Қызылорда қаласының Талсуат елді мекеніндегі «Оңалту орталығында» қызмет алушылардың психологиялық жағдайын қолдауға бағытталған тағылымды кездесу өтті. «Сенімен Болашақ» РҚБ Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Менің ресурсым – менің күшім» тақырыбында психологиялық тренинг өткізілді.
Тренингті филиал психологі ретінде өзім жүргізіп, қатысушыларға адамның ішкі ресурсының маңызы мен оның күнделікті өмірдегі рөлі туралы түсіндірдім.
Кездесу барысында қатысушылар өз бойындағы күшті тұстарын саралап, оларға қуат беретін құндылықтар мен факторларды анықтауға мүмкіндік алды. Сонымен қатар көңіл күйді көтеруге, жағымды эмоция қалыптастыруға және ішкі сенімділікті арттыруға бағытталған психологиялық жаттығулар орындалды.
Тренинг қатысушылар үшін өз сезімдеріне үңіліп, ішкі мүмкіндіктерін бағалауға және өмірлік қиындықтарға оң көзқараспен қарауға ықпал ететін пайдалы алаңға айналды.
Адамның ішкі күші – кез келген жағдайда алға ұмтылуға мүмкіндік беретін маңызды ресурс. Оны танып, тиімді пайдалана білу адамның эмоционалдық тұрақтылығы мен өмір сапасын арттыруға септігін тигізеді.
Осындай кездесулер арқылы әр адамның өз мүмкіндігіне деген сенімін нығайтып, рухани қолдау көрсету – маңызды бағыттардың бірі.
Өз күшіңді сезіну – өзгеріске бастар алғашқы қадам.
Тұрсын СӘПИХАНҚЫЗЫ,
«Сенімен Болашақ» РҚБ Қызылорда облыстық филиалының психологі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!