Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Арал ауданының әлеуметтік-экономикалық даму бағдары пысықталды

06.06.2026, 14:18 71

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Арал ауданына жұмыс сапары аясында «Руханият орталығында» аудан активімен кездесті. Онда өңірдің, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағдары мен алдағы міндеттер талқыланды.

Мемлекет басшысы Қызылордадағы Ұлттық құрылтайда жылдар бойы атқарылған жұмыс нәтижесінде Кіші Арал теңізінің қалпына келе бастағанын айрықша атап өтті.

Сонымен бірге «Бейнеу – Сексеуіл» бағыты бойынша жол құрылысының биыл басталатынын, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің Қызылорда – Ақтөбе бағытындағы бөлігін төрт жолаққа кеңейту жобасы қолға алынатынын айтты.

Ерекше атап өту қажет, «Бейнеу – Сексеуіл» автожолының жалпы ұзындығы 559 шақырым, оның 189 шақырымы Арал ауданының Сексеуіл, Қосаман, Ақеспе, Ақбасты және Құланды елді мекендері арқылы өтеді.

Аймақ басшысы ауданның туристік әлеуетін тиімді пайдалану және оны нақты жобаға айналдыру қажеттігіне тоқталды. Туристерге қолайлы орта қалыптастыру, сервистік қызмет сапасын арттыру, кәсіпкерлерді осы салаға тарту және қызмет көрсету мәдениетін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру керек.

Соңғы төрт жылда барлық ауданда жаңадан 1 800-ге жуық, Арал ауданында 310 пәтер пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысы биыл да жалғасады. Осыған байланысты құрылыс сапасына қатаң бақылау жүргізу және дайындықты уақытылы ұйымдастыру тапсырылды.

Ауданды газдандыру деңгейі 72 пайыз, Арал қаласы, Сексеуіл және Жақсықылыш кенттері, Қамыстыбас және Аққұм ауылдық округтеріне табиғи газ қосылған. Қалған елді мекендерге газ жеткізуді кезең-кезеңімен жалғастырып, тиісті шаралар қабылдау міндеттелді.

Аймақ басшысы актив отырысынан кейін аудан тұрғындарын жеке қабылдады.
Қабылдауда Арал қаласында ақпан айынан бері табиғи газ төлемінің артық есептелуіне қатысты мәселе көтерілді. Бұл тұтынушылар наразылығын туғызған.

Аталған мәселеге қатысты Арал ауданының әкімдігі мен «РЦКУ-Қызылорда» ЖШС өкілдері түсіндірме берді. Олардың айтуынша, газ төлемі есептегіш құралдардың нақты көрсеткіштері негізінде есептеледі. Ал көрсеткіштер уақытылы ұсынылмаған немесе есептегіштің тексеру мерзімі өтіп кеткен жағдайда, төлем қолданыстағы нормативтерге сәйкес жүргізіледі.

Сондай-ақ тұрғындарға есептегіш құралдарының тексеру мерзімін бақылауда ұстап, көрсеткіштерді уақытылы жолдау қажеттігі түсіндірілді. Есептегіш тексеріліп, нәтижесі дұрыс болса заңнамаға сәйкес қайта есептелуі мүмкін.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: