Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов көпбалалы аналарды қабылдап, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес еліміздің демографиялық дамуына үлес қосып, саналы ұрпақ тәрбиелеп отырған бірқатар аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградаларын салтанатты түрде табыстады.
Кездесуде аудан басшысы анаға құрмет көрсету – халқымыздың ежелден келе жатқан асыл дәстүрі екенін атап өтіп, отбасы берекесін сақтап, бала тәрбиесіне бар ғұмырын арнап жүрген аналардың еңбегіне ерекше тоқталды.
– Ана – отбасының жылуы мен берекесін сақтаушы ғана емес, елдің ертеңін тәрбиелейтін ұлы тұлға. Сіздердің әрқайсыңыз бала тәрбиесімен қатар, отбасының жауапкершілігін арқалап, қоғамның дамуына өз үлестеріңізді қосып келесіздер. Бұл – үлкен еңбек пен зор жауапкершілікті талап ететін қасиетті міндет. Балаға берілген тәрбие – елдің болашағына салынған ең маңызды инвестиция, – деді аудан әкімі.
Бүгінде Қазалы ауданында 1924 ана мемлекеттік наградаларға ие болған. Оның ішінде 674 ана – «Алтын алқа», 1187 ана – «Күміс алқа», 22 ана – «Батыр ана», 41 ана – «Ана даңқы» төсбелгісінің иегері.
Сонымен қатар, аудан бойынша 3485 көпбалалы отбасы мемлекеттік жәрдемақымен қамтылған. Әлеуметтік қолдауды қажет ететін аналар мен балаларға да тиісті көмек көрсету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Бұл – мемлекет тарапынан отбасы институтын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға және көпбалалы отбасыларды қолдауға басымдық беріліп отырғанының нақты көрінісі.
Салтанатты марапаттау рәсімінен кейін аналар аудан әкіміне өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, көкейдегі мәселелерін жеткізді. Кездесу соңында мәдениет саласының өнерпаздары арнайы концерттік бағдарлама ұсынып, ақ жаулықты аналарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Аудан әкімі марапат иелерін «Алтын алқа» және «Күміс алқа» наградаларымен құттықтап, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларына бақ-береке, шаңырақтарына шаттық тіледі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!