Бүгін Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев қала аумағындағы жол инфрақұрылымын дамыту және жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен қолға алынған жобалар қазіргі уақытта кезең-кезеңімен ел игілігіне айналуда. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Аймақ басшысы алдымен Тасбөгет кентіндегі жол жөндеу жұмыстарының барысын көрді. «УАД» серіктестігі жүзеге асырған жобаға 5,1 млрд теңге қаралған, 4,4 шақырым көше жөнделіп, Есенов және Амангелді көшелері төрт жолақты етіп кеңейтілуде. Барлығы талапқа сай, жаяу жүргіншілер жолы салынып, су келетін лотоктар орнатылып жатыр. Жаңа асфальт-бетон төселіп, заманауи жарықтандыру жүйесі іске қосылады.
«Бәйтерек» шағын ауданы мен қала орталығын байланыстыратын маңызды инфрақұрылым нысаны – оңтүстік магистральды каналы арқылы өтетін жаңа көпір. Көпір құрылысы толық аяқталған, ұзындығы – 53 метр, ені – 7 метр, екі жолақты. Толық жарықтандырылған, көлік қозғалысына қолайлы жағдай жасалған. Құрылысты «Асанас-Дар» серіктестігі жүргізді.
Жол активтері сапасы ұлттық орталығының жылжымалы зертханасы көпірдің беріктігі мен сапасын арнайы бақылаудан өткізді. Жаңа көпір «Бәйтерек» шағын ауданына қоныстанған тұрғындарға, қауіпсіз көлік қатынасына өте ыңғайлы.
Сағымбаев көшесін Торайғыров көшесінен «Қызылорда-Құмкөл» автожолына дейін қайта жаңғырту жұмыстарын көріп шыққан аймақ басшысы 2,174 шақырымның төрт жолақты болып кеңейтілуі көлік ағынын тиімді өткізуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Көлік көп шоғырланатын қарбалас уақыттағы қозғалыстың қарқынын реттеп, кептелісті азайту үшін қолға алынған жоба аясында жаяу жүргіншілер жолы салынып, заманауи жарықтандыру бағаналары орнатылды. «Қыран» серіктестігі құрылысына 1 млрд 592 млн теңге қаралған қаланың жол-көлік инфрақұрылымын дамытудағы ауқымды жобаны жүзеге асырды.
Айта кетейік, 2022-2026 жылдары облыста 1700 шақырым автомобиль жолы мен 35 көпір өткелін салу және күрделі жөндеуге шамамен 185,8 млрд теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 82 пайыздан 95 пайызға дейін артты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!