Ақтөбе облысындағы №6655 әскери бөлімде мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген 19 жастағы Еркебұлан Досымбет ауруханаға түсті. Сарбаздың анасы Гүлдана Ерманқызы ұлының әскери бөлімде бірнеше рет соққыға жығылып, қорлық көргенін мәлімдеді.
Анасының айтуынша, сарбаз қазір ауруханада ем қабылдап жатыр. Ол баласының басынан соққы алғанын, денсаулығы күрт нашарлағанын айтады. Ауруханаға алғаш түскен кезде өздігінен дәрет сындыра алмаған. Бұған дейін де көру қабілеті нашар болған Еркебұланның жарақаттан кейін көзі одан әрі нашар көре бастағанын жеткізді.
Гүлдана Ерманқызы ұлының сөзінше, үш сержант сарбаздарды бейнебақылау камерасы жоқ жерге апарып, түрлі қорлық көрсеткенін мәлімдеді.
— Ұлым «Мені ғана емес, барлығымызды солай камера жоқ жерде азаптайды, жатқызып алып, үстімізден ойыншық қылып жүгіреді. Неше түрлі азапты көрсетеді. Шаптан ұрады, тебеді» деді,— дейді сарбаздың анасы.
Сарбаздың анасы болған жағдайға үш сержантты айыптап отыр. Әзірге бұл мәліметтер анасының мәлімдемесіне негізделген. Әскери бөлім немесе құзырлы органдар тарапынан оқиғаның мән-жайына қатысты ресми қорытынды жарияланғаны туралы берілген ақпаратта айтылмаған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!