Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстандықтар зейнетақы жинағын толықтай жеке компанияға бере алады

07.09.2026, 15:00 32

Қазақстанда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы міндетті зейнетақы жарналарын басқарудың жаңа тәртібі күшіне енді. Енді салымшылар өз жинақтарының 100 пайызына дейінгі бөлігін жеке инвестициялық портфельді басқарушы компаниялардың басқаруына бере алады.

Жаңа ережеге сәйкес, азамат бір немесе бірнеше инвестициялық басқарушыны өзі таңдай алады. Сондай-ақ қаражатын қандай инвестициялық стратегия бойынша басқаруды қалайтынын да дербес айқындауға мүмкіндік берілді.

Бұған дейін қазақстандықтар БЖЗҚ-дағы жинақтарының 50 пайыздан аспайтын бөлігін ғана жеке инвестициялық компанияларға бере алатын. Қалған бөлігі мемлекеттік басқаруда қалатын.

Енді салымшы жинағын толығымен кәсіби басқарушы ұйымға сеніп тапсыра алады. Бұл ретте қаражат БЖЗҚ жүйесінде сақталады, тек оны инвестициялау тәсілі мен активтерді басқаратын ұйым өзгереді.

Жаңа тәртіп азаматтарға зейнетақы жинақтарын басқаруға көбірек араласуға және тәуекел мен ықтимал табыстылыққа қарай өзіне қолайлы инвестициялық бағытты таңдауға мүмкіндік береді. Дегенмен инвестициялық табыстың мөлшері алдын ала кепілдендірілмейді және ол таңдалған басқарушы компанияның стратегиясына байланысты болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: