Қазақстанда жыл сайын 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні ретінде аталып өтеді. Бұл дата қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін қалаған ұлт ұстазы, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен орайлас келеді. Тіл мерекесі мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырып қана қоймай, еліміздегі барша этностың тілдеріне құрмет көрсетуге, тіл мәдениетін дамытуға үндейтін маңызды қоғамдық мәні бар күн.
Осыған орай Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан халқы тілдері күнін атап өтуге арналған облыстық іс-шаралар жоспары бекітіліп, онкүндік жарияланды. Мерекелік іс-шаралар 2 қыркүйек күні «Тілді сүю — талбесіктен» акциясымен бастау алды.
Онкүндік аясындағы негізгі іс-шаралардың бірі – «Достық» үйінде ұйымдастырылған «Тіл. Бірлік. Болашақ.» атты облыстық форум.
Форум жұмысына облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, зиялы қауым өкілдері, тіл жанашырлары, тіл мамандары, аудандық және қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары, мемлекеттік тілге жауапты қызметкерлер, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының басшылары, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері, этномәдени бірлестіктер, жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Форумды облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов жүргізді. Облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет жиынға қатысушыларды тіл мерекесімен құттықтап, форум жұмысына сәттілік тіледі.
«Мемлекеттік тіл – халқымыздың рухани тұтастығын айқындайтын басты құндылықтардың бірі. Оның қолданыс аясын кеңейту тек белгілі бір салаға жүктелетін міндет емес. Бұл мемлекеттік органдардан бастап, білім беру, мәдениет, ақпарат, бизнес және қоғамдық ортаға дейінгі барлық бағытты қамтитын ортақ жұмыс. Тілдің дамуы ең алдымен оның қолданысына байланысты. Қазақ тілінде сапалы контенттің көбеюі, мемлекеттік тілдегі қызметтердің қолжетімді болуы, жастардың қазақ тілін заманауи технологиялармен қатар меңгеруі тілдің өміршеңдігін қамтамасыз ететін негізгі бағыттар. Әсіресе жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар дәуірінде қазақ тілінің мүмкіндігін кеңейтуге ерекше назар аудару қажет», — деді Мейрамбек Зинабдинұлы.
Бүгінде мемлекеттік тілдің қоғам өміріндегі орны жаңа мазмұнмен толығып келеді. Бұл ретте қазақ тілінің тек тұрмыстық қарым-қатынас құралы ғана емес, ғылым мен білімнің, мәдениет пен өнердің, экономика мен технологияның тіліне айналуы маңызды.
Осы бағыттар форум барысында кеңінен талқыланды. Мемлекеттік тілдің медиа саласындағы орны мен рөлі туралы облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қ.Шарабидинов баяндама жасады. Ал Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Жасанды интеллект институтының директоры Н.Құлмырзаев заманауи технологиялар мен цифрлық кеңістіктегі қазақ тілінің мүмкіндіктеріне тоқталды. М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің директоры Ж.Тоғанова жастар тәрбиесіндегі тілдің маңызына назар аударса, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының төрағасы А.Жүнісов тілдерді дамыту бағытындағы өзекті мәселелерді ортаға салды.
Баяндамалардан кейін форум қатысушылары өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Басқосуда қазақ тілін Қазақстанның қоғамдық өмірінде толыққанды орныққан, ғылым мен білімде, мәдениет пен өнерде, экономика мен технологияда еркін қолданылатын заманауи мемлекеттік тіл деңгейіне көтеру қажеттігі айтылды.
Форум соңында тілдерді дамытуға үлес қосып жүрген бірқатар тіл жанашырлары мен сала мамандарына Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамоталары мен Алғысхаттары, сондай-ақ облыс әкімінің Алғысхаттары табысталды.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!