Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тыныштық  бермей  жатыр!

14.08.2026, 10:55 51

HALYQLINE.KZ

БҮГІНГІ  САТИРА

(«Мейірімді тирандар» сатиралық романымнан үзінді)

Мисыздарға, ақымақтарға арналған Ми супермаркетін ашқалы Нұрасылға өшіккендер өз алдына бір облыс болғандай еді. Оның Жер дронынан бөлек адамға ми ауыстыра салатын ғылыми жаңалығы әлемде үлкен төңкеріс болғанымен, қызғаншақтар үшін туберкулез ауруы болып жабысты. Ми ауыстыруды өзіне пайдаланып қалуды немесе өшіруді ойлағандар күндіз-түні қан құсқандай жөтелетін болды.

Бір күні нан зауытынан екі тексеруші келді. Жай келген жоқ, қолдарына нан ұстап келді. Бірі үй қабырғасына сала қойған сурет сияқты, қылдырықтай жас жігіт екен, екіншісі – үрлеп қойған шар сияқты әйел.

– Супермаркетіңізді тексеруге келдік, — деді әйел сызданып.

– Қайдан сырғанап келе қалдыңыздар?

– Нан зауытынан, — деді жас жігіт бөлке нанын бір тістеп қойып.

– Жайша ма?

– Бақытжан Сәдуақасов үстіңізден арыз жазды.

– Ойбай, нан зауыты нан шығарады. Менің қандай қатысым бар? — деп сұраған Нұрасыл таңғалды. Жанында тұрған ассистенті Сапарға «Сен бара ғой» деді де, тексерушілерді кабинетіне алып келді.

– Иә, тыңдап тұрмын.

– Нан жемейді екенсіз.

– Ол рас.

– Неге?

– Нанды көп жемеймін.

– Бұл қаланың сауда айналымына кереғар әсер етеді, — деді әйел.

– Кешіріңіз, нан қымбаттап кетті. Жоқ, сіз мынаны түсіндіріңіз: нан зауытының бізді тексеруге құзыреті бар ма?

– Арыз жазды.

– Арыз жазса, тексере бересіздер ме? Сіздің миыңызды ауыстыру керек.

– Ауыстыра салыңызшы, — деп лып ете қалды әйел.

– Қандай ми қалайсыз?

– Ақылды ми.

– Кімнің?

– Ньютонның.

– Еркектің миын әйелге салмаймыз.

– Ньютонның әйелінің.

– Болады.

Әйелдің миына Ньютонның әйелінің миын ауыстырып салып берген күннің ертеңіне тексеруші кісі келді. Қолында сиырдың артқы сирағы.

– Тексеруге келдім, — деді ол.

– Қайдан сырғанап келе қалдыңыз?

– Ет комбинатынан сырғанап келдім.

– Сәдуақасов арыз жазды ғой?

– Қалай біліп қойдыңыз? Мен ет комбинатынан келіп тұрмын.

– Ет комбинаты бізді тексере ала ма?

– Арыз бойынша тексере ме, соны өзім де білмей келіп тұрмын.

– Не деп жазыпты?

– Ет жемейді екенсіз.

– Ет қымбат, — деді Нұрасыл.

– Сізге айыппұл саламыз.

– Сіздің де миыңызды ауыстыру керек екен!

– Сол ғой менің көздегенім!

– Қандай ми саласыз?

– Түлкінің.

– Неге?

– Түлкі сияқты қу болғым келеді.

Оған түлкінің миы алмастырылды. Тағы бір күні бір сұлу қыз келді,

– Ағай, — деді ол.

– Иә, — деді Нұрасыл.

– Тексеруге келдім.

– Қайдан ұшып келдіңіз?

– Балмұздақ фирмасынан.

– Не болып қалды?

– Сәдуақасов арыз жазды.

– Не деп?

– Балмұздақ жемейді екенсіз.

– Ойбай! Оның несі жаман?

– Біздің фирманың банкрот болуына үлес қосып келесіз, — деген сұлу қыз сөмкесінен екі балмұздақ алып берді.

– Сіздің миыңыздың мерзімі өтіп кетіпті.

– Соны тегін ауыстырып берсеңіз…

Сұлу қыздың миы өзінің қалауы бойынша торғайдың миына ауыстырылды. Осылай тексерушілер келе берген соң, Нұрасылдың да миы ашып кетті. Ол осы романның авторы Мұхтар Шерімге келді.

– Жоқ, болмайды, романды осы жерден аяқтаңыз, тексерушілер мені өлтіретін болды, — деп уайымдады ол.

– Жарқыным-ау, сәл шыда. Жақын қалды.

– Францияға кетемін!

–Жарайды кейінгі тараулардың бірінде солай етемін.

Нұрасыл автордың қолын қысып, мәз болып қалды.

(Авторлық құқы қорғалған).

Мұхтар  ШЕРІМ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: