Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қарындас,  атыңыз  кім?

07.09.2026, 8:25 38

HALYQLINE.KZ

(«Ақылды ақымақтар» сатиралық романымнан үзінді)

– Қарындас, атыңыз кім? — деп сұрадым.

Ол тымырайып отыр.

– Атымды шопырыңыз біледі.

– Таныса отырайық дегенім ғой. Қайда оқисыз?

– Қайда болса сонда.

– Жоқ, қандай колледж, университет?

– Үш қабатты университетте.

– Жарайды, әкеңіз кім болып істейді?

– Қарақшы болып жұмыс істемейді, жұмысы адал.

– Бұрын ауырмағансыз ба?

– Ауырайын десем, апам ұрысады.

Мына қыздың түрі құрысын! Өзінің сәні, сөзінің дәмі жоқ қой. Дегенмен, сөзге тартып көрейін.

– Қарындас, әкеңіздің машинасы бар ма?

– Біздің үйде екі машина бар.

– О-о!

– Бірі – кір жуатын, екіншісі – тігін машинасы.

– Е-е… Шашыңызды сарыға боятыпсыз.

– Пешке күйдіріп алғанмын.

– Сіздің қолыңыздан ұстауға бола ма? — деп қолымды создым.

– Қолым қоянның аяғы емес.

– Маған жақын отырыңызшы.

– Жабыса қалатын жарымес емеспін.

– Сізге ренжідім.

– Ренжитіндей, қарызға ақша алған жоқпын.

– Бір түрлі қыз екенсіз.

– Екі түрлі болғым келмейді.

– Ой, Құдайым-ай!

– Құдай тек сіздің Құдайыңыз емес.

– Ах…

– Қайғыратындай, суға ағып бара жатқан жоқпын.

– Ох…

– Таң қалатындай шешініп жатқан жоқпын.

– Тө-өу.

– Төу дейтіндей төбеңізге шығып алған жоқпын.

– Масқара!

– Мас адамның бәрі қара емес.

– Тақылдап тұрсыз.

– Селкілдеп тұруым керек пе?

– Автомат сияқтысыз

– Пистолет болайын ба?

– Жап аузыңды!

– Ауызым бүгін ашылып, ертеңіне жабылып қалатын зауыт емес.

– Көзіңді шұқып аламын! — дедім мен сенге көшіп.

– Көзімде құрт жоқ…

– Менің кім екенімді білмейсің!

– Сіздің кім екеніңізді шопырыңыз біледі.

– Қайдан келе қалдың?

– Айдан.

– Шайтан!

– Қайдам…

(Ары қарай романнан оқып аласыз… Айтпақшы кітаптың авторлық құқы қорғалған. Өңін айналдырып сахналайтын пысықтардың құлағына алтын сырға).

Мұхтар  ШЕРІМ.

Фото: zerut.ru

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: