Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көше шамы – қауіпсіздік кепілі

25.06.2026, 7:00 77

Қала  көркі  мен  тұрғындардың жайлы өмір сүру сапасы ең алдымен  оның инфрақұрылымының даму деңгейімен өлшенеді. Соның ішінде көшенің жарықтандыру жүйесі – қауіпсіздік пен қолайлылықты қамтамасыз ететін маңызды салалардың бірі. Әсіресе, түнгі уақытта тұрғындардың еркін жүріп-тұруы, жол-көлік оқиғаларының адын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау үшін сапалы жарықтандырудың маңызы зор. Осы саланың бүгінгі жай-күйі, шешімін күткен мәселелері мен алдағы жоспарлары жөнінде білу үшін Қызылорда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне арнайы сауал жолдадық. Ұсынылған мәліметтер қаладағы жарықтандыру жүйесін жаңғырту жұмыстарының кезең-кезеңімен  жүзеге  асып  жатқанын  көрсетеді.

Бөлім мәліметіне сәйкес, бүгінде Қызыл­орда  қаласы  бойынша 12 648  көше  шамы  жұмыс  істеп  тұр. Бұл көрсеткіш  шаһардағы не­гізгі көшелерді, әлеуметтік нысандар маңын және тұрғын үй секторларын жарықпен қамтуға мүмкіндік береді. Қала аумағының кеңеюі мен жаңа мөлтек аудандардың пайда болуы жарық­тандыру желілеріне түсетін жүктемені жыл сайын арттырып отырғаны белгілі. Сондықтан қолданыстағы инфрақұрылымды күтіп-ұстау және оны заман талабына сай жаңғырту жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Биыл қаладағы төрт көшеде жарықтан­дыру жүйесіне жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл тек шамдарды ауыстырумен шектелмей, электр желілерінің техникалық жай-күйін жақсартуға бағытталған кешенді шараларды қамтиды. Себебі көше жарығының сапасы ең алдымен желілердің сенімділігіне байланысты.

Мамандардың мәліметінше, соңғы жыл­дары жарықтандыру жүйесін жаңғырту бағытында  жүзеге  асқан маңызды  өзгерістердің бірі – жарықдиодты технологияларға толық көшу. Қазіргі уақытта қаладағы көше жарық­тарының 100 пайызы LED шамдардан тұрады. Мұндай технология электр энергиясын үнемдеумен қатар, жарық сапасын арттыруға және пайдалану шығындарын азайтуға негізделген. Бұдан бөлек, LED шамдардың қызмет ету мерзімі ұзақ болғандықтан, жөндеу және ауыс­тыру  жұмыстарының  жиілігі  де  төмендейді.

– Жарықтандыру жүйесін күтіп-ұстау мен ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге биыл жергілікті бюджеттен 348 миллион теңге бөлінген. Аталған жұмыстарды мердігер мекеме ретінде «Ақнұр Авто» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырады. Қомақты қаржының бөлінуі қаладағы жарық желілерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге және туындаған ақауларды дер кезінде қалпына келтіру­ге  бағытталған, — дейді бөлім басшысы  А.Әнуар.

Жарықтандыру жүйесінің үздіксіз  жұмысын қамтамасыз ету үшін күнделікті бақылау жүргізіледі. Бөлім басшысының айтуынша, түнгі жарық желілерінің жағдайы тұрақты түрде визуал мониторингі арқылы қадаға­ланады. Нәтижесінде, орта есеппен тәулігіне 20 көше­де әртүрлі ақау анықталады. Оның шама­мен бе­сеуі сол мезетте жедел түрде қалпына келтіріледі. Бұл  коммуналдық қызмет мамандары­ның  күнделікті  жұмысының көлемі  аз  емес­тігін  көрсетеді.

Қаладағы жарықтандыру сапасын арт­тыру бағытындағы  жұмыстар соңғы жылдары айтарлықтай  нәтиже  берген. Атап айтқанда, 4 100 дана жарықшамы жаңартылып, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясын­да ескі үлгідегі ДНаТ шамдары заманауи LED шамдарына ауыстырылған. Бұл өз кезегінде көшелердің жарықтану деңгейін жақсартып әрі энергия тиімділігін арттыруға да ықпал еткен.

Жауапты мекеменің мәліметіне сүйенсек, көшенің жарықтандыру жүйесін жаңғыр­ту жұмыс­тары алдағы уақытта да жалғасады. Қала аумағының ұлғаюы мен тұрғындар саны­ның артуы инженерлік инфрақұрылымға жаңа талап­тар қояды. Сондықтан көшенің жарық­тандыру желілерін кезең-кезеңімен жаңарту, олардың сенімді жұмысын қамтамасыз ету және жаңа технологияларды енгізу бағытындағы  жұмыстар  күн тәртібінен түс­пек  емес.

Көшені жарықтандыру саласындағы көрсеткіштер қаншалықты жоғары болғанымен, тұрғындар үшін ең басты өлшем – күнделікті өмірдегі нақты нәтиже. Яғни кешкі уақытта көшелердің жарық болуы, ақаулардың дер кезінде қалпына келтірілуі және қараңғы учаскелердің болмауы. Осы тұрғыдан алғанда жауапты мекемелер үшін басты міндет – тек шамдар санын көбейту емес, жарықтандыру сапасын арттыру. Өйткені қаланың жайлы­лығы мен қауіпсіздігі көбіне тұрғындардың өз көшесін қаншалықты жарық әрі қолайлы деп бағалауымен  өлшенеді.

Қаладағы  әрбір  жанған  шам – тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығының кепілі. Сондықтан да көшенің жарықтандыру жүйесін дамыту шаһар инфрақұрылымын жетілдірудегі маңызды бағыттардың бірі болып қала береді.

Перизат  ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: