Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Вице-Президентінің өкілеттіктерін айқындайтын Жарлыққа қол қойды. Құжат 2026 жылғы 5 қыркүйектен бастап күшіне енді.
Жарлыққа сәйкес, Вице-Президент мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатына қатысты стратегиялық бастамаларды әзірлеуді қамтамасыз етіп, оларды Президентке ұсынады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, Үкіметпен, өзге мемлекеттік органдармен, саяси партиялармен, қоғамдық бірлестіктермен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл кезінде Президент атынан өкілдік етеді. Сондай-ақ халықаралық іс-шараларға қатысады.
Вице-Президент Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің хатшылығын басқарады және Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының қызметіне жетекшілік етеді. Бұдан бөлек, мемлекеттік наградалар, азаматтық мәселелері, мемлекеттік рәміздер мен геральдика, шетелде кадр даярлау, әл-Фараби атындағы ғылым және техника саласындағы және Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комиссиялардың, сондай-ақ Жастар саясаты жөніндегі кеңестің қызметін қамтамасыз етеді.
Жаңа өкілеттіктер аясында Вице-Президент өкім шығаруға және өз құзыретіндегі мәселелер бойынша орталық әрі жергілікті атқарушы органдарға тапсырма беруге құқылы. Сонымен қатар Құрылтай, Үкімет, Қазақстан Халық Кеңесі және Президент жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың отырыстарына қатыса алады.
Оған мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардан қажетті ақпараттар мен құжаттарды сұрату, сондай-ақ Президент актілерінің жобаларын әзірлеу үшін ведомствоаралық жұмыс топтарын құру құқығы да берілді. Вице-Президенттің жұмысын ұйымдық-құқықтық және ақпараттық-талдамалық жағынан Президент Әкімшілігі қамтамасыз етеді.
Жарлыққа Президент 5 қыркүйекте қол қойған. Құжаттың нөмірі – №1452.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!