Қазақстан құрамасы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында медальдар саны бойынша бірінші орын алды. Ел спортшылары жарыстың соңғы күнінде 6 алтын, 6 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды egemen.kz.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғызстанда өтті. Жарыс бағдарламасы 1 қыркүйекте басталды. Биылғы додаға 113 елден 3 мыңға жуық спортшы қатысып, 43 спорт түрінен жүлделер сарапқа салынды.
Қазақстан құрамасы жарыстың алғашқы күнін медальсыз аяқтағанымен, кейінгі кезеңдерде қарқынын күшейтті. 2 қыркүйекте спортшыларымыз 10 медаль жеңіп алса, 3 қыркүйекте бір күнде 24 жүлде иеленді. Оның 12-сі – алтын, 7-еуі – күміс, 5-еуі – қола.
4 қыркүйекте қазақстандықтар қоржынға тағы 21 медаль қосты. Осы нәтижеден кейін Қазақстан жалпы есепте көш бастады.
5 қыркүйекте құрамамыз 3 медаль – бір алтын, бір күміс және бір қола жүлде алды. Ал жарыстың соңғы күнінде спортшыларымыз 16 медальмен қоржынды толықтырды. Оның ішінде 6 алтын, 6 күміс және 4 қола медаль бар.
Әсіресе ұлттық зияткерлік ойындарда қазақстандықтар жоғары нәтиже көрсетті. Тоғызқұмалақ пен мангалдан 11 медаль, оның ішінде 6 алтын жүлде жеңіп алынды. Сонымен қатар көк бөрі мен көкпардан құрамамыз күміс медаль иеленді.
Осылайша, Қазақстан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын 74 медальмен – 32 алтын, 20 күміс және 22 қола жүлдемен аяқтап, жалпы медальдық есепте бірінші орынға шықты.
Екінші орынды Қырғызстан құрамасы иеленді. Қырғыз спортшыларында 30 алтын, 35 күміс және 19 қола, барлығы 84 медаль бар. Үшінші орында – Ресей (7 алтын, 8 күміс, 21 қола).
Медальдық есепте командалардың орны ең алдымен алтын медаль санына қарай анықталған. Сондықтан Қазақстан жалпы жүлде саны бойынша Қырғызстаннан аз медаль алғанына қарамастан, бірінші орынға шықты.
Мемлекет басшысы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ерекше көзге түскен спортшыларды марапаттауға уәде берді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!