылға дейінгі аралықта қайтыс болғаннан кейінгі донорлық 19 есе өсті. Бүгінде ол мемлекет мұсылман әлемінде осы бағыт бойынша көш басында тұр.
Салыстыру үшін өзге елдердің көрсеткішіне қарайық. Миллион тұрғынға шаққанда Португалияда 32,6, Бельгияда 30,7, Францияда 28,6, Ұлыбританияда 21,2, Оңтүстік Кореяда 11,4, Түркияда 7,0 донор келеді. Сауд Арабиясында бұл сан 3,5-ті құрайды. Ал біздің елде 2025 жылы 18 адам ғана донор болғанын ескерсек, көрсеткіш бірден төмен қалатыны байқалады.
Аталған сандардан бір қорытынды шығады. Заң мен пәтуа қажет, дегенмен олардың өзі жеткіліксіз. Испанияда да, Иранда да бетбұрыс құжат қабылданған күні болмаған, ол ауруханада отбасымен сөйлесетін адам пайда болғанда, мешітте имам осы тақырыпты көтергенде, теледидардан насихат жүргенде барып басталған. Демек мәселенің кілті қоғамның түсінігінде жатыр.
НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
Дәрігерлердің пайымдауынша, жағдайды өзгерту үшін екі бағытта қатар жүру керек. Біріншісі – заңнаманы жетілдіру мен халықаралық тәжірибені ескеру, екіншісі – халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысын күшейту. Соңғы бағыттың маңызы зор, себебі 186 мүмкіндіктің 18-і ғана іске асқан жағдайда мәселенің тамыры құжатта да, аппаратурада да емес, адамдардың түсінігінде жатқаны айқын.
Аида Балаева да сол ойды қуаттады. Министрдің пікірінше, донорлық мәселесінде қысым көрсетуге де, айыптауға да жол берілмеуі керек.
– Әрине, донор болу немесе болмау – әр адамның жеке таңдауы. Бұл – өте нәзік әрі күрделі мәселе. Мұндай шешімге ешкімді мәжбүрлеуге болмайды. Меніңше, бұл тақырыпта ең маңыздысы – екі тараптың да жағдайын түсіне білу. Бір жағында ағза күтіп, өмірден үмітін үзбей жүрген адамдар болса, екінші жағында ең жақын адамынан айырылып, орны толмас қайғыны бастан кешіп жатқан отбасы тұр, — деді ол.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН. Аталған екі жақтың арасында тұрған қашықтықты қысқарту оңайға түспейді. Бір жағында ажалмен арпалысып жатқан мыңдаған адамның үміті тұрса, екінші жағында қаза тапқан жақынының басында отырған отбасының қайғысы тұр. Сол қайғылы сәтте шешім қабылдау деген – адам баласының қолынан келе бермейтін іс. Дәл сондықтан мамандар ұстанымды алдын ала, тыныш күнде білдіріп қоюдың маңызын айтады. Электрондық үкімет порталындағы бір қолтаңба туыстарды ауыр таңдаудан құтқарады, ал кезекте тұрған біреудің ғұмырын ұзартуы мүмкін.
Ердәулет СӘРСЕНҰЛЫ.
Коллаж бен инфографиканы жасаған автор.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!