1 қазаннан бастап №1/2 «Алматы – Ташкент» халықаралық пойызының құрамында «Әйелдер вагоны» қызметі іске қосылады. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ хабарлады.
Компания мәліметінше, Алматы – Ташкент бағытына сұраныстың артуы мен жолаушылар ағынының өсуіне байланысты осындай шешім қабылданған. Бұған дейін әйелдерге арналған вагондар Қазақстан ішіндегі бағыттарда жұмыс істеп келген.
— «Әйелдер вагоны» қызметі іске қосылғаннан бері оны 946 мыңнан астам жолаушы пайдаланды, — деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Ахметжанов.
Алматы – Ташкент пойызы күн сайын қатынайды. Алматыдан сағат 19:05-те шығып, Ташкентке жергілікті уақытпен 12:53-те жетеді. Кері бағытта Ташкенттен 14:41-де шығып, Алматыға 08:51-де келеді.
Жаңа бағыт іске қосылғаннан кейін «Әйелдер вагоны» қызметі бар пойыздар саны 14-ке жетеді. Мұндай вагондарға билет тек әйелдерге сатылады және жолаушыларға әйел жолсеріктер қызмет көрсетеді. Ересек адамның еріп жүруімен жеті жасқа дейінгі ұл балаларға да сапарлауға рұқсат етіледі.
Билеттер теміржол кассаларында және ресми сайт арқылы сатылады. Билет таңдағанда орынның «Әйелдер вагонына» тиесілі екенін білдіретін «ЖН» белгісіне назар аудару қажет.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!