Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстанның болашағы кімнің қолында?

11.06.2026, 6:40 65

Еліміздің ертеңі туралы сөз қозғалғанда, көп адам бірден «жастар» дейді. Бұл сөзді жиі еститініміз сонша, кейде оның салмағын сезбей қаламыз. Бірақ шынымен ойланып қарасақ, Қазақстанның алдағы өмірі бүгін мектеп партасында отырған, университетте білім алып жүрген, алғашқы жұмысын бастап жатқан жастарға  тікелей  байланысты.

Менің ойымша, білімді жас деген тек жақсы баға алатын оқушы емес. Ол – айнала­сына сұрақ қоя білетін, көрген нәрсесін жай қабылдай салмайтын, өзіне де, қоғамға да пайдалы болуға тырысатын адам. Қазір өмір бұрынғыдан жылдам өзгеріп жатыр. Бір мамандық ертең керек болмай қалуы мүмкін, ал жаңа салаға бейімделу үшін адам үнемі ізденуі керек. Сондықтан білім тек диплом үшін емес, өмірде адаспау үшін қажет.

Қазақстанда оқуға мүмкіндік бар. Мектеп тегін, грант бар, түрлі бағдарлама бар. Бірақ барлық оқушының жағдайы бірдей деп айту қиын. Ауылдағы кейбір балалар қосым­ша курсқа бара алмайды, интернеті әлсіз жерлер де кездеседі. Қаладағы оқушыға қолжетімді нәрсе ауылдағы бала үшін арман болып қалмауы керек. Егер ел болашағын жастармен байланыстырсақ, сол жастардың бәріне бірдей мүмкіндік берілуі тиіс.

Бүгінгі оқушының қолында телефон бар, интернет бар. Бірақ ақпарат көп болған сайын таңдау да қиындайды. Бірі пайдалы сабақ көреді, бірі уақытын бос нәрсеге жұмсайды. Осы жерде әр жас өзіне сұрақ қоюы керек. Мен бұл білімді не үшін алып жүрмін? Ертең өзіме, отбасыма, еліме қандай пайда тигізе аламын? Осындай сұрақтар адамның бағытын  айқындайды.

Білімді жастар елге тек экономика арқылы ғана пайда әкелмейді. Олар әділетсіздікке көз жұма қарамайды, өз құқығын біледі, мәдениетін ұмытпайды, тілін құрметтейді. Қазақтың өнерін, тарихын, салтын бүгінгі заманға сай таныта алатын да – осы жастар. Біреуі IT саласында жаңа бағдарлама жасаса, біреуі ауыл шаруашылығына жаңа әдіс енгіз­уі  мүмкін. Енді бірі мұғалім болып, келесі буынға жол көрсетеді.

Мен жастарға сену дегенді құр сөз ретінде қабылдамаймын. Сеніммен бірге жауапкершілік те жүреді. Жастарға жағдай жасалса, олар да өз еңбегімен соған жауап беруі керек. Сабаққа салғырт қарап, кейін елден үлкен өзгеріс күту дұрыс емес. Әр адам өзінен бастаса  ғана  орта  өзгереді.

Қазақстанның болашағы – білімді, еңбекқор, ойы ашық жастардың қолында. Бірақ сол болашақ өздігінен келмейді. Ол күн сайынғы ізденістен, оқылған кітаптан, дұрыс қойылған мақсаттан, кішкентай болса да жасалған пайдалы істен басталады. Мен үшін нағыз білімді жас – елден кетуді ғана ойлайтын адам емес, қай жерде жүрсе де, туған жеріне пайдасын  тигізуді  ойлайтын  азамат.

Нұркемел АЙДЫНҰЛЫ,

«Сыр жұлдыздары» шығармашылық инновация академиясы

«Жас тілші» үйірмесінің оқушысы,

Қызылорда  қаласы

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: