ӨЛКЕТАНУ
Жаздай бір тамшы тамбай ел ықыласын зарықтырған Арқа өңірінің әр жері дамыл-дамыл тасаттық рәсімін жасап, ілдалдалап еді, маусымның соңы сәл жібіді. Ауық-ауық найзағай ойнап, жер-жерге жаңбырын да төгіп жіберді. Біз сапарға шыққан шілденің алғашқы онкүндігі табиғаттың осындай құбылысымен дөп келді. Бұған дейін аптап ыстығымен аспан жерге түскендей болған сәті қоңыр желмен тербеп, сіркіреген жауынын жақсылық нышаны деп ұқтық.
Біздің бағытымыз – шертпе күй шебері, қазақтың ұлы композиторы Тәттімбет Қазанғапұлының кесенесі. Жанымдағы – Егіндібұлақ тумасы, әнші, күйші Әсет Мұқажанов пен ұлым Ағжан. Жолшыбай өлген аңды шұқып отырған қарғаны көріп аялдадық. Сөйтсек ол күзен екен. Қарға әлде балапан, әлде мертіккен. Әсет дос ұстап алып, балам екеуі суретке түсіп, мәз боп қалды. Елде осы қарға жөнінде әртүрлі пікір бар ғой. Біреу киелі, біреу киесіз деп жатады. Біз үшін бұл жақсылық нышаны деп бағаладық. Жолымызды әрі қарай жалғастырып, Қарқаралыға аялдадық. Атақты Мәди Бәпиұлына дұға бағыштадық. Мақсатымыз ұлы күйші күмбезі болғандықтан көп аялдамай, тағы жол тарттық.


Егіндібұлақ бұрын аудан орталығы болған елді мекен екен. Әуелі Егіндібұлақ, сосын Қазыбек би есімін иеленген аудан орталығы бүгінде көз қуантатын кейіпте емес. Жекелеген басшылар барша мәдени, рухани, материалдық байлықтарды талан-таражға салып, тұншықтырса да, ел еңсесі түспепті. Соған да шүкір еттік.
Қарқаралыға дейін жүйткіп жетіп едік, Егіндібұлақ жолы әлі де ойқы-шойқы екен. Сексен бес шақырым шайқалақтап отырып жеттік-ау. Әуелі мұнартып Балқантау көрінді, сол жақта Шұбаркөл қалды. Біз бірден Балқантаудың етегіндегі бұлаққа аялдадық. Бұлақ көзіне тұрба жүргізіпті. 50-60-жылдардан бері әлі тоқтаусыз ағып тұр екен. Тағы бір ғажабы, бұл бұлақ суы жазда салқын, қыста жылы. Сәлден соң таңғы жауын сіркірей бастады. Біз Қызылтас тауының тасасына паналадық. Табиғат ғажайыбы керемет-ау! Ұлы күш әдейілеп жақпар тастарды әкеп әртүрлі деңгейде қоя-қоя салған сыңайлы. Мәшекең айтқандай: «Мұнда топан судың іздерін осы тастардағы мүжілген тұрпатынан байқауға болады. Ойың сан-саққа жүгіріп, шіркін, бір кезде ұлы күйші бұл тастарды аралап жүріп, қарағай, қайың, тал-теректің жұпар иісін сіміріп, небір күйдің сарынын туғызған-ау! Әттең, сол заманның рухани бейнесін сезіну біз сияқты бейбаққа алыстау-ау деген қиялға берілдік.
Кеш қарая Әсекеңнің туысының үйіне түнеуге бел будық. Ертеңгілік шайымызды ішіп жолға қамдандық. Әсекең бізді «Балқантау» түшпарасына апарды. Иесі Өмірзақ ағамен таныстық. Сақалы белін жапқан, көзінде нұр ойнаған адамды мен Шәкәрім қажыға баладым.
Бағытымыз – Арқалық, бүгінгі Тәттімбет ауылы. Сонау Кеңес кезіндегі салынған тасжол әлі сол күйі, асфальті ұшқан, тоңқылдақ жолмен 65 шақырым текіректеп, екі жарым сағатта ауыл төбесін көрдік-ау! Жол бойғы табиғат көрінісі ғана жол азабын ұмытқызғандай. Шоқпартас, Пештің мойыны деген тау-тас сілемі – қазақ жерінің туризміне сұранып-ақ тұрған жерлер. Жолды, тағы басқа олқылықтың жолын тапса, өз еліміз түгілі шет жұртты да тамсандырар ғажайыптар жеткілікті.
Ауылға соғып, бірер кісіден жолдың бағдарын білдік. Солтүстік шығыс бағытын ұстанып, ұлы күйшінің күмбезіне бет түзедік. Шамамен 5-6 шақырым бел-белесті артқа тастаған соң, алыстан менмұндалап ақ күмбез көрінді. Үшеуміз де қосарланып «О, әне» деп айғайлап жіберіппіз. Кенет сол жағымыздан жүйткіп киік шоғыры көрінді. Бізбен жарысып, күмбезге дейін келді де, ғайып болды.
«1815-1862. Қазақтың халық композиторы Тәттімбет Қазанғапұлына өнер сүйгіш қауымнан. Арқалық ауылы» деп жазылыпты. Әуелі Құран бағыштадық. Сосын «Саржайлау» мен «Сылқылдақты» сылқылдаттық. Күмбез саман кірпіштен құйылған, жылқы қылы, ешкі сүтімен араластырып, шошақ бөрік іспетті істелген екен.
Тәттімбет Арғын асқан ардагерім,
Шығарған қырық күйің өрім-өрім.
Алашта сенен асқан күйші бар ма,
Сусынын қандыратын туған жердің, — деп жырлаған Біржан сал шумақтары ғасылар өтсе де бағасын жоймақ емес-ау! Ішіне кіретін есігінен еңкейіп, тізерлеп өтесің. Ішінде үш мүрде табыт бейнесінде қойылған екен. Қайсысы Тәттімбеттікі деп едім, Әсекең білмеді. Мен ортасындағы деп бағамдадым. Жанындағы екі мүрде бәйбіше мен тоқалы, не балаларыныкі болар, бәлкім.


Егіндібұлақ ауылының ортасындағы ескерткішті осында әкеп қойған екен, сол жерге суретке түстік. Жанымызға екі жігіт келіп сәлемдесті. Жөн сұрастық. Солтүстік шығысқа қарай Баянауыл жолы деп кеңес берді.
Менің тағы бір жоспарым Жаяу Мұса басына барып зиярат ету еді. Серіктестеріме айтып едім, олар келісті. Дала жолымен шаңдатып 52 шақырым Әулиелі Қызылтаудан бірақ шықтық.
Жол бойғы қызықтар да жетерлік. Киіктің шоқ-шоқ үйірі жиі кездесті. Бірер жерде арқарлар да жөңкілді. Айнала тау-тас пен ағаш тоғайы. Мал қыстақтарына соғып жөн сұрастық. Бір риза болғанымыз әрбір он, он бес шақырым бір қыстақ, жайылған төрт түлік даланың сәніндей көрінді. Арасында жуас жауын да біздің сапарымызды қолдағандай.
Жүсіпбек Аймауытов ауылы бұрын Жосалы деп аталған. Жолдары тақтайдай. Жаңатілек ауылына келдік. Баянауыл табиғаты да өз кереметі бөлек дүние ғой. Біз Нұрлан жиенімді тауып, жолшыбай Жалғас атты орманшы жігітті алдық. Дала жолымен шаңдатып Жаяудың Ақшоқысының етегіндегі күмбезге ат басын тіредік. Құран оқыдық, сазгердің әнін айттық. Аруаққа деген құрметіміз осылайша болса дұрыс шығар дегеніміз ғой.
«Аттыдан жаяу жүріп кек аламын,
Жігіттер сері болсаң маған ұқса», — деген сөзі өнерпаз қауымға ұран болған-ау кезінде. Жаяу Мұса – қазақ ән өнеріндегі ерекше тұлғалардың бірі. Қазақ әніне ерен ерекшелік әкелген. Ерекше бояуды қосқан. Осындай тұлғаның жер жәннаты сынды жерде мәңгілік мекен қылғаны – бір төбе. Оған барар жолдың сондай елеусіз, қалай болса солай болуы жүрекке шемен.
Өз өнерін, мәдениетін жоғары ұстамаған елдің болашағы бұлыңғыр деп ғұламалар айтып кетіп еді ғой. Бүгінгі жұртқа күнкөріс бірінші, қалғаны соңында деген қағида әдетке айналғандай.
Жаяу Мұсаның кесенесінен бірер шақырым жолда Қазыбек бидің сөре тасы тұр. Мұнда да соғып құран бағыштадық. Әйгілі биге өзі қайтыс болған жерде белгітасты ұрпақтары қойған. Бұл 1764 жылы болған. Қазыбек би Шоман көлден күзеуден қыстауға қоныс аударғанда жолда қайтыс болады. Ұлы Бекболат би құрым киізге орап, Сөре тасқа 6 ай аманаттап Әзірет Сұлтанға көктем шыға 100 кісімен аттанып, сол жаққа жерлегенін Мәшекең лепес қылады.
Сөз соңын қазып айтқан қаз дауысты Қазыбек бидің мына сөздерімен тұздықтасақ:
Өркенім өссін десең,
Кекшіл болма.
Кесапаты тиер еліңе.
Елім өссін десең,
Өршіл болма,
Өскеніңді өшіресің.
Бұдан асырып не айтамыз? Ұлылар әрдайым ұлы, егер ұлықтайтын ұрпақ ұлағатты болса. Қалайда үлкен рухпен қуаттанып қайттық бұл сапардан.
Қалиасқар ШЫНЫБЕКТЕГІ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
композитор, Бұқартанушы.
Қарағанды облысы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!