Қала көркі мен тұрғындардың жайлы өмір сүру сапасы ең алдымен оның инфрақұрылымының даму деңгейімен өлшенеді. Соның ішінде көшенің жарықтандыру жүйесі – қауіпсіздік пен қолайлылықты қамтамасыз ететін маңызды салалардың бірі. Әсіресе, түнгі уақытта тұрғындардың еркін жүріп-тұруы, жол-көлік оқиғаларының адын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау үшін сапалы жарықтандырудың маңызы зор. Осы саланың бүгінгі жай-күйі, шешімін күткен мәселелері мен алдағы жоспарлары жөнінде білу үшін Қызылорда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне арнайы сауал жолдадық. Ұсынылған мәліметтер қаладағы жарықтандыру жүйесін жаңғырту жұмыстарының кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанын көрсетеді.
Бөлім мәліметіне сәйкес, бүгінде Қызылорда қаласы бойынша 12 648 көше шамы жұмыс істеп тұр. Бұл көрсеткіш шаһардағы негізгі көшелерді, әлеуметтік нысандар маңын және тұрғын үй секторларын жарықпен қамтуға мүмкіндік береді. Қала аумағының кеңеюі мен жаңа мөлтек аудандардың пайда болуы жарықтандыру желілеріне түсетін жүктемені жыл сайын арттырып отырғаны белгілі. Сондықтан қолданыстағы инфрақұрылымды күтіп-ұстау және оны заман талабына сай жаңғырту жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Биыл қаладағы төрт көшеде жарықтандыру жүйесіне жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл тек шамдарды ауыстырумен шектелмей, электр желілерінің техникалық жай-күйін жақсартуға бағытталған кешенді шараларды қамтиды. Себебі көше жарығының сапасы ең алдымен желілердің сенімділігіне байланысты.
Мамандардың мәліметінше, соңғы жылдары жарықтандыру жүйесін жаңғырту бағытында жүзеге асқан маңызды өзгерістердің бірі – жарықдиодты технологияларға толық көшу. Қазіргі уақытта қаладағы көше жарықтарының 100 пайызы LED шамдардан тұрады. Мұндай технология электр энергиясын үнемдеумен қатар, жарық сапасын арттыруға және пайдалану шығындарын азайтуға негізделген. Бұдан бөлек, LED шамдардың қызмет ету мерзімі ұзақ болғандықтан, жөндеу және ауыстыру жұмыстарының жиілігі де төмендейді.
– Жарықтандыру жүйесін күтіп-ұстау мен ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге биыл жергілікті бюджеттен 348 миллион теңге бөлінген. Аталған жұмыстарды мердігер мекеме ретінде «Ақнұр Авто» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырады. Қомақты қаржының бөлінуі қаладағы жарық желілерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге және туындаған ақауларды дер кезінде қалпына келтіруге бағытталған, — дейді бөлім басшысы А.Әнуар.
Жарықтандыру жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін күнделікті бақылау жүргізіледі. Бөлім басшысының айтуынша, түнгі жарық желілерінің жағдайы тұрақты түрде визуал мониторингі арқылы қадағаланады. Нәтижесінде, орта есеппен тәулігіне 20 көшеде әртүрлі ақау анықталады. Оның шамамен бесеуі сол мезетте жедел түрде қалпына келтіріледі. Бұл коммуналдық қызмет мамандарының күнделікті жұмысының көлемі аз еместігін көрсетеді.
Қаладағы жарықтандыру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар соңғы жылдары айтарлықтай нәтиже берген. Атап айтқанда, 4 100 дана жарықшамы жаңартылып, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында ескі үлгідегі ДНаТ шамдары заманауи LED шамдарына ауыстырылған. Бұл өз кезегінде көшелердің жарықтану деңгейін жақсартып әрі энергия тиімділігін арттыруға да ықпал еткен.
Жауапты мекеменің мәліметіне сүйенсек, көшенің жарықтандыру жүйесін жаңғырту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Қала аумағының ұлғаюы мен тұрғындар санының артуы инженерлік инфрақұрылымға жаңа талаптар қояды. Сондықтан көшенің жарықтандыру желілерін кезең-кезеңімен жаңарту, олардың сенімді жұмысын қамтамасыз ету және жаңа технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстар күн тәртібінен түспек емес.
Көшені жарықтандыру саласындағы көрсеткіштер қаншалықты жоғары болғанымен, тұрғындар үшін ең басты өлшем – күнделікті өмірдегі нақты нәтиже. Яғни кешкі уақытта көшелердің жарық болуы, ақаулардың дер кезінде қалпына келтірілуі және қараңғы учаскелердің болмауы. Осы тұрғыдан алғанда жауапты мекемелер үшін басты міндет – тек шамдар санын көбейту емес, жарықтандыру сапасын арттыру. Өйткені қаланың жайлылығы мен қауіпсіздігі көбіне тұрғындардың өз көшесін қаншалықты жарық әрі қолайлы деп бағалауымен өлшенеді.
Қаладағы әрбір жанған шам – тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығының кепілі. Сондықтан да көшенің жарықтандыру жүйесін дамыту шаһар инфрақұрылымын жетілдірудегі маңызды бағыттардың бірі болып қала береді.
Перизат ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!